Туған жерді сүю – оның ауасын, қырын, белін, адамын жақсы көру болса, біз оған газетін де оқу дегенді қосар едік. Шынын айту керек, «Сырым елі» газеті мен оқырмандарды бір-біріне байлап тұрған алтын жіп – елге деген махаббат қой.
Асқақ Алатаудың етегіндегі мың бояулы Алматы қаласында жүрсе де өлеңтілік Бауыржан Мүтиев туған ауылын бір сәт есінен шығарған емес. Міне, мерзімді баспа беттеріне жазылу науқанында Сырым ауданының төл басылымы – «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетін қолдап, 10 ауылдасын аудан айнасына өз қаражатынан жаздырып отыр.
– «Әкем кіндік кескен жер, анам кірін жуған жер» - дегендей, Сырым даласы – бәріміздің кіші Отанымыз. Ауылымызда әкеміз бен анамыздың ізі, біздің балалық бал күндеріміз қалды. Елге сәлем болсын деп, ата – анамның замандастарының шаңырақтарына «Сырым елі» газетін шын жүректен жолдаймын,- дейді ол.
Бауыржан Мүтиев бүгінде мегаполисте «ЕхроMasters» жарнама агенттігінің жұмысын жүргізуде. Жарнама, сыртқы көрнекілікпен шұғылданатын агенттік кейінгі кездері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысатын мемлекеттік шараларды безендірумен де айналысып жүр. Ұлттық домбыра күні, Ұлытаудағы ұлт құрылтайы, мемлекет басшысының өңірлердегі сапарлары – Бауыржан мен оның командасының сапалы жұмыстары арқасында сәнді, салтанатты. Жерлесіміз жуырда Астана қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінің ұйымдастыру жұмыстарына араласып, 27 мемлекеттің басшысы бас қосқан жиынның куәгері болды.
Тоқаевпен «бірге жүретін» Бауыржанның еңбегіне жеміс тілейміз.
Бауыржан Ширмединұлы ,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz