Өткен аптада әкімдердің жергілікті халықпен кездесу жиынында Сырым ауданы Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Данял Танзенов ақжолтай жаңалықпен бөліскенін жазған едік.
Ауыл әкімі халықпен кездесуінде "Туған жер" жобасы аясында Талдыбұлақ ауылдық мектебінің 15 жылдық түлектері Жемісгүл Байзуллинаға, 20 жылдық түлектер Чапай Мәулешовке баспана, 10 жылдықтар Ж.Байзуллинаға газ плитасын табыстағалы отырғанын айтқан болатын.
- Соңғы қоңырау салтанатты шарасында жоғарыда аталған мектеп түлектері уәде етілген баспаналардың кілтін, газ плитаны иелеріне табыстады. Одан бөлек, 40 жылдық түлектер 40 түп жеміс ағашын сыйға тартты,- деп сүйінші жаңалықпен бөлісті Данял Жұпмағамбетұлы.
"Адамның кіндік қаны тамған жерге,
Маңдайының тері де таму керек"- деп жерлесіміз, ақын Б.Ширмединұлы жырлағандай тек түлектердің емес, кіндік қаны тамған жеріне жаны ашитын ауыл азаматтарының барлығы дерлік ауылға маңдайы тері тамса нұр үстіне нұр емес пе?!
Иә, аудан бойынша түлектердің жақсылықты жарыса жасап жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Жоғарыда аталған талдыбұлақтық түлектерге ауыл әкімдігі елдің атынан алғысхаттар табыс етіп, ризашылығын білдірді.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz