27.11.2024, 14:30
Оқылды: 18

Түлектердің жүрегі туған жерге бұрады

Соңғы жылдары мектеп түлектерінің туған жерге ат басын бұрып, оның мұң-мұқтажын шешуге қолдау көрсетіп келе жатқаны сүйінішті. Кіндік қаны тамған жердің болашағын ойлау, кем-кетігін бітістіру кіші отанын сүйген жандардың қолынан келер әрекет.

IMG_3189

Жуырда алыста жатқан Ақтау ауылдық округінде де осындай жұртшылық разы болған жұмыс қолға алынды. Белогор орта мектебін 1989 жылы бітірген мектеп түлектері бірлесіп ауылдағы ауыз суды үнемдеу, шаруашылық бағытындағы суды бау-бақша суғаруға, қосалқы шаруашылықтарға қолжетімді ету мақсатында мектеп жанынан су ұңғымасын қазып берді.

Арнайы техниканы пайдаланып іске кіріскен түлектер жұмыстың тиянақты аяқталуына бас-көз болды.

«Біздер мектеп бітірген түлектеріміздің шағын ауыл мектебіне деген қамқорлықтарын сезініп келеміз. Осыған дейін мектебімізге тоңазытқыш, басқа да керек-жарақтарды сыйлаған, мектеп дәлізін заманауи, ұлттық нақышта безендіріп берген мектеп бітірушілер де болды. Ал 1967 жылғы мектеп түлектері білім ошағындағы акт залға жөндеу жұмыстарын жасап беріп қуантты. Енді міне, кезекті түлектер де өз тартуларын жасап жатыр, ауыл халқы да, мектеп ұжымы да оларға дән разы»дейді Ақтау ауылының негізгі білім беретін орта мектебінің директоры Азамат Әділбекұлы.

Иә, жақсы істің бастауында аға буын жүрсе, үлкендерден үлгі алған бүгінгі ұрпақ та туған жерім деп жүрегі езіліп тұрарына шек келтірмейміз.                                                                       

Гүлшат Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале