5.05.2024, 15:00
Оқылды: 33

Түтін түтеткен 26 жыл ғұмыр

Қоғамда ер азаматтардан қалыс қалмай, қара жұмыстың майданында иық тірестіріп, еңбек етіп жүрген нәзік жандыларымыз да аз емес. Бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербеткен нәзік жандылар ұрпақ тәрбиесінде ұмыт қалдырмай, кез келген саланы меңгеріп, табысты қызмет жасап келеді. 

InShot_20240505_061014563

Оның ішінде түрлі саланы меңгерген сала басшылары, денсаулық, білім мамандарымен қатар көзге көрінбейтін қарапайым қызметкерлер де бар. Дегенмен әр саланың қиындығы мен жауапкершілігі қатар жүреді.

1998 жылдан бері Гүлмира апа Қаракөл елді мекеніндегі Қаракөл бастауыш мектебінде от жағып, еден жуушы болып жұмыс жасап келеді. Таңертеңгі 8-де келіп от жағып, еденін жуады. Таң атқаннан, күн батқанға дейін тыным таппай еңбек етіп, нәпақасын тауып, көптің алғысына бөленіп жүр. Қыстың қаһарлы суығына қарамай екі мезгіл от жағып, еденін жуған ананың ең алғашқы жалақысы 1500 теңге. Балаларының болашағы жолында 26 жыл қара жұмыста еңбек еткен ананың қазіргі табысы 90 мың теңге.

Қалай болғанда да, барлық жұмыс ананың аялы алақанының арқасында жасалатындықтан оңай емес. Тапжылмай, табандылықпен күс-күс қолдарымен отбасын асырап жүр. Бүгінде жұбайы Жансерік екеуі 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отыр.

Еңбекпен есейген ана бүгінгі бейбіт заман ұрпағымызға берілген сый екенін айтты. "Тек еңбектенген адам ғана алға қойған мақсатына жетеді" дейді Гүлмира анамыз.

Өзінің жұмысына жауапкершілікпен қараған жанға ұжымдастары да, ауылдастары да, отбасы да дән риза.

Гүлнұр Сәуірғалиқызы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале