25.05.2022, 14:45
Оқылды: 120

Түлектердің тартуы

Биыл Шыңғырлау ауданы Қуағаш орта мектебінің 2002 жылғы түлектерінің мектеп бітіргендеріне 20 жыл толды. Осы орайда мектеп түлектері білім алған ордасына, кіндік қаны тамған туған ауылына қолдау білдіру мақсатында түрлі шараларды ұйымдастырды.

12

Соңғы қоңырау салтанатына қатысқан түлектер ең алдымен алыс-жақыннан келген ұстаздарын құттықтап, жылы лебіздерін білдіргеннен кейін мектепке мұздатқыш сыйға тартты. Бұл 2002 жылғы түлектердің шәкірт ретіндегі шағын сый-сияпаты болса, туған ауылының перзенті ретінде ауылына «Менің жүрегім –  Қарағаш» жазбасын орнатты.

9

«Еліміздің түкпір-түкпірінде осындай мәтінде жазуы бар тақтайшалар орнатылып, сәнге айналғанын көріп жүрміз ғой. Енді, міне, біздің ауылда да осындай әсем дүниенің орнатылғандығына бек қуаныштымыз. Бұл да өз перзенттеріміздің туған жерге деген сүйіспеншілігі мен махаббатының дәлелі болса керек. Ауыл азаматтарының, жалынды жастардың жағымды істері қоғам тарапынан қашан да қолдауға ие болады» деген пікірде ауыл тұрғыны Жантілеш Мұхамбетов.

Сонымен қатар мектеп түлектері осыдан 10 жыл бұрын мектеп маңында өздері отырғызған ағаш аллеясында арнайы тақтайша орнатып, бүгінде жайқалып өскен ағаштардың саясында естелік суретке түсті.

11

Қуағаш негізгі орта мектебінің директоры, осы білім ордасының түлегі Орынбасар Жантұрсынның айтуынша, осындай игі дәстүрді басқа да түлектер жүзеге асырып келеді екен. Мәселен, биыл 25 жыл бұрынғы түлектер 50 түп алма ағашын отырғызыпты. Сонымен қатар, ағаштардың ендігі күтіміне мектеп оқушылары да, қызметкерлері де атсалысады дейді.

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале