Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Бәйтерек ауданы Дариян ауылында екі қабатты 24 пәтерлі екі үй ел игілігіне берілді. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған баспана пәтер кезегінде тұрған көпбалалы аналарға және арнайы есептегі азаматтарға табысталды.
Жаңа орынға қоныс теуіп орналасқандардың біразы ауданның әр ауылынан көшіп барды. Жаңа үйге кіріп, жаңа орынға көш тоқтатқан азаматтардың қазіргі жағдайы қалай? Балалар мектепке орналасып, ата-аналарға лайықты жұмыс табылды ма? Жергілікті әкімдік қандай көмек көрсетті? Үйдің сапасы көшіп келгендердің көңілінен шыға ма? Соны сұрап білдік.
Жиырма жылдан астам уақыт пәтер жалдап келген көпбалалы ана Нұрзила Бердіғалиева –екі бөлмелі пәтер кілтіне ие болған азаматтардың бірі.
-Сегіз жылдан бері Дариян ауылында тұрамыз. Осы жақта пәтер жалдап келдік. Жайлы баспанаға ие болдық. Енді қиындықтар артта қалды деген ойдамыз,-дейді көпбалалы ана Нұрзила Бердіғалиева.
Нұрзила ханымның үлкен ұлы Шыңғыс – Алматы қаласындағы Еуразия колледжінің студенті, Шерхан 9-сыныпта оқыса, Мейірхан 6-сыныпта, ал Мақсат 5-сыныпта оқиды. Үш ұл ауылдағы Абай атындағы мектеп-гимназиясында оқиды.
-Үйіміз мектептің дәл қасында. Өзім де білім ордасында кіші қызметкер болып жұмыс жасаймын. Пәтерсіз жүрген кездегі қиындықтардың барлығы артта қалды. Жаңа үйдің кілті қолыма тигенде қуанышымызда шек болмады. Неше жыл бойы пәтерлі болуды армандаған болатынмын. Өзім секілді баспаналы болған отбасыларға да қоныстарыңыз құтты болсын дегім келеді, - дейді жаңа қонысына орналасқан ана.
Көпбалалы аналарға қамқорлық танытқан ел үкіметі мен баспана тұрғызған аудан, облыс басшылығына ерекше алғыс айтады. Қанша қиындық көрсе де балаларын тастамай, алақан жайып өзінің көпбалалы екенін ешкімге міндетсінбеген Нұрзия ханым енді пәтерақы төлеймін деп алаңдамайтынына да қуанышты. Ұлдары да қолдарынан келгенше аналарына қамқорлық танытып отырады екен.
Жаңа үйге аудан орталығы Переметный ауылынан көшіп келген Любовь Толкуновада баспана сапасына разы.
-Үйіміз жылы, суық және жылы су ағып тұр. Пәтер кезегінде тұрғанымызға біраз болып еді. Арманымызға қол жеткіздік. Оның үстіне ұлы мереке ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында алдық үйімізді. Үй алуға көмек көрсеткен, оны тұрғызған барлық жандарға алғысымды білдіремін,-дейді Любовь Толкунова.
Үй алғанымен, ол жаққа көшіп баруға қиналған жалғызбасты ана Переметныйдағы жүгін Дариянға көшіруге көмек көрсетіп, қолдау білдірген Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов, аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибігүл Ахметжанова мен облыстық мәслихат депутаты Иван Енютинге ерекше алғысын білдіреді.
-«Кедеймін десең, көшіп көр» дегендей, қоныс аударар шақта біраз қиналдық. Сол шақта партия мен аудан басшылығы қолдан келген көмегін жасап, оңай қоныс аударуыма жағдай туғызды. Алғысым шексіз , -дейді Любовь Станиславовна.
Қазір зейнетте жүрген Любовь Толкунова мүмкіндік болса жұмысқа шығуға да қарсы емес екен.
Ауылдық округ әкімдігі де тұрғындарға барынша қолдау көрсетіп, жұмыс сұрап келгендерге қолдау бірдіруге дайын. Округ әкімінің орынбасары Нұрлан Әжиевтің айтуынша жаңа үйге кірген тұрғындардың біразы жұмыс сұрай келіпті.
-Жаңа тұрғындар әкімдікке жолығып жатыр. Қазір біз оларға жұмыссыз ретінде тіркеуге тұруға кеңес бердік. Жалпы ауылда еңбек етемін деген жанға жұмыс табылады. Алдағы күндері ауылға ауыз су құбыры тартылмақ. Сол жерге де жұмысшылар қажет болады. Ал балаларды толықтай мектепке орналастырдық, - дейді ауылдық округ әкімінің орынбасары Нұрлан Әжиев.
Маманның айтуынша, қазір кей азаматтарды тіркеуге қою мәселесі шығыпты. Бірақ алдағы уақытта ол жайт өз шешімін табады екен. Қалай болғанда да, тұрғындарды орналастырған соң олардың мәселесіне билік бей-жай қарай қоймас.
Гүлжан Аязбаева,
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz