26.05.2026, 13:00
Оқылды: 3

Туған жерге шын жанашыр түлектер көп Ақжайықта

Атамекен. Атақоныс. Туған жер. Мына жалған дүниеге келген мекен әманда ыстық болатыны сөзсіз. Алыста жүрсең де, қайырылып келіп, өскен-ержеткен жеріңнің саф ауасын мейірің қанғанша сіміресің. Туған ауылында қалып, қызмет етіп, еңбегі сіңіп жүргендер қаншама?! Ал осы алтынбесіктің түлектері өз еліне, өз жеріне шын жанашыр болса, көп істің түбі қайырлы, берекелі болады деген сөз.

Соның анық ақиқат екенін Ақжайық ауданының Ақжол ауылдық округінің әр жылғы түлектері ісімен де, сөзімен де дәлелдеп келеді. Мысалы, былтыр олардың бастамашы болуымен округ орталығы Ілбішін ауылында бірқатар ізгі істер атқарылды. Қайта еске салсақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына тағзым еткен түлектер сол сұрапыл соғыс жылдарында майданға осы ауылдан аттанған азаматтарды сапқа тұрғызып, шығарып салған алаңды қайта жаңғыртып, ескерткіш орнатты. Ал 1992 жылы туған азамат пен азаматшалар Ілбішіндегі Зейнел ана мешітін қоршап беріп, сауапты іске үлес қосты.

54

Расын айтсақ, осындай ізгі жақсылықтар жасау Ілбішін жұртының дәстүріне айналғандай. Биыл да Қаршы мектебінің түлектері бір емес, бірнеше игі іске ұйытқы болып отыр. Айталық, 1969, 1984, 1964 жылғы түлектер ауылдың орталық көшелерін өзара бөліп алып, соның бойына жаяу жүргіншілер жолын төсеп берді. Нәтижесі айтарлықтай – 363 метр төсемжол.

36a41291-76ac-427d-bcf0-6303a1bd2cb8 (1)

Ал 1979 жылы туған түлектер балдырғандардың жайын ескеріп, «Еркемай» балабақшасының бір бөлмесін жөндеуге кірісті. Олардан он жас кіші ауылдастары да бастамаға үн қосып, ауыл ішіне көше тренажерлерін орнатты.

Осыдан 10 жыл бұрын мектептен түлеп ұшқандардың алтын ұясына ықыласы алабөтен. Олар білім ордасына терезе жалюзилерін алып берді. Ал биыл мектепті бітіргендеріне 15 жыл толған түлектердің тартуы ерекше – олар 120 орындық киіз үйді толық жабдығымен сатып алып, жерлестеріне сыйға тартты.

Туған жерге шынайы адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрген мұндай істерден ауылдағы шаруа қожалық жетекшілері де қалыс қалып отырған жоқ. Жыл сайын бір жақсылығын ауылға арнайтын «Нығмет» шаруа қожалығының жетекшісі Зәйдөк Өтеғалиев, «Орынғали» шаруа қожалығының жетекшісі Иманмәлік Жұлқашев жоғарыда атап өткен жұмыстарға қаржылай қолдау көрсетсе, ал «Сыйқуат» иелігінің жетекшісі Асхат Омарғалиев электр бағаналарын орнатып, орталық саябақты самаладай жарқыратты.

Ақжол ауылдық округінің әкімі Бекболат Қаленов бұл игі бастамаларға тоқталып:

«Жерлестерімнің осындай шарапатты істерімен мақтанамыз. «Әуелі өзіңнің үйіңе жақ, одан соң ауылыңа жақ, одан соң отан-аймағыңа, одан соң халқыңа жақ» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Бұл өмірде ең дұрыс қызмет – туған мекеннің гүлденуіне үлес қосу. Біздің азаматтар осыны өз істерімен дәлелдеп отыр», – деді.

Әлия Шарапиева, 

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале