2.07.2020, 11:15
Оқылды: 53

«Тоқалдан туған» көше

Аудан айнасы соңғы нөмірлерде аудан орталығының қазіргі бейнесі туралы біраз сыни мақалалар жариялады. Ол халық тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Аудан орталығының таза әрі әсем, өзге ауылдарға үлгі болуы аса маңызды. Федоров ауылы турасында мақала жарияланған сайын жаңа фактілер мен оқиғалар көрініс беріп жатыр.

A371842D-9FE1-4F73-8CF0-ABE9400394F4

Аудандық газетке Теректі ауданы Федоров ауылындағы 8 наурыз көшесінің тұрғыны Қаламқас Исмагулова хабарласып, аталған көшеге «қонаққа» шақырды. Тұрғынның айтуынша, орталықтағы ең шеткері жатқан көшенің жағдайы мүшкіл екен. Бақандай жеті жылдан бері көше бойына шам орнату мәселесі сол ашық күйінде тұр. Жол былай тұрсын, көшеде бір қоқыс жәшігі жоқ. Жауынды күні көше жолымен көлік жүрмейді. «Бауырмал»  топырақ аяғыңнан жібермей, ығырды шығарады-мыс. Ауыл ішіндегі жолаушылар таситын автобус бұл көшені айналып өтеді. Мектеп оқушылары екі көше әрі жатқан аялдамаға барып автобусқа отырса, мектептен қайтқанда қараңғы көше бойлап үйге жетеді екен.

E1A0909D-24DF-41A1-819F-C2316E36F5D7

- Жеті жылдан бері мен көшеге тым болмағанда бір жарықшам қойдыра алмай келемін. Түзу жолды армандамаймыз. Бірақ үлкендер бар, балалар бар, солардың қауіпсіздігі үшін көшенің бергі беті мен арғы бетіне шам орнатуға болады ғой. Мен округ әкімдігіне талай мәрте бардым. Ол мені аудандық электр торабы мекемесіне жолдайды. Оған бардым. Ол біздің міндетімізге жатпайды деп шығарып салады. Сол екі ортада сенделіп жүрміз. Басқа көшелерге көз тастасаң, жап-жарық болып тұрады. Біз қараңғылықтың құрсауынан шыға алмай тұрмыз. Қыс мезгілінде мектеп оқушысы үйін таба алмай, қараңғы көшеге баса сұға алмай тұрған жерінен тұрғындар танып, баланы үйіне жеткіздік,- деп ашынады Қаламқас Исмагулова көше бойында журналистермен кездесіп.

D09DBEE5-472E-4E13-B94A-78FF41BF8312

Аудандық газеттің журналистерін көріп, көшенің тұрғындары жаймен жинала бастады. Округте қанша әкім ауысса да көше шамын сұрап барған халыққа айтары «иә, орнатамыз» деген құр сөз ғана. Жеті жылда орталықта екі әкім ауысып, үшіншісі келді. Бірақ 8 наурыз көшесін ешкім байқағысы келмейді.

- Мен қазіргі әкімге бірнеше рет айттым. «Апа, күтіңіз» дегеннен басқа мардымды жауап бере алмайды. Өздеріңіз көріп тұрған жалғыз жарықшам бірде сығырайып жанса, бірде мүлдем жанбайды. Оны тексеріп, қадағалап жатқан әкімдік жоқ. Біз көшемізден округ әкімін көрмейміз де. Қоқыс жәшігін орнатуға келісімшарт жасауға дайынбыз дедік. Ол жағы да ескерілмеген. Аудан әкімінің де қабылдауында болдық. Енді не істейміз, соны білмей далмыз,-дейді «тоқалдан туған» көшенің тұрғыны Гүлзипа Сагубаева.

Көше тұрғындарының базынасын толықтай естіп, жағдайды көзбен көрдік. Содан соң округ әкімі Әсет Аубакировке (суретте) екі мәрте телефон шалып, тілдесе алмадық. Әлеуметтік желінің дамыған заманы ғой. Бәріне белгілі whatsapp желісінен таптық әкімді.

26D78775-B76C-4E0E-B04C-D7353C3F6B6E

- Аталмыш мәселеден хабардармын. 8 наурыз көшесінде жарықшам бар. Рабочая, Жағалау, Бейбітшілік көшелеріне көше шамдарын орнату үшін тиісті құжаттар дайындалды. Бюджетте үнемделген қаржыға тағы қосымша шамдар орнатамыз деп жоспарлап отырмыз. Федоров ауылындағы 40 көшеге 140 қоқыс жәшігі қазіргі таңда орнатылған,- деп қысқа қайырды округ әкімі.

Қызықты қараңыз. Халық көшеге шам керек деп зар қағып жүрсе,  әкім ол көшеде шам бар деп отыр. Кімге сенеміз? Әкімге ме, халыққа ма, әлде жоқ екенін көрген көзімізге ме?

Одан соң Теректі аудандық электр торабы мекемесінің басшысы Мұрат Галиевке (суретте) хабарластық. Ол көшелерге шам орнату қызметтеріне кірмейтінін алға тартып, тек оқыс жағдай болғанда жөндеп, орнатылған шамдарға қызмет көрсетуге болатындығын айтты.

D3886B44-E96B-4607-B808-B972F7DE8653

Басшылардан қайран болмағасын халық амалсыз журналистерге жүгініп отыр. Шарасыздық деген, міне, осы. Әрине, аудан орталығында жұмыс «нөл» деп баға беруге тағы болмайды. Газет бетіндегі сыни мақаланы дұрыс қабылдаған округ әкімдігі үйілген арамшөпті де, құлаған ағашты да, жалбыраған жарнаманы да ретке келтірді. Абаттандыру жұмыстарына қарқын қосылды. Бірақ сенім артқан халықтың үмітін аудандық газет те ақтауы керек. Әйтпесе, әкімнің жеке басына тиісу, не болмаса құр тоқпақтай беру – журналистің миссиясы емес. Округ әкімі жоққа шығарса да, мәселе бар. Халық наразы. 8 наурыз көшесі тұрғындарының жанайқайы тиісті жерге жетеді деп сенеміз.

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале