23.12.2021, 21:07
Оқылды: 44

Төрімізде Тәуелсіздік құрдастары

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясының мүшелері, облыстық мәслихат депутаты Исатай Ғабдуллин  мен Бөкей ордасы аудандық мәслихаты депутаты Айбарша Бейісованың бастамасымен Бөрлі  ауылдық мәдениет үйінде 1991 жылы дүние есігін ашқан бөрлілік "Тәуелсіздік құрдастарымен" дөңгелек үстел үстінде кездесті.

8318B29E-D8EF-438C-8DA6-BEABEE79C47B

Ұлық мерекенің құрметіне мемлекеттік гимн ойнатылып, мәдениет үйі қызметкерлері Тәуелсіздік тарихынан баяндама жасады. Депутаттар жас толқынға егемендік қалай келгенін өз тәжірибелері негізінде әңгімелеп, қалыптасқан  көзқарасын ортаға салса, бұл күнде отызға жеткен тәуелсіздік құрдастары егемендікті қалай көріп, қалай ұғынатынын айтты.

М.Бегалиева атындағы орта мектептің түлектерінің арасында осалы жоқ екен. Алды елімізге танымал журналист Нартай Сәрсенғалиев болса, оның ауылдағы құрдастары да бірі өз шаруаларын дөңгелетіп, енді бірі ұстаздық етіп жүрген, қазірдің өзінде 4-5 баланың ата-анасы атанған азаматтар. Шара барысында бөрлілік тәуелсіздік құрдастары туралы бейнебаян көрсетіліп, жетістіктері паш етілді. Айбарша Сырымқызы арнайы тренинг өткізіп, қызықты интеллектуалды ойындар ойнатты. Ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункт меңгерушісі Еркін Ишанов жиналғандарды  мемлекеттік мерекемен құттықтаса, мәдениет үйі директоры Айнұр Әбдірешова желтоқсаншыларды да ұмыт қалдырмай, Мұхтар Шахановтың "Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы" өлеңін оқыды. Тақырыптық әндер шырқалып, би де биленді.

Депутаттар барлық қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, алғысхаттар мен арнайы сыйлықтарын табыстады.

Өз тілшіміз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале