29.08.2024, 10:45
Оқылды: 225

Торыатбасы ауылында тағылымды іс жасалды

Туған жермен тылсым байланыс кім-кімде де бар, жүрегіңмен сезесің, санаңмен түйсінесің. Өзің өскен ауыл қанша алыс қалсада, қанша жылдар өтіп кетседе көңіліңді алаңдатып, бүйрегіңді бүлкілдетіп тұратын қасиеті бар.

442D071B-FE4E-4B6A-A1E7-E2058A1B8ABD

Уақыт көші, замана желімен қалаға көшкен, орталықтарға орналасқан талай қазақтың ауылын ойлағанда көзі де, көңілі де мөлдірейтініне сенімім кәміл.

Жуырда Шыңғырлау ауданы Торыатбасы тауының баурайындағы елдімекенге баяғы марксизмдік ауылдастар жиналды. Жай ғана жиналмады, көзкөргендер шұрқыраса табысып, өткенді еске алысып, өтіп кеткен бұрынғылардың рухына тағзым етіп ас берді, дұға бағыштап бет сипасты.

Байқап отырсам, руханияттың өзі осы екен, бүгінгіге – үлгі, бұрынғыға – құрмет.

Кеңес кезінде Марксизм аталып, Тәуелсіздікпен бірге Торыатбасы ауылы боп атын алған ауылдың тарихы тереңде. Әріде, күллі қазақтың кемеңгері атанған Асан-Қайғы бабамызға мекен болған бұл араның Мұрын жыраудан жеткен батырлық жыр-эпостарда аты жиі аталып отырады. Кеңес дәуірінде де мыңғыртып мал, жайқалтып егін өсірген өңірдің тұрғындары ауылымен әлі мақтанады.

«Салахаддин шәрі» аталған бағзы заманда дін мен киенің ордасы бопты бұл мекен, сауда гүлдеген, ақша шығарылған өркениеті бар қала болды делінеді бір деректерде.  

Қалай дегенде де тарихы ертеден ауызға ілінген өлке. Бүгінде ауыл орнын ұстап қалған бірер отбасы үлкен шаруашылық өрбітіп отыр. Жан-жаққа кеткен ауыл тұрғындары ақылдаса отырып, қаржы жинап бас қосты кешегіде. Құрбандыққа мал жығып, ас берді.

Бір кездері ауылдың шөлін қандырған, арудың жанарындай қайнардың көзі – «Мибұлақ» бұлағын тазартып, айналасын темір қоршаумен қоршап, ізгі амалдың тағы бірі жасалды осы басқосуда.

Суы тіс жарса да жанға жылылық құйған бұлақ басында көптеген естелік айтылып, осы ауылдан өскендердің өткен шақтары жайында сыр тарқатылды.  

Көптің көңілінен шыққан игі шараға жиылған барша ауылдастар туған мекеннің топырағына бір-бір аунап, көздері мөлдірей аттанды. Ал, көңілдерінде:

Ауыл дегенің адамның бағы демес пе,

Ауыл дегенің бақмекен қырда, белесте.

Жаның жадырап, жайлылық құйған бойыңа,

Ауыл дегенің жердегі жұмақ емес пе?!, - деген жыр шумағы атой салып бара жатты.

Сансызбай Сұлтанғалиев

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале