24.01.2024, 17:15
Оқылды: 87

Үй тауығының жұмыртқасы 700-800 теңгеден сатылып жатыр

Әр жаңа жыл келер алдында өзіміз байқағанымыздай тұрмыстық техникаға, оргтехника және жиһаз, киім-кешек сататын сауда орындары мен сауда нүктелері бағаны аспандатып емес, керісінше түсіріп бағады.

Ақша JP

Бұл негізінен, сатылымның жақсы жүруіне, адамдардың көптеп келуіне, сөйтіп сауданың қызуына әкеледі. Тәжірибелі кәсіпкерлердің түсінігінше: «Затың көп делік, өте сапалы делік, бірақ бағаңды удай қылып өсіргенің не керек, сұранысқа жатпаса? Күн ұзаққа тұра берсең, бір күнде бір тауарын өтпесе одан не пайда? Оданда аз-мұз бағасын түсіріп, саудаңды жандандырып алғанға не жетсін?», - дейді екен. Сондықтан болар түрлі жеңілдетілген акция арқасында халық бір жырғап, қажетті тауарларын желтоқсан айында сатып алуға бейім тұрады.

Иә, бұл мүлік, зат саудасын айтқанымыз, ал азық-түлікке келсек, мүлдем басқаша, жыл аяғында «күрт» өсіп, тіпті кейбір тағам түрінің қақы «аспандап-ақ» жатқаны. Естеріңізде болар, өткен жылдың соңы, жаңа жылдың басында азық-түлік бағасы өсіп, кейбір өнімдер құны тіптен шарықтады. Әсіресе мұхит асып келетін экзотикалық жеміс-жидек, сусын мен тәттілер. Оған себеп, қызмет жасап жүргендердің әлі де алмаған айлығының сәл де болса көбейіп келетіндігі, зейнетақы, жәрдемақыларлардың өсіп келеді деген хабарламадан кейін екен. Оның үстіне отандық тағам өнімдерін өндіруші өндіріс ошақтарының аздығы, алыс-жақын шетелдерден тасымалдау арқылы келетін тағамдардың біздің отандық өнімдердің арасына сынамалап кіріп кетуі де себеп болыпты

Аспандаған бағаны айтып, себебін сұрағандар да болған. «Тумаған сиырдың уызын» ішкендей күй кешкен халыққа, жалақың өсті, күн көріс деңгейің мынадай, жәрдемақың көбейді деген сөздер де айтылып қалады. Ал шындығына келгенде сәл-пәл ғана. Ең төмен жалақы 70 000 теңгеден енді 80 000 теңге өсті емес пе, бірақ тауарға қосылған құн бағасы бұл соманы өтей алмасы анық.

Ал жаңадан келген 2024 жыл бірнеше тағам түрінің қымбаттағанын, баға өскендігін сездірді. Соның ішінде Үкіметтегілер айтып өткендей, күріш, қант және жұмыртқа бағасы мемлекет тарапынан реттеліп отырмайтын болса, тұрғындар жиі тұтынатын тағамдарға шектеу жасалып тұрмай ма деген қауіп те жоқ емес. Мысалы, жұмыртқа. Сөзімізге дәлел жақында ғана әлеуметтік желіге Оралдағы супермаркеттерде жұмыртқа сатып алуға шектеу қойылғандығы туралы ақпарат желдей есіп, халық арасында сәл қобалжу туғызды.

Түсіндіруді сұраған тауар тұтынушыларға бір қолға 30 дана дейін жұмыртқа сату тек тұрақтандыру қорында шектелген деген болатын, осыған жауапты мекеме.

Айтқандайын-ақ, БҚО бойынша сауда департаменті тұрғындарды тыныштандырып:

 - Облыс бойынша құс фабрикалары жұмыс жасап тұр, жұмыртқа жетіспеушілігі жоқ, әйтсе де жұмыртқа сатумен айналысушылар арада алып сатарлардың жолын кесу мақсатында жасалды. Кейбір тұлғалар сауда желілері арқылы оны қымбаттатып, қайта сату сияқты жағдайлар орын алмауы үшін жасалған шара деп сендірген болатын. Барлық жерде орташа құны 650 теңге, ал ең жоғарғы құны 720 теңге. Оған қоса, «Орал құс фабрикасы» ЖШС өз өнімдерінің ондығын 550 теңгеден шектеусіз сатады. Қалада жұмыртқаның ең төменгі бағасы 473 теңге. Бұл - «Агрофирма «Акас» ЖШС жергілікті құс фабрикасының өнімі, - дейді бір ауыздан.

Ал біздің кейбір шыңғырлаулық «пысықтар» жыл басында жұмыртқадан бизнес жасаған осы дегендей, үй тауығының жұмыртқасын 1000 теңгеден сатпақ болған. Айқайлатып тұрып әлжеліде хабарландыру бергендерге жұрт «Тауығың алтын жұмыртқа тауып жатыр ма?» деп лезде басып тастаған болатын. Көпшіліктің топырлаған талқысына қалып, олар бұл ойларын тез өзгерткенді. Қазір қарап отырсақ, үйдің тауығының жұмыртқасы 700-800 теңгеден сатылуда.

Шыңғырлау ауданының жұмыртқамен қамтылуы, оның бағасы туралы, сауда орындарының жұмысын бақылайтын органмен сөйлескенбіз. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары үнемі сауда орталықтарына мониторинг жасап, қадағалап, әсіресе жұмыртқаның бағасының тұрақты екендігін айтады. Қазіргі күні «Теща» супермаркетінде он жұмыртқа 600 теңге және «Астана», «Патриот» сауда орындарымен жекеленген дүкендерде 600-700 теңге аралығында сатылымда бар деді.

Айсұлу Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале