30.04.2021, 12:46
Оқылды: 83

ҰБТ - түлектің үміті

Мамыр жақындаса бітіруші түлектерді болашақ мамандықтары мазалайтыны белгілі. Елді жайлаған пандемия да оқушыларды дәстүрлі оқудан қол үзуге мәжбүрлегені тағы бар. Мектеп бітіруші жас түлектердің арасында «Пандемия кезінде бітіргендер» айдарын таққандардың биыл екінші легі мектеп табалдырығынан аттап, үлкен өмірге қадам басқалы отыр.

Тек шәкірттер емес, баласы үшін тақымын қысып отыратын ата-ана үшінде, тәлім берген ұстаздар үшін де шешуші кезең таяп келеді. «Биылғы жылы тестілеу форматы қайда, қалай, қашан болмақшы?», «Оқушылардың дайындығы қандай?» деген көптің көкейінде самсап тұрған сан сауалдың жауабын біз де іздеп көрдік. 

C62160A2-45A8-4691-BA2C-1CE2305BB4C6

Дәстүрсіз боп жүргенмен сабақтарың... 

Өзіміз тестілеу тапсырған жылдары күндізгі сабақтан бөлек, түсқайта факультативті, дайындық сабақтары күнде болатын. Әрбір пәннен, таңдау пәндерімізден ұстаздарымыз дайындық сабақтарын үзбей өткізетін. Жоғарыда атап өткендей «пандемия кезінде бітіргендердің» алғашқы легі былтыр дайындықты да тестілеуді де онлайн форматқа көшкенді. «Дәстүрлі оқу кезіндегі тестілеуден биылғы тестілеудің айырмашылығы қандай болмақ. Былтырғы ахуал қалай болды?» деген сауалды Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берік Жанболсыновқа қойдық.

Оның айтуынша, биылғы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің өткен жылдан айырмашылығы электронды форматқа көшірілгендігінде. Яғни бұған дейін әрбір оқушыға тест тапсырмалары бар кітапшалар берілсе, енді тест тапсырмалары дербес компьютер арқылы берілмек. Яғни ҰБТ электрондық форматта «бір тестіленуші - бір компьютер - бір камера»  қағидаты бойынша ұйымдастырылады.  

Өткен жылдары оқушылар емтихан тапсыруға белгіленген күнді асыға күтсе,  енді ҰБТ тапсыру үш айға созылады. Мектеп бітіруші түлек өзі қалаған кез келген уақытта тест тапсыра алады.  

Сонымен қатар нәтижелерді тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады, жиналған ұпай саны экранға шығарылады.

Сондай-ақ жас түлек қандай сұрақтарға қате жауап бергенін көре алады және нәтижелермен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ аппеляцияға өтініш берсе болады.

Тағы бір ерекшелігі мемлекеттік білім грантын ұтып алуға  ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыра алады. Мәселен, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның сынақты екінші рет бірнеше күннен кейін яки мамыр не маусым айларында тапсыру мүмкіндігі болады. Нақты айтқанда 15 сәуірден бастап ҰБТ тапсыру үшін бірінші мүмкіндіктің күнін, ал 1 мамырдан бастап екінші мүмкіндіктің күнін таңдау мүмкіндігі беріледі. Тестілеуге бір күнде 2 рет қатысуға тыйым салынады.

Мемлекеттік білім грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады. Бұл мүмкіндік үміткерлердің грант ұтып алу мүмкіндігін арттыра түспек.  

Қазіргі таңда мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін тіркеу онлайн режимінде ағымдағы жылдың 15 сәуірінде басталып, 30 маусымға дейін жалғаспақ екен. 

 Тестілеуге тіркеле алмай бір апта,

Бір аптада тіркеле алдық бірақ та... 

 Былтыр пандемия қос бүйірден қысып тұрған шақта, «онлайн» режиміне етіміз үйрене алмады ма әлде сайттың ақауы көп болды ма, қайдам?! Әйтеуір, үйінде компьютері барлар сағаттап телміріп, компьютері жоқтар мектептен табылып, еріксіз екі орта да сабылып өткен шақтар еді. Тестілеуді ойлап бала, баланы ойлап ана дегбірі қашқан сәттер. Ал, биыл компьютерлік ҰБТ-ға өтінішті тапсыру app.testcenter.kz сайты арқылы жүзеге асырылады.  

Тіркеу онлайн режимінде жүргізіліп, талапкер сайтқа кіріп кез келген  тестілеу пункітн, ҰБТ тапсыру күні мен өзіне ыңғайлы уақытты таңдайды.  

Қолжетімді. Үйде отырып тіркелсеңіз жеткілікті. Сосын қам-қарекетсіз дайындығыңызды жалғастыра бересіз.

 Пандемиядағы грант 

 Өткен жылы елді жайлаған індетке қарамастан тыңғылықты дайындығын жалғастырып, адал еңбегімен, әділдікті миына сақтап, ата-анасының үмітін ақтаған түлектердің қатары көп болды десек, артық айтқандық емес. Сондай жастардың бірі, қазіргі таңда Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, менеджмент мамандығының 1-курс студенті Санжар Серіковпен сұхбаттастық. 

- Мен аудан орталығы Жымпиты ауылындағы Қ.Мырзалиев атындағы мектепті тәмамдадым. Тестілеуге таңдау пәндерім математика және география болды. Әрине, пандемия кезінде қашықтықтан білім алу жүзеге асып, мектептегі қосымша сабақтарға бару толыққанды жүзеге асты деп айта алмаймын. Әйтсе де, мұғалімдер мейлінше, тестілеуге дайындықты үзбеді. «Мектеп маған не береді?» деп құр қарап, қол қусырып отыруға болмайды, жағдайың жеткенше әрекет жасаған дұрыс. Бұл тұста, ата-ананың балаға беретін қолдауы айқын көрініс табады. Мен мектептегі дайындықтардан бөлек, ҰБТ-ға дайындайтын ақылы курстарға қатысып, білімімді жетілдірдім. Тіптен, ондай курстар «қалтамды қағады» десеңіз, youtube желісі арқылы да ізденіп көрсеңіздер болады. Меніңше, былтыр қатарластарыммен грантқа жаппай түсуіміздің бірден бір себебі, тестілеудің әділ өткендігінен сияқты. Олай дейтінім, мен грантқа 107 балмен түссем, менен бір жыл бұрын бітірген түлектер  шамамен 120+ балмен түскен. Замандастарымның ішінде 2019 жылы жалпы медицинаға 116 балмен түссе, былтыр 99 балмен оп-оңай грант иегері атанғандар бар. Байқауымша, алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр бал айтарлықтай төмен болды. Биылғы жылы мектеп бітіргелі отырған іні-қарындастарыма айтарым, ешқандай шпаргалкаға сенбей, таза, өз білімдеріңе сеніңдер.Сол кезде, грант иегері атануларың да қиынға түспейді. Бір Алла өзі жар болсын!,- дейді Санжар.

 Төбеңнен төніп тұрмақ камералар 

 - ҰБТ тапсыру кезінде аудиторияда не болып жатқанын көрсететін  камералардан басқа, тест тапсырушы отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Тестілеу барысында талапкердің смартфон, шпаргалка және т.б. тыйым салынған  заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу Орал қаласы, Ж.Молдағалиев көшесі №18 (Форум сауда үйі, 4-қабат) және Ақсай қаласы, Молодежная көшесі №29 мекенжайында өтеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген өзгерістер бойынша білім беру бөлімі, мектеп әкімшіліктері тараптарынан мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналар арасында тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Еліміздегі орын алған карантиндік жағдайға байланысты 2020 жылдың IY тоқсанында ауданның білім беру мекемелерінің оқушылары қашықтықтан оқыды.  Мектеп бітіруші түлектерге арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу 2020 жылдың 20-21 маусым күндері Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі түрде өткізілді. Бұл ҰБТ-ге 11 орта мектептен 184 түлек қатысты,-дейді Б.Жанболсынов.

Рас, кей жылдардағыдай бір түлектің орнына туысы немесе өзге түлек кіретін кез де бүгін де ұмыт қалды. Ендігі техника қарыштап дамыған заманда «комиссия мүшелерін алдадым» деп өзіңізді алдарқата алмайсыз. Төбеңізден төніп камера тұрмақ.

 Оқушылардың 96%-ы ҰБТ-ға барады

 Биыл аудан бойынша 12 орта мектептен 179 оқушы мектеп бітіреді деп жоспарлануда. 172 оқушы тестілеуге қатысқалы отыр. Бұл жалпы оқушылардың 96 пайызы.  

Мектеп бітіруші түлектердің ішінен 20-сы «Алтын белгіге» үміткер болса, 6-уы «Үздік аттестат» алуға үміткер болып отыр.

Бір қызығы, мектеп бітіруші түлектердің басым көпшілігі,  яғни 142 оқушы жаратылыстану-математикалық бағытын таңдаса, қоғамдық гуманитарлық бағытты 20 оқушы, шығармашылық бағытты 10 оқушы  таңдап отыр.  

Осы жаратылыстану-математикалық бағытты таңдап отырған, «Алтын белгіге» үміткер Н.Еркеғалиеваның анасы, көпбалалы ана Бұлдықыз Арыстанованың пікірін білдік.

Оның айтуынша, үйдегі тұла бойы тұңғышы Нұрайым математика мен география пәндерін таңдап отыр екен. Тестілеуге дайындықты барынша қарқынды жүргізіп, мектеп-лицейдің ұйымдастырып жүрген факультативті сабақтарына да қатысып, өзі де қосымша ізденіспен оқып, білімін шыңдап жүр. Факультативті сабақтар пайдасыз деген жаңсақ пікір. Бала ниеттенсе, алынбайтын асу жоқ. Биыл білім шыңын бағындырғалы отырған ұл-қыздарға сәттілік тілеймін дейді ата-ана.

 Түйін

 «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» деген сөз бекер айтылмаған. Білім майданында біреу жеңіске жетеді, біреу жеңіледі. Бірақ, белсенді болу әрбір адамның өзіне байланысты. Шынайы білімді балаға интернет желісінің ақауы да, пандемия да кедергісін келтіре алмайды. Бастысы, жыл басынан бері миына «шпоргалка алып кіре салармын» деген сұмдық ойлар емес, ата анаммен ұстаздарымның үмітін арқалау парызым. «Тестілеу - менің болашағымның кілті» деп ойлануы тиіс секілді түлектер. Бірақ, кей жағдайда қанша оқыса да сәтсіздікке тап болған шәкірттер де болары анық. Бәрін жеңетін білімсіздік емес, білімді болуға ұмтылу. Үлкен өмірге қадамыңыз нық болсын десеңіз, дәл қазір, бүгін өзіңізді тура жолға бағыттаңыз, жас түлек.

 Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале