27.05.2022, 10:15
Оқылды: 103

Туған жер төсіндегі той

Қаратөбе ауданының Қарақамыс ауылындағы Б.Қаратаев атындағы орта мектептің 2002 жылғы түлектері мектеп қабырғасынан түлеп ұшқандарына 20 жыл толуына орай ауылдастарына үлкен сый жасады.

IMG-20220526-WA0079

Әр адамның туған жері өзіне жұмақ мекен, киелі топырақ. Сол өсіп-өнген жерге тағзым жасап, туған өлкенің абыз ақсақалдары мен ақ жаулықты ардақты аналардың ақ батасын алу – бір ғанибет. Атақты сал Мұхит шыққан қасиетті мекеннен мектепті 2002 жылы бітірген түлектер өздерінің 20 жылдан кейінгі кездесулерінде жақсы бір іске мұрындық болды.

IMG-20220526-WA0082

Түлектер алдымен алтын ұя мектебіндегі соңғы қоңырау шарасына қатысып, ұстаздарына алғыс білдіріп, мектептің акт залына қажетті жабдықтар мен күрес үйірмесіне қатысатын жас палуандарға спорттық киім сыйлады. Осы орайда түлектердің мектеп ауласының «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ниетпен 50 түп жеміс ағаштарының көшеттерін егуге де қолғабыс жасағанын айта кеткен жөн.

IMG-20220526-WA0083

Соңғы қоңырау шарасынан кейін ұлттық спортымызды дәріптеу мақсатында ауыл жанындағы ат жарыс алаңында тай жарыс, аламан бәйге, арқан тартыс, жаяу марафон мен шағын футболдан жарыс ұйымдастырды.

IMG-20220526-WA0077

Ауыл маңын дүбірлеткен дала қызықтары тай жарысымен басталды. Он тай қатысқан тай жарысында Ақжайық ауданынан қатысқан Төлеген Жеңістің «Байқасқа» атты тайы дара келіп, І орынға тігілген 30 мың теңгені иемденді. Сырым ауданынан қатысқан Қайыржан Әспенбеттің «Наурыз» атты тайы екінші келсе, миялылық Қоныс Заңғардың «Ақбақай» атты тайы үшінші орынға тұрақтап, ақшалай 20, 10 мың ақшалай сыйлыққа ие болды.

IMG-20220526-WA0085

Көрермендердің делебесін қоздырған аламан бәйге де басталып, оған 13 тұлпар қатысты. Ауыздығымен алысқан сәйгүліктер 18 шақырымға созылған межені шауып өтіп, кім мықтыны анықтады.

Аламан бәйгеде Соналы ауылынан келген Нұрлан Ғұбайдуллиннің «Тамшы» атты тұлпары қалғандарынан қара үзіп бірінші келді. Екінші болып мәре сызығын қиған көздіқаралық атбегі Мерген Жұмағалидың «Тұмар» атты сәйгүлігі болса, үшінші орынды Базартөбеден келген Құмаров Баймұраттың «Женка» атты жүйрігі иемденді. Жүлделі орындарды иемденген тұлпарлардың иелеріне 150, 100, 50 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді.

Дала қызықтарының көрігін қыздырған қазақ күресіне білекті де жүректі жігіттер қатысып, өзара бақ сынасты. Қазақ күресінен қарсылас шақ келтірмеген Әзілхан Серікқалиев жеңімпаз атанды. Ал арқан тартыс ойынында 1975 жылғы ауыл азаматтары І орынды иемденсе, ауыл жастары арасында оздырылған 3 шақырымдық жаяу марафонда Нұрәлі Асхатұлы жүйріктігімен көзге түсіп, бірінші келді.

Сонымен қатар футболды жанына серік еткен жастар арасында шағын футбол ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Сегіз команда арасында тартысты өткен аяқдопшылар арасында 2003 жылғы ауыл жастарының командасы үлгілі ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі І орынды жеңіп алды.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале