12.10.2022, 17:58
Оқылды: 41

Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті зор

Кеше Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханасында аудандық дербес бөлім басшыларының, белсенді жастардың, қоғамдық бірлестік жетекшілерінің қатысуымен «Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі» атты диалогтік алаң отырысы өтті.

311417657_505750458227851_2080305043082707656_n

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Мұқағали Шоқпанов аудандағы үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер және олардың бүгінгі күнде атқарып жатқан жұмыстары турасында кеңінен сөз қозғап, жиынға қатысушыларды ашық диалог алаңына шақырды. «Әйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Тайманқызы үкіметтік емес ұйымдардың отбасы құндылықтарын сақтаудағы және дамытудағы рөлі зор екенін атап өтті. Диалог барысын отбасы тақырыбына арнап, емен-жарқын әңгімелесуді ұсынды. Бүгінгідей түрлі мәдениеттер тоғысқан алмағайып заманда отбасы институтын сақтап қалу үшін жұмыла жұмыс жасау қажеттігін айтты. Өзінің күнделікті жұмысы барысында неше түрлі қилы тағдырлармен, шиеленіске толы адамдар өмірімен бетпе-бет келетіндігін мысал ретінде айта отырып, Қазақстандағы некенің бұзылу деңгейінің жоғары болып отырғанын қынжыла жеткізді. Отбасында орын алатын кикілжің сипатын жалпақ тілде түсіндіре отырып, ажырасудың алдын алу үшін ер мен әйел, ене мен келін, ене мен күйеу бала, құдалар арасындағы жағдайды ашық талқылау қажеттігін айтып өтті. Осы орайда қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың жұмысы тек есеп үшін емес, ел үшін қызмет ету керектігін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған Казталов мектеп-лицейінің мұғалімі Абзал Есенғазиев отбасылық құндылықтарды дәріптеудегі оқушылармен жүргізіліп келе жатқан жұмыстарға тоқталып, сабақ барысында ұлттық тәрбиені сіңіру бағытында қолданылатын әдіс-тәсілдерді атап өтті.

311516306_505677871568443_8459712550130963377_n

Диалогтік алаңға үн қосқан Казталов модельді кітапханасының оқу залы кітапханашысы Ботагөз Айтмағамбетова ене мен келін арасында орын алатын тұрмыстық келіспеушілікті тек бір жақты келін тарапынан көрмей, енелермен де ашық рухани кештер мен әңгімелер жүргізу қажеттігін айтып, өз ұсынысын білдірді. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесші маманы Айнаш Өтебалиева аудандық және ауылдық жерлерде адамдардың психологтың кеңесіне жүгіну деңгейі төмендігін, оған ауылдағы адамдардың бір-бірін танитындығы себеп екенін айтып өтіп, ауданымызда алдағы уақытта жастармен, оқушылармен атқарылатын шараларға тоқталды.

Отбасы құндылығы турасындағы өзекті тақырып көтерілген жиын жастар көңілінен шығып, рухани азық сыйлады.

Сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінде «Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлі» атты диалогтік алаңының көшпелі отырысы өтті. Жиынға Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы саяси партиялармен және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшысы Ерболат Исанов, азаматтық ресурстық орталық жетекшісі, «Жайық таңы» ҚБ төрайымы Г.Мұштанова, «Болашақ» ҚҚ төрайымы С.Тұманбаева, ауданымыздағы үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері және бірқатар мекемелердің басшылары мен мамандары қатысты.

БҚО Азаматтық орталығының бастамасымен ұйымдастырылған жиында ҮЕҰ-ға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары, гранттарды алу және онымен жұмыстану ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдарды ашу мен жабу ережелері жөнінде ақпарат берілді. Жиынға қатысушылар өз сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале