16.11.2022, 12:01
Оқылды: 39

Тұңғыш рет тойланған кәсіби мереке

Жуырда 10 қараша - Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні болып ресми түрде бекітілді.

14

Жаңа кәсіби мерекені бекітуге сала қызметкерлерін қолдау мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бастамашы болды. Бүгінде бұл саладағы қызметкерлердің жалпы саны 155 мыңнан асады.

Цифрлық трансформация - қоғамның өмір сүру сапасын жақсартатын, еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың бірі. Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.

Биыл Қазақстан БҰҰ электрондық үкіметті дамыту жөніндегі рейтингінде (UN Global e-Government Development Index) 193 мемлекеттің ішінде 28-орынды иеленді. Ал «Онлайн-қызметтер сапасының индексі» бойынша еліміз 8-орында.

Осынау айтулы күнге арналған салтанатты шараға қатысқан ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ІТ мамандарының кәсіби мерекесі ретінде неге 10 қараша таңдалып алынғанына тоқталды.

- Осында отырғандардың көбін кейінгі 15 жылдан бері танимын. 2004 жылғы сол бір күн бәріміздің есімізде. Ол кезде мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамында жұмыс істеп жүрген едім. Дегенмен алғашқы қадамдардың қалай жасалғанын білемін. Қажетті құжаттарды жазуға кімдердің атсалысқанын, әрі қарай кімдер ілгерілеткенін, ол құжаттың Жарлыққа айналып, ақпараттық қауымдастықтың дамуына, электрондық үкіметтің қалыптасуына, мемлекеттің ақпараттық жүйесінің орнығуына кімдер себепші болғаны бәріміздің есімізде. Сол Жарлыққа 2004 жылдың 10 қарашасында қол қойылған еді. Осы датаны Цифрландыру күні етіп белгіледік. Енді бұл - біздің мереке. Жиырма жыл бойы көптеген басшылар, жұмыскерлер осы күннің қалыптасуы үшін қалтқысыз еңбек етті. Кейінгі 20 жыл ішінде біздің мамандар цифрландырудың дербес сала ретінде қалыптасқанын, экономикадағы бүкіл салалардың драйвері екенін дәлелдеп берді, - деді министр.

Рас, бүгінгі таңда адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Жалпы, цифрландыру хақында осы салада қызмет етіп жүрген теректіліктердің пікіріне назар аударсақ.

16

- Әлемде технология көз ілеспес жылдамдықпен күн сайын жаңарып, даму үстінде. Болашақта елдің байлығы, даму көрсеткіші жер асты байлықтарының көлеміне қарай емес, заманауи технологияны қаншалықты игергендігіне, онымен жұмыс істеу әдетінің қалыптасуына байланысты болмақ. Естеріңізде болса, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ғалымдар мен өнертапқыштарға, IT мамандарына нағыз прагматикалық, уақыт тамырын дөп басқан құжат болған Жолдауда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда 4 бағыт айтылған болатын.

ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры болғандықтан, адамзатқа ақпараттық-коммуникативтік сауаттылық өте қажет. Сауаттылықтың алғашқы баспалдағы мектептен басталады. Осы орайда мектебімізде білім алушыларға цифрлы технологиялық білім беруде замана көшінен қалмай еңбек етіп отырған мектеп мұғалімдерінің атқарар жұмысы әлі де алда. Басты мақсат оқушыны заманауи қоғам үрдісінен қалмауға жетелеу. Сондықтан  заман  талабына сай оқыту үрдісін жетілдіре отырып, қоғам сұранысына сай жеке тұлға қалыптастыру мәселесі  бойынша оқушыларға ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сабақта көптеп  қолдану  тиімділігі артып  отыр.

Мектеп қабырғасында жүргізілетін информатика, цифрлық сауаттылық сияқты жүргізілетін сабақтан бөлек, қосымша үйірмелер де жұмыс жасауда. Атап айтсақ, робототехника, 3D принтинг, бағдарламалау тілдері т.б. Бір сөзбен айтқанда СТЕАМ технологиялары осы саланың бастапқы баспалдағы деуге болады. Оқушылар бұл пәндер, үйірмелер арқылы алғашқы ақпараттық-коммуникатифтік сауаттылықтарын ашады. Яғни, заманауи технологияны жетік меңгерген болашақ ІТ мамандардың қалыптасуы - осы мектеп қабырғасынан бастау алары сөзсіз, - дейді Подстепный жалпы орта білім беретін мектебі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Дамир Бердібеков.

Ал Шаған жалпы орта білім беретін мектебі жанынан ашылған «STEAM» және «Робототехника» үйірмелерінің жетекшісі Медет Бисекенов:

- Цифрландыру саласы бүгінгі таңда ғылыми техникалық прогрестің, сонымен қатар жылдам қарқынмен дамып келе жатқан ақпараттық қоғамның алға жылжығанның бір көрінісі. Цифрландыру - әлем бойынша қолға алынған үрдіс.  Бұл саланың басты тиімділігі жылдам, әрі тез, баршаға қолжетімді. Адамның ақпараттық қажеттілігін  қанағаттандырады. Уақыт алмайды, тез орындалады, бұрынғыдай ұзын-сонар кезекке тұру мәселесі біртіндеп шешіліп келеді.

Өзім педагогика саласында жұмыс істегендіктен, түрлі сайттармен жұмыстанамыз. Айталық,  Egov сайтынан жұмысқа анықтама аламыз. Бұрын осы қағазды алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, арнайы уақыт бөліп, одан қалды кезекке тұрып, алушы едік. Ал қазір электронды цифрлы қолтаңба  арқылы үйден-ақ алуға мүмкіндік мол. Сондай-ақ сайттардан оқушыларға қатысты байқауларды білеміз, өзімізге сабақ жоспарларын, шаралар, құнды құжаттарды аламыз. Бұл - ақпараттық технологияның жетістігі. Шыны керек, қазіргі уақытта ғаламторсыз қоғамды елестету мүмкін емес.

15

Ал роботтандыру туралы айтатын болсам, өзім мектепте робототехника үйірмесінен оқушыларға сабақ беремін. Оларға бағдарлама жасақтауға, робототтық техниканы құрастырып, инженерлік жобаларды жасауға үйретемін. Бұл салада жетістігіміз өте көп. Әрісін айтпағанда, тек соңғы он жылда шәкірттерім облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдемен оралып жүр. Біздер робот құрастырумен шұғылданамыз ғой,  жалпы роботтар - индустриялы қоғамның ажырамас бір бөлшегі. Кейін қозғаушы күшіне айналады. Бұл - адамзат ақыл-ойының жемісі деп атауға толық негіз бар. Ыбырай атамыз айтқандай,  айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып, сусыздан сусын ішкізетін қоғам,  шын мәнінде ертегі емес,  нағыз шынайы көрініс болып қазір жүзеге асуда. Ақпараттық-коммуникативтік технологияның тиімділігі жылдам хабар алмасу, онлайн кеңестер алуға мүмкіндік бар. Онлайн конференция, семинар, вебинар, үйде отырып, әлемнің кез келген түкпірінен байланыс жасауға болады. Қорыта келгенде, цифрландыру саясаты дұрыс, және оны қолдаймын, тек қауіпсіздігін күшейтсе, нұр үстіне нұр болар еді, - деді.

Өз сөзінде Медет Есейұлы кибершабуылға тосқауыл қажет екенін тілге тиек етті.

Самал Жолдығалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале