Жуырда Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына барып, газеттердің ескі тігінділерін ақтардық. Ауылдан шығарда «Алдағы күндеріміз қалай болар екен?» деген уайымымыз да болғаны рас. Бірақ кітап палатасындағы қызметкерлер Гүлзада Нұрғалиева, Шолпан Рахымбаева, Құралай Амантайқызы, Күләнда Дербісалиева және Бақытбек Қазтаевтың қолұшын беруінің арқасында алға қойған мақсатымызға жеттік.
Төменгі қабатындағы архив құжаттары мен газет-журналдар сақталған үлкен бөлмеге кіріп, керегімізді іздей бастадық. Негізінен, аталмыш мекеме 1937 жылы құрылған екен. Ал біздің «Екпін» газеті 1938 жылдан бастап сақталыпты. Қуанғанымыз-ай! Ең алдымен «За большевистские колхозы» атауымен бастап шыққан аудандық газеттің тігінділері сол күйінде сақталыпты. Қасымдағы Болатбек Сапарғалиев екеуіміз кітап палатасындағы қызметкерлердің нұсқауымен керек папкаларымызды алып шықтық. Отыздың үстіндегі тігіндіні бір апта бойы суретке түсірдік. Суретке түсіру кезінде қызықты материалдар мен деректерге көз жеткіздік. Кейбір ескі газеттердің сапасы төмен болғандықтан, ешбір сөзін өзгертпей, қаз-қалпында көшіріп басуды жөн санадық. Газетіміздің алдағы сандарында елдің дамуына зор үлесін қосқан аға шопандар, механизаторлар, комбайншылар мен диқандар жөнінде естелік материалдар оқырманға жол тартады.
Қаз-қалпында
«Екпін» газетінің 1968 жылдың 6 сәуірінде жарық көрген Б. Еділбаевтың «Құрмет иесі» мақаласында Ш. Ғұмашев туралы былай деп жазылады: «Шаймардан Ғұмашевтың Крупская атындағы совхоздың жөндеу шеберханасында слесарь болып қызмет істей бастағанына 20 жылға жуық уақыт болды. Ол бұл жылдардың ішінде мол тәжірибе жинақтады.
Совхоз механизаторлары Шаймарданның қолынан жөнделген моторларға дән риза. Өйткені ол өз ісіне тындырымды, жауапкершілікпен қарайды. Арнаулы білімі болмаса да, бұл мамандықты жете меңгерген Ш. Ғұмашев өзінің қажырлы да адал еңбегінің арқасында қадір-құрметке бөленіп келеді. Сонау 1962 жылы Отанымыздың астанасы – Москва қаласындағы ауыл шаруашылық жетістіктерінің көрмесіне оны апарған да осы еңбегі болатын. Өткен мерекелі жылда да өз әріптестерімен социалистік жарысқа түсіп, еңбекте үздік шыққан слесарьдің есімі алғашқылардың бірі болып ауданның құрмет кітабына жазылған болатын. Міне, содан бері еңбек қарқыны бір толастамай, күннен-күнге қыза түсуде. Коммунистердің есеп беру-сайлау жиналысында Ш. Ғұмашевты партия ұйымының секретарьлығына сайлады. Бұл сенім оған бұрынғыдан да көбірек міндеттер жүктейді. Ол қазір көктем егісіне әзірлік күндерінде күндік жоспарын 120-130 процентке дейін орындауда. Оның бұл еңбегі В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толу қарсаңы мен республикамыздың 50 жылдық мерекесіне лайықты тарту болмақ».
«Сариева серттің адамы» атты мақаласында еңбек озатын былай деп суреттеген: ««Сүт бұлағы өз қолымызда», – дейді сауыншыларға жолықсаңыз. Бұл күндері «Красный маяк» совхозы №1 бөлімшесінің сауын гуртінде еңбек дүбірі өрістей түсуде.
Осы бөлімшеде тыңғылықты ісімен көрініп, көп тәжірибе жинақтаған сауыншылар бар. Олар тәуір көрсеткішімен көптен бері көпшілікке танылып жүр. Сол сауыншылардың бірі Марфуға Сариева нағыз серттің адамы. Әрқашан ол айтқан уәдесіне тұрып, жарыстың алдынан көрінуде. Істе сыналып, коллектив алдында үлкен сенімге ие болған Марфуға Сариева жыл сайын елеулі табысқа ие болып келеді. Оның өткен жылғы және одан бұрынғы еңбектегі жетістіктері совхоз жұртшылығына кеңінен таныс. Ал биыл сауыншы жаңа белеске көтерілуге бел байлап отыр. Бірден асыра айтып, тым «әріге сілтеуді» жақтырмайтын Марфуға өз мүмкіндігін есепке ала отырып, 1968 жылға социалистік міндеттеме қабылдады. Қарауындағы әр сауын сиырдан 2400 литр сүт саууға өз коллективі алдында уәде берді сауыншы. «Артық табыс болса қайда кетер дейсің, әзірше жұрт қатарында уәде берейін», – деп жай ғана жауап берген болатын ол әріптестерінің жаңа міндеттеме жайлы сұрағына. Марфуғаның қарауында он тоғыз сауын сиыры бар. Ол биыл әр сиырдан бір бұзау алып, совхоз малына қоспақ. Оның қазіргі жұмыс қарқыны міндеттемесін толық орындап шығатынына сендіре түседі. Озат сауыншының сауған сүті аптадан аптаға көбейіп келеді. Ол қазір сүт сауудың тоқсандық жоспарын артығымен орындады. М. Сариева биыл совхоздың алдыңғы қатарлы сауыншыларының бірі Зоя Меркулованы социалистік жарысқа шақырып отыр», – деп жазады сол кездегі кеңшарлардыды аралап көрген газет тілшілері.
А. Қайратовтың Крупская атындағы кеңшардан «Жарыс озаты» атты мақаласында тағы бір еңбек адамын жақсы қырынан көрсеткен екен.
«Партия мүшесі Маркс Маюковты социалистік жарыстың озаты деп ауыл жұртшылығы мақтан етеді. Өйткені Маркс еңбекке ерте араласып, талай қиындыққа кезігіп, табысқа да жетті. Механизатор болған кезінде техника тетігін жетік біліп, алғыс пен сыйлық алды. Енді міне, биылғы мал қыстатудың қиындығына байланысты коммунистер мен комсомолецтерді қыстақтарға жолдаған кезде Маркстің есімі бірінші аталды. М. Маюков жолдас қарамағына 120 баспақ алып, шығынсыз бағып келеді. Оның қарауындағы малы күйлі, ол өзінің ісімен әріптестеріне үлгі болып отыр», – деп келтіреді мақаласында.
Темірболат Әнуарұлы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz