12.01.2022, 9:39
Оқылды: 49

Тыныш түннің тынысын бағалайық!

Қазіргі таңда елімізде жағдай мәз емес. Мұның салдарынан гөрі себебін айтып жатқан мәліметтер өте аз. Бұл мәселе менің ойымша, азық-түліктің қымбаттауы, басқа да тұтынатын тауалар бағасының шексіз өсуі, оның ауыздықталмауының салдарынан әлеуметтік теңсіздік орнады.

InShot_20220112_073554633

Жаңаөзенде халық бейбіт ереуілге шықты. Қиратпай, бүлдірмей, мәселені дұрыс қойып, халық өзінің талаптарын қойды. Мұны барша халық көріп отыр. Басқа да қалаларда қолдау тапты. Әртүрлі топтар қосылып, мәселені саясиландырып, ушықтырып жіберді. Мұның аяғы қарулы қақтығысқа ұласып, көптеген бейкүнә адамдар, соның ішінде жастар қайғылы қазаға ұшырады. Көптеген ата-аналар ұлынан, жарынан, балалар әкесінен айырылды. Бұл – мейірімсіздік, жаны ашымастық. Қаншама сәулетті ғимараттарды тонады, бүлдірді, қиратты. Осының салдарынан мемлекетіміз халықаралық тәжірибеде бар сырттан көмек шақыруға мәжбүр болды. Нақты кімдер, қандай топтың адамдары жөнінде айтылып жатқан жоқ. Оған баға беруден аулақпын. Бірақ бізге керегі, ең бастысы – тыныштық. Елдің тыныштығы, мемлекет тұғырының беріктігі аса қажет. Сондықтан қазір мемлекет басшысының төңірегіне халық болып топтасуымыз керек. Халық ешқашан мұндай қанды қырғынды қаламайды, халық бейбіт өмірді сүйеді. Сол себепті мемлекетіміздің тұғырын берік ұстауымыз керек. Тәуелсіздігімізді сақтап қалуымыз тиіс. Әркімнің жетегінде кетпеуіміз қажет. Елдің арасында қазір қаңқу сөз көп. Оған құлақты үйретпегеніміз жөн. Құлақ бұзылса, құлық бұзылады. Құлық бұзылса, мемлекеттің шырқы кетеді, шаңырағы шайқалады. Тұрақсыздық белең алады. Сондықтан әсіресе, жастарымызға айтарымыз, әртүрлі өсек-аяң, лақап әңгімелерге, қаңқу сөздерге ілеспей, елдің тыныштығын, бейбіт өмірін, өздерінің болашағын сақтау үшін ынтымақ, бірлікке келгені дұрыс. Бірлік бар жерде тірлік бар. Бейбіт өмір болсын деп тілеймін. Қадірлі ағайын, бейбіт күнгі бейнеттен қаймықпайық, тыныш түннің тынысын бағалайық!

Закария Сисенғали, 

ақын, ҚР Журналистер

одағының мүшесі

Жаңақала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале