Бәйтерек ауданына қарасты Янайкин ауылдық округінде орналасқан Талғат Бигелдинов атындағы мектептің 2011 жылғы түлектері мектеп-балабақшасына жаңа ойыншықтар мен қажетті дидактикалық материалдарды сыйға тартты.
Бірнеше жылдан бері балаларға қызмет еткен балабақша кешеніндегі ойыншықтар мен өзге де қажетті материалдардың бүгінде тозығы жеткен. Бұл жайт мектеп басшылығын да алаңдатып жүрген-ді.
Аталған жағдайдан құлағдар болған білім ошағының түлектері олқылық орнын толтырып, бірауыздан мектепке қажетті заттарды сыйлауды ұйғарған.
Белгілі мөлшердегі қаржы жиналған соң түлектер тәрбиешілерден қандай құралдар қажет екендігі жайлы ақпар алып, балабақша бүлдіршіндеріне су жаңа ойыншықтар мен заман талабына сай оқуға мүмкіндік берер дидактикалық материалдар сыйлаған.
Түлектердің тартуына бүлдіршіндер мен ата- аналары да дән риза. Айтуларынша, балалардың балабақша баруға құлшыныстары артқан. Жаңа ойыншықтармен ойнап, жаңа нәрселерді үйрену үшін оқ ордасына жарыса баратын болыпты.
Мектеп ұжымы да түлектерінің игі бастамысына ризашылығын білдіріп алғыстарын айтуда. Білім ошағының басшысы Жасталап Сабировтың айтуынша, бұл түлектерінің алғашқы қуантуы емес екен. Олар бұдан бұрын бірнеше рет білім ордасына көмектесіпті.
-Мектепте туындаған мәселелерді шешуге алғашқылардың бірі болып өзіміздің түлектер келеді. Бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Қазақ бұрыннан «берсең балаға бер» демей ме?. Балапандарымызға үлкен аға- әпкелерінің ісі үлгі. Олардың жарыса «ертең мен өскенде осы кісілер сияқты боламын» дегендерін естудің өзі бақыт, - дейді мектеп басшысы Жасталап Сабиров.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz