7.11.2022, 12:15
Оқылды: 53

Түпкі нәтижеге жете алды

Ильяс Хайрушин - өз кәсібін туған ауылында бастауды жөн көрген кәсіпкердің бірі. 2018 жылы Амангелді стансасының «Алматау» аталып кеткен ауыл шетінен ұзындығы 35 метр, ені 8 метр, жалпы жер көлемі 500 шаршы метрді құрайтын жылыжайды салған болатын. Жеке кәсіпкер қысы-жазы балғын көкөніске деген халықтың сұранысында шек болмайтынын пайымдап, жылыжайда қияр, қызанақ сынды жемістерді өсіруді қолға алған еді. Содан бері, міне, үш-төрт жылдың жүзі өтті, әбден ойластырылып бастаған ісі оң нәтижесін беріп те келеді.

Фото түпкі

Үстіміздегі жылы да Ильяс 300 метр жерге қыркүйек айы басталысымен қиярдың дәнін егіп тастаған екен. Ұядай жылы жылыжайдың ішіндегі бірқалыпты ауа райы қиярдың тез бой алып, гүлдеп алғашқы өнімін беруге де сеп болуда. Қазір жаңа өнімді жинастыру үстінде. Алынған өнімді жергілікті сауда нүктелеріне жеткізе отырып, өзге де көкөніс түрлерін егуді жоспарлап отыр.

Жалпы, көкөніс өсірудің қыр-сырына әбден қанығып, тәжірибе жинап қалған кәсіпкер жылыжайда көкөніс өсіру жұмысы аса қиындық тудырмайтынын айтады. Өйткені, тамшылатын суару әдісі қолданылғандықтан жас көкөніс көшеттері бірқалыпты ылғалды жағдайды тұрады, әрі ультракүлгін сәуле шашатын арнайы сымдар да түпкі нәтижеге жетуге көмек болуда.

Қандай кәсіпті бастау үшін де  сол сала маманы болу шарт емес екендігін Ильяс Хайрушин іс жүзінде көрсете алды. Негізі оқыған мамандығы теміржолшы болғанымен, заман талабына, нарық сұранысына икемделе білген шаруақор жан осылайша өз өміріндегі бір белесте бағытын күрт өзгертіп кәсіпкер болып шыға келді. Халқымыздың «жігітке жеті өнер де аз» деген тәмсілін дәлелдегеннің бірі де осы Ильяс.

                                                                                      Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале