Гранттың тағдырын шешіп, мектеп түлектерінің болашақ жолын айқындайтын Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өткізу мерзімі жақындап келеді. Бұл сәт тақалған сайын түлектер мен ата-аналарды «ҰБТ форматы бұрынғыша қала ма, қандай өзгеріс бар?», «Жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсу құқығы кімге беріледі?», «Білім беру гранттары қалай тағайындалады, оған қатысу үшін не істеу керек?» деген сұрақтар мазалайтыны анық. Осы сауалдарға жауап іздеп, Ұлттық тестілеу орталығының Чапаев филиалы жетекшісі Мәншүк Мұқановамен сұқбаттастық.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына тусуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны екені белгілі. Тестілеу қалай өтпек?
– Мектеп түлектеріне жоғары оқу орнына түсу үшін былтырғыдай ҰБТ 4 рет өткізіледі: қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айларында. Ескерте кету керек, қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ тапсырған үміткер жоғары оқу орындарының тек ақылы бөлімдеріне түсу құқығына ие болады. Бұл сынақтарға қатысудың өзі де ақылы. Ақылы тестілеуге қатысқандар маусым-шілде айында өтетін ҰБТ-ға және мемлекеттік гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алады. Егер ағылшын тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификат болса, тестілеу шартында «Шет тілі» пәні бойынша ҰБТ-дан босату туралы норма енгізілді.
– Ақылы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген мектеп оқушысы қайда өтініш білдіреді? Қатысу жарнасының көлемі қанша?
– 2020 жылдың қаңтар айында өткізілетін ҰБТ-ға қатысуға өтініштер 1-15 желтоқсан аралығында қабылданады. 11(12)-сынып оқушылары өз қалауымен ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді ҰБТ өткізетін пункт арқылы береді. Бұл ретте оқушы http://ent.testcenter.kz сілтемесі арқылы онлайн тәртібінде алдын ала өтініш бере алады және аталмыш пунктке өтініш, 3х4 көлемінде екі фотосурет, жеке басын куәландыратын құжаттын көшірмесі, жасы 16-ға толмаған және жеке басын куәландыратын құжаты жоқ адамдар «Туу туралы» куәлігінің көшірмесін, тестілеуге қатысу үшін ақы төлегені туралы түбіртек пен өзі білім алатын орта білім беру ұйымынан анықтаманы тапсырады.
Тестілеуге қатысу үшін төлемді Қазақстан Республикасының барлық екінші деңгейлі банктері кассалары арқылы төменде көрсетілген реквизит бойынша жасауға болады: «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК ҚР БҒМ, 010011, Астана қаласы, Жеңіс д., 60. БИН 000140001853 ИИК KZ 536010111000001515, БИК HSBKKZKZ, KБе 16,«Қазақстан Халық Банкі» АҚ. Төлемнің атауы – «Кешенді тестілеу үшін» («За комплексное тестирование») (2242 теңге). Сондай-ақ «Қазақстан Халық банкі» АҚ терминалдары арқылы ғана төлем жасауға болады.
Сонымен қатар оқушы ҰБТ-ға дайындығын тексеру үшін онлайн байқау сынағына ақылы түрде қатыса алады, 1 реттік құны – 260 теңге. Тестілеу ақысын ҰТО-ның реквизиттері бойынша «Халық банкі» немесе «Қазпошта», «Касса 24» терминалдары арқылы, сонымен қатар ҰТО «Жеке кабинеті» веб-қосымшасы арқылы төлеу мүмкіндігі бар. Оның түбіртегі арқылы ҰБТ ӨП-тен сынама сұрақ-кітапшалар алуға болады.
– Сынақ тапсыру форматында өзгерістер бар ма?
– ҰБТ тапсыру форматы өзгермейді. Абитуренттің дәстүрлі 3 міндетті пән бойынша білімі сыналады. Олар – Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы. Сонымен бірге түлек таңдаған мамандығы бойынша 2 бейінді пәннен тестілеуден өтеді: математика+физика; математика+география; дүниежүзі тарихы+география; биология+химия; биология+география; шет тілі+дүниежүзі тарихы; қазақ(орыс тілі+қазақ)орыс әдебиеті; география+шет тілі; дүниежүзі тарихы+Адам.Қоғам. Құқық; шығармашылық емтихан. Шығармашылық емтиханды таңдаған түлектер міндетті үш пәннің тек екеуінен ғана сұрақтарға жауап береді: Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығы.
Бастысы, оқушының дайындығы мықты болған жағдайда ғана көрсеткіш ойдағыдай болады. Ал бағыңа сеніп кірсең, 140 балдың жартысын да еңсере алмайсың. Жаңа форматтағы тестінің бейіндік пәндеріндегі сұрақтардың бір немесе бірнеше жауабы бар. сондықтан қазірден бастап тыңғылықты дайындық қажет екенін тағы да қаперге саламын.
Әңгімелескен Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер