«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім...» деп аядай ғана лашығында көсіліп жатып айтқан Жиреншенің осы сөзі - бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қаланы былай қояйық, ауыл-аймақтың өзінде баспанаға қол жеткізе алмай жүрген отбасылар аз емес. Пәтерден-пәтерге көшіп, тапқан-таянғандары жалдамалы пәтерге кетіп жатқан отбасылар Жәнібек ауданы орталығында да жетерлік.
Кейбірінің азғантай айлықтары шайлықтарына жетпей жүргенде, баспана алу тіпті айға қол созғанмен бірдей.
Десе де, ауданда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына сәйкес 104 тұрғын үй бой көтеріп әлеуметтік жағдайлары ескерілген түрлі санаттағы отбасылар үймен қамтылды. Бұл дегеніміз 104 отбасы баспаналы болды деген сөз.
Аудан орталығындағы Шәкір Мәжитов атындағы көшеде 2014 жылы тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті қаражат арқылы сатып алынған жатақхана бар. Жатақхана 8 отбасыға берілген. Тұрғындар мекенжайына айына 2200 теңге жалға берілген құнын төлейді. Жуырда аталған жатақхана тұрғыны, көп бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Айнагүл Бекетова екі бөлмелі пәтерінің сулы, ылғал тартып тұратынын, балаларға салқын екенін айтып аудандық прокуратураға арыз түсірген. Шағымданушының естуі бойынша Дина Нұрпейісова атындағы көшеде босаған пәтерлер бар көрінеді мыс. Бұл дерек рас болған жағдайда арызданушы сол пәтерлердің біріне өзінің отбасын ауыстыруды сұрайды. Мұның шындыққа қаншалықты жанасатынын анықтау үшін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары, ішкі саясат, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылары, Жәнібек ауылдық округі әкімінің жетекші маманы және газет тілшісі Дина Нұрпейісова көшесіндегі № 7/1, №12/2 үйлеріне барып, мәселенің мәнісіне үңілді. Үй иесінің бірі бұл үйде тұрып жатқанын, қазіргі уақытта жұмыста екенін жеткізді. Ал жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша пәтерге қол жеткізген екінші үйдің иесі комиссия барған уақытта мекенжайында болмай шықты. Телефон соққанда көтермеді. Оның көршілері пәтерден күнделікті кіріп-шығып жатқан ешкімді көрмегендіктерін айтты.
Жалпы ауылда арендалық пәтер иелері туралы «пәтерді жалға беріп, ақша жасап отыр» немесе «бос тұр» деген алыпқашпа сөзді жиі естиміз. Әрине, көпке топырақ шаша алмаймыз. Армандап қол жеткізген шаңырағына разы болып, үйіне қосымша құрылыстар жүргізіп, бұны шүкірге балап отырған ауылдастар да жетерлік. Алайда «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, үйге өзі кірмей жаңа баспанасын ақша табудың көзіне айналдырғаны туралы деректер болғанын тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жарқын Хайырлиев растап, куә болғандығын айтады. -Алдағы уақытта келеңсіз жайттар орын алмас үшін арендалық үйді тексеретін комиссия құрамы оларды жіті бақылауда ұстайды. Қандай да бір заңға қайшы әрекеттер орын алған жағдайда үй үкіметке қайтарылады,-деді аталған бөлім басшысы.
Ә. Әбділдақызы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz