Еліміздің азаттық алғаннан бері тұрғын үй құрылысы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму жолындағы келелі бағыттарының бірегейі саналып, өркендеуімізді айшықтайтын ең маңызды міндеттердің бірі болып белгіленді.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан әлеуметтік осал топтар толықтай үй алуға құқылы. Осы орайда аудандағы Ұлы Отан соғысы немесе басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, зейнеткерлер, жалғыз басты аналар, І және ІІ топтағы мүгедектер баспанаға қол жеткізді.
Ал қазір мемлекет тарапынан берілген үйлерде кімдер тұрып жатыр...?!

Осы мәселе бойынша аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жақсылық Абдолов Жәнібек аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бір топ тұрғындармен жүздесті. Аталған бөлімнің басшысы Мақсат Жаналиевтің дәлелдерден құралған деректері бойынша көп үйлер бос тұр. Бүгінге дейін ата-аналарының немесе жақындарының шаңырағынан қоныс тепкен тұрғындар үйлерін қараусыз қалдырған яки жалға беріп қойған.
Рейд кезінде анықталған өрескел жайттарды есігінде құлып тұрған үйлердің көршілері растап отыр.
- Кәсіп бағытында қолданып отырған, туыстарының үйінде жүріп мүлде келмейтін тұрғындарды заңмен жауапқа тартуға мәжбүрміз. Сол себептен бүгін ескерту міндеттіміз. Кезекте тұрғандар өте көп. Мұқтаж емес болсаңыздар, босатып берулеріңіз сұралады, - деп қадап-қадап айтты Жақсылық Каримоллаұлы.
Ал «тұрғындар» болса жеке бастың мәселелерін алға тартты. Бас-аяғы жиырма бір адам белгілі дәреже бойынша баспана алып, оған аяқ баспайды. Кездесуге жиырма бірдің сегізі ғана қатысып, ескертулерге бас изеді.
Кезекте өз үйім болса деген зәру жұрт біраз. Бүгін ескертті, ертең өкініп қалмайық!
Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz