7.09.2023, 14:30
Оқылды: 19

«Торқалы тойға тастүйін дайынбыз» – Бауыржан Айтмағамбетов

Биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Тасқала ауданы жыл өткен сайын жайнап, жасарып келеді. Біраз жұмыс іске асырылды. Жүйелі жасалған жоспардың арқасында қолға алынған ауқымды іс-шаралар жалғасын табуда. Бұл жөнінде аудандық газет тілшілері өз оқырманын үнемі хабардар етіп отыр.

8530AC3F-629E-480B-AD8D-D79DB10D4C87

Санаулы күннен соң мерейтойға орай дала қызықтары да өтеді. Осыған орай аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетовке жолығып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде сұхбаттасқан едік. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан сұхбат беруге келіскен аудан әкімі біраз жақсы жаңалықпен бөлісті.

– Бауыржан Есқайырұлы, биыл ауданның мерейтойы. Тоқсан жыл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде ауданның қарыштап дамуына біраз адам үлес қосты. Мерейтойға орай қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Иә, биыл тасқалалықтар үшін ерекше жыл. Өйткені ауданымызға тоқсан жыл толып отыр. Өзіңіз айтып өткендей, осы уақыт аралығында көптеген адам аудан экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосты. Диқаншылар қырманға тонналап дән өткізсе, малшылар мал басын көбейтуге атсалысты. Адам денсаулығына араша тұрар ақ халаттылар мен балаларды білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымының да еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес. Кеңес кезеңінде қара жұмыстың жүгін мойымай көтерген ата-әжелеріміз бен менің алдымда осы ауданға басшылық жасап кеткен аға буын өкілдерінің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бүгінде әр басшының өзі қызмет атқарған жылдарда қалдырған қолтаңбасы әлі күнге дейін тайға таңба басқандай. Сондықтан ешкімді бөліп жармай, бұл мерейтойда осы ауданда қызмет еткен кез келген адамның еңбегі бар деп есептеймін. Қазіргі таңда аудан орталығын безендіру, тазалық, жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алыс-жақыннан қонақтар келетін болғаннан кейін тазалық басты назарда болуы керек. Сол себепті тұрғындарға да өз үйінің айналасын жиыстырып, тазалау жөнінде түсінік жұмысы жүргізілуде. Бұл – жыл бойы істелетін жұмыс. Алда жоспар көп.

3B8BDF69-6176-49B5-9ECB-6FA4952D98DC

– «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деген. Мерейтойға арналған мәдени іс-шаралар жөнінде айтып өтсеңіз?

– Ауданның тойы – елдің тойы. Сондықтан оны өткізуге арналған дайындық жұмысын былтыр бастадық. Іс-шараны есте қаларлықтай етіп ұйымдастыру үшін алдымен үлкен жоспар құрдық. Қазір сол жоспарға сәйкес жыл басынан бері ауқымды жұмыс жүргізілуде. Дәлірек айтсақ, ең алғашқысы – ауылдық округтер арасында ұйымдастырылған «Туған жер – тұнған шежіре» атты өнер фестивалі. Аталмыш фестиваль бір кездері аудан орталығы болған қасиетті Шежін ауылынан бастау алды. Одан кейін Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында облыс бойынша алғаш болып «Туған жерім – тұғырым» атты аудан көркемөнерпаздарының күшімен мерекелік концерт бердік. Оған облыстың түкпір-түкпірінде тұрып жатқан барлық жерлесімізді арнайы шақырдық. Көрісу айтымен тұспа-тұс келген бұл күні олар бірін бірі көріп, мәре-сәре болды. Шыны керек, концерт жоғары деңгейде өтті. Оны тамашалауға келген халықтың көптігі соншалық, концертті түрегеліп тұрып көрді. Бұл әрине, әрбір тасқалалықтың туған жерге деген құрметі деп білеміз. Одан бөлек 90 жылдық аясында жерлесіміз Қанатқали Қожақов пен Донеділ Қажымовтың концерті барлық ауылдық округте болып, аудан орталығында нүктесі қойылды. Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова да концерт берді. Күні кеше ғана дүйім жұртты елең еткізген үлкен айтыс өтті. Ол да осы мерейтой қарсаңында арнайы ұйымдастырылған үлкен іс-шараның бірі. Ауданның атымтай жомарттарының демеушілігімен 12 ақын бас қосқан айтыс көрерменге үлкен әсер сыйлады. Аудан тұрғындары көгілдір экранның арғы жағынан көріп, сүбелі сөздеріне тәнті болып жүрген атақты ақындарымызбен бетпе бет кездесіп, айтыс аламанын Тасқала жерінде тыңдаудың өзі бір бақыт деп есептеймін. Болашақта Тасқалаға қатысты өлеңдер жинағын шығаруды жоспарлап отырмыз. Тарихшылардың басын қосқан үлкен конференция өтті. Мұның мақсаты – аудан тарихын терең зерттеу. Археологиялық зерттеу жұмысы да жоспарда тұр. Бірақ қаражат жетіспеушілігінен ол келер жылдың еншісіне қалды. Одан бөлек ауданның 90 жылдығына орай журналистер арасында облыстық пресс-тур ұйымдастырылып, әр ауданның газетінде Тасқаланың тарихы туралы мақалалар жарық көрді.

8607F590-6A81-4173-9F0B-785A3CC39E5D

– Жоғарыда өзіңіз 90 жылдыққа орай жүйелі жоспар жасалды деп айтып өттіңіз. Сол жоспарда спорттық іс-шараларға көңіл бөлінді ме?

– Әрине, ол міндетті түрде. Себебі спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан спорттық іс-шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Облысымыздағы ең биік нүкте – Ешкітаудың баурайында ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі «TASQALA TRAIL RUN – 2023» тау марафонын ерекше атап өтуге болады. Болашақта бұл марафонды көшпелі түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мұндағы мақсат – ауданымыздың тарихи жерлерін халыққа кеңінен насихаттау. Сонымен қатар Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз С.Жақсығұлов атындағы жасөспірімдер арасындағы турнирді қайтадан қолға алып жатырмыз. Олалдағы күндері өтетін дала қызықтарында жалғасын табады.

– Бауыржан Есқайырұлы, санаулы күннен соң ауданның 90 жылдығына орай дала қызықтары өтеді деп жоспарланып отыр. Осы жөнінде өз аузыңыздан естісек?

– Иә, қыркүйектің 16-сы күні дала қызықтары өтеді. Мұнда тай жарысы, құнан, топ бәйге және аламан бәйге бойынша аттар сынға түседі. Бас жүлдеге автокөлік тігіп отырмыз. Қалғандарына қаржылай сыйлық тапсырылмақ. Одан бөлек халықаралық деңгейде күрес ұйымдастырылып, палуандар бозкілемде бақ сынайды. Бас жүлде алған палуан жеңіл автокөлікке ие болады. Іс-шараның жалғасы кешкісін «Жастар» стадионында жалғасады. Оған Ернар Айдар мен Ақбота Керімбекова сынды эстрада жұлдыздары қатысып, тұрғындарға ән кешін сыйлайды. Салтанатты іс-шарада аудан экономикасының дамуына үлес қосқан біраз азаматқа «Ауданның құрметті азаматы» деген атақ беріледі. Сонымен қоса бірнеше тұлғаға Құрмет грамоталары мен мерекелік медальдар және алғысхаттар табысталмақ. Бұл күні киіз үй байқауы өтеді. Ең үздік деген киіз үй әділқазылар алқасының шешімімен қомақты қаражатқа қол жеткізетін болады.

– Бауыржан Есқайырұлы, бұдан басқа тағы қандай жұмыс атқарылып жатыр?

– Бұл енді 90 жылдыққа байланысты болмас. Дегенмен мерейтоймен тұспа-тұс жасалып жатқан жұмыстар бар. Соның бірі – жол жөндеу жұмыстары. Қазіргі таңда Достық, Ақтау, Атамекен, Бірлік ауылдарының кіреберіс жолдары толықтай аяқталды. Бір қуантарлығы, Оян ауылы жолының құрылысы басталды. Жартысына жуық жұмыс істелді. Бұл көптен күткен 90 жылдық қарсаңында ауыз толтырып айтуға тұрарлық іс деп есептеймін. Мерей ауылындағы ішкі жолдар да жөнделіп жатыр. Ақтау ауылында да биыл жол жөндеу жұмысын көшпелі әдіспен бастап, келесі жылы аяқтаймыз деп отырмыз. Мұның барлығы халықтың көз алдында жүріп жатыр. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасын тауып, жанданды. Бұйырса, келесі жылы қолданысқа берілмек. Мұражай құрылысы да қолға алынды. Сонымен қатар биыл Мерей ауылында мәдени-сауықтыру орталығының құрылысы аяқталады. Мерей, Амангелді орта мектептері күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Мерейтой қарсаңында «Ардагерлер үйін» ашуды жоспарлап отырмыз. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша да айтып өтейін. Қазірдің өзінде 32 адам сүтті сиыр алу бизнесін дамыту бағытында 226 млн теңге қаражат алып, жұмысын бастап кетті. Бұдан басқа да жұмыстар өз кезегімен жалғасуда.

7CD2D1A0-452A-4043-B10B-CAF78B928AD5

– Сөз соңында оқырмандарға айтар тілегіңіз?

– Барша тасқалалықты ауданның 90 жылдығымен құттықтаймын. Тарихы тереңде жатқан ауданымыз күннен-күнге жайнап, өркендей берсін. Барша тұрғынға денсаулық пен отбасы бақытын тілеймін. Алдағы үлкен тойымызды абыроймен атқарып шығуға бұйыртсын. Жемісті де жеңісті жыл болсын!

– Бауыржан Есқайырұлы, тілегіңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Назгүл Серікқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале