20.10.2020, 15:23
Оқылды: 88

"Туады ерлер ел үшін..."

1918 жылдан бастау алған өрт сөндіру бөлімінің ел амандығы үшін аянбай тер төгіп келе жатқанына бір ғасырдан астам уақыт өтті. Осынша жыл ішінде халық пен мемлекеттің мүліктерін өрттен сақтау мақсатындағы жұмыстары ел есінде. Орасан зор, аса қауіпті саналатын өрт қауіптілігін жою және адам өмірін сақтап қалу мақсатында құрылған аудандық №15-ші Өрт сөндіру бекеті және Тасқала аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері төл мерекелерін атап өтпекші.

111

Осыған орай 1961 жылы ауданда дербес әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімі ашылған болатын. Осы кезеңдерде өрт сөндіру саласында қызмет атқаратын кадр жетіспеушілігі қатты байқалып тұратын. Ол кездерде өрт сөндіру бөлімі облыстық ішкі істер басқармасына қарайтын. Өрт сөндірушілер өз қызметтерінен бөлек ішкі істер бөлімі қызметін де қоса атқарды. Атап айтар болсақ, көше және жол қауіпсіздігі, қылмысты іздестіру бөлімі жұмыстары да оларға жүктелетін. Осындай істердің барлығынан да шет қалмай, өз анттарына берік екендіктерін көрсете білді.

1984 жылы комсомолдық жолдамамен өрт сөндіру бөліміне жаңа қызметкерлер келе бастады. Солардың ішінде облыстық ішкі істер басқармасы өрт сөндіру бөлімі басшысының бұйрығымен Орал қаласының №27 өрт сөндіру бөліміне қызметке келген Берік Мамбетов аз уақыт ішінде өз ісінің нағыз шебері екенін көрсете білді. Ол 1985-1987 жылдары Алматы қаласындағы өрт сөндіру техникумын бітірді. Оқудан соң 1987-1988 жылдар аралығында Ақсай қаласындағы №142 өрт сөндіру бөлімінде карауыл басшысы болып жұмыс атқарды. 1988 жылдан 1992 жылға дейін Ташкент қаласындағы Жоғары инженерлік өрт техникалық мектебін бітірді.

1992 жылдан 2001 жылға дейін Батыс Қазақстан облысында әртүрлі лауазымды қызметтерді атқарды. 2002 жылы Тасқала аудандық №13 өрт сөндіру бекетінің, 2005-2010 жылға дейін Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы болып қызмет етті. Содан 2010 жылдың шілде айына дейін осы қызметті абыройлы атқарып, құрметті еңбек демалысына шықты. Ұзақ жылғы қызметтері орынды бағаланып, ішкі істер және төтенше жағдайлар министрлігінің «өз ісінің шебері» төсбелгісін иеленді. Бірнеше мақтау грамоталары және І, ІІ, ІІІ дәрежелі медальдарымен, сондай-ақ «Еселі еңбегі үшін» және де «ҚР ТЖМ-нің құрметті ардагері» медальдарымен марапатталды. Бұл күнде еңбек демалысында жүрсе де өзі еңбек еткен саласында, яғни Ақсай қаласындағы «Өрт сөндіруші» Акционерлік қоғамында өрт қауіпсіздігі нұсқаушысы болып еңбек етуде.

Б.Мамбетов – Тасқала ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі (2005-2010 жылдар аралығында).

Отбасында бір қыз, бір ұлдың әкесі. Сөз соңында еңбек ардагері Берік Иманғалиұлын және барлық төтенше жағдайлар қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс, жанұяларына бақыт-береке тілеп, ел үшін еткен еңбектеріңіз жана берсін демекпіз!

М.Тұрарбеков,

аудандық ТЖ бөлімінің инженері,

азаматтық қорғау аға лейтенанты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале