14.06.2023, 17:19
Оқылды: 18

Туған жерге құрметтің көрінісі

 «Туған жердің тоғайы – тынысың, торғайы – туысың» деген екен Қадыр ақын. Елге деген махаббатты мұнан артық қалай суреттеуге болады. Көктерегімен көрікті, жесең аузыңда дәмі қалатын жидегі мен қымыздығы бар, көрген кісіні көркімен тәнті еткен тұмса табиғаты бір бөлек алақандай ғана Қотантал ауылы талай жанның тал бесігі, туып-өскен мекені. Бүгінде ауылдың түтіні сирегенімен, әр қияда жүрген перзенттерінің туған жерге деген махаббаты бір мысқал азайған емес. Оған біз куә болып келеміз.

WhatsApp Image 2023-06-04 at 22.44.03

Күні кеше бірлігі бекем ауыл азаматтарының арқасында Қотанталдың кіреберісіндегі ауыл атауы жазылған тақтайша жаңарып, өзгеше сипатқа ие болды.

Алыстан көз тартып, қол бұлғайтын әсем тақтайша-белгіні орнату барысында ауыл азаматтарының тигізген үлесі өте зор. Тақтайша бір күнде қойылғанымен, оның эскизін жасау, түрлі түске бояу, мұқияттап орнату біраз уақыт алатыны айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Дегенмен біздің елдің жігіттері бұл қиындықты да бірлесе жеңіп, бастан-аяқ қайнаған жұмыстың басы-қасында жүрді.

- Қыс айынан бері қарай жоспарлап жүрген ісіміз жүзеге асып, ерекше қуанып жатырмыз. Бүгінде тұрғыны азайғанымен, ауылымыз біз үшін ерекше ыстық. Себебі, ауыл – біздің балалық шағымыз бен ескірмес естеліктеріміздің куәсі. Осы орайда ауылдың азаматтары, алдыңғы буын ағалар кереберіс тұстағы маңдайшаны жаңаша сипатта жасасақ деген ұсыныс білдірді. Бұл ұсынысты барлығы бір ауыздан қолдап, әркім өзінің қолында бар қаражатын ортақ шотқа жинады. Жиналған қаражатқа керек-жарақтармызды әкеліп, жер аяғы кеңіген уақытта әзірлікке кіріскен болатынбыз. Бүгін сол жұмысымыз аяқталып, мәре-сәре болып жатқан жайымыз бар, - дейді ауыл азаматы Мейірман Мендалиев.

Мақсат орындалып, қолға алған игі іс жүзеге асып болғаннан кейін үлкен іске үлес қосқан ауыл азаматтарына дастархан жайылып, рухани отырыс ұйымдастырылды. Ерекше естеліктер ақтарылып, Ораз ағаның әуезді термесімен тебірене тілек білдірді бас қосқан жерлестер.

 

Самат Байболат,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале