6.12.2019, 12:43
Оқылды: 22

Үкіметтік емес ұйымдардың ықпалын арттыру керек

Ақжайық ауданы әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен өткен үкіметтік емес ұйымдармен өзара ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі аудандық консультативтік кеңес отырысында осы мәселе жан-жақты қаузалды.

2019_11_20_photo_2019-11-20_18-05-51

Демократиялық құндылықтардың қалыптасуына ықпал ететін аталмыш сектордың даму деңгейі, олардың билікпен қарым-қатынасы әрдайым назарда. Оған дәлел – ауданымызда 10 үкіметтік емес ұйым белсенді қызмет атқаруда, олардың жұмысын жандандыруға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ағымдағы жылы 8 миллион 718 мың теңге қаражат бөлінді.

«Бүгінгі басқосудың  мақсаты – атқарылған жұмысты саралап, келесі жылға халық мүддесін қамдайтын ауқымды жобалармен жоспар жасақтау. Біз өз тарапымыздан қандайма болмасын қолдауды көрсетуге дайынбыз, сіздердің мақсаттарыңыз – жерлестеріміздің азаматтық белсенділігін арттып, олардың мәселелерінің оң шешімін табуға ықпалдасу. Бұл ретте бірлескен сауатты жұмыс қажет», – деді аудан басшысы.

Жиынның күн тәртібі бойынша «Таным» деструктивті діни ағымдардан қорғау және көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы туралы бірлестік төрағасы Құрман Бисеғалиев, «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің атқарған қызметі жөнінде оның төрайымы Мәншүк Мәмбешова баяндама жасады.

Құрылғанына 6 жыл болған «Таным» бірлестігінің қызметі діни сауаттылықты арттырып, салт-дәстүр, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін шаралармен ерекшеленеді. Ұйым Жастар жылы аясында «Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын» бағдарламасы бойынша жаңаша форматта жоспар құрып, жастардың арасында діни адасушылық, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша жұмыстанды. Мақсат – жастардың бойында теріс діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру. Бірлестік жұмысының жандануында ауыл ақсақалдары, жастардан құралған еріктілердің де үлесі зор. Ұйымның соңғы екі жылда атқарған жұмыстары әдістемелік нұсқаулық ретінде баспадан шығарылып, тәжірибесі көпке таратылды.

«Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігі биыл ақжаулықты әжелер, жас аналар, қыздардың басын қосқан 27 шара өткізген. Атап айтсақ, «Әйел-ана – өмірдің өзегі», «Әйел және кәсіпкерлік», «Отбасы – қоғам негізі», «Үйлену оңай, үй болу қиын» тақырыптарында отбасындағы ана рөлін, ұлттық тәрбиені дәріптеген, нәзік жандылардың белсенділігін арттыруға бағытталған шараларда өз ортасында беделі зор әйелдер шаңырақ берекесі, ұрпақ ертеңі, кәсіпкерлік, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу сынды өзекті мәселелерді көтерді. Ауданымыздың қыз-келіншектерінің басын біріктірген «Сырласу» клубының да мүшелері күннен-күнге көбейіп келеді.

Жиын соңында Қ.Айтмұхамбетов жергілікті атқарушы билік жұмысының тиімділігін арттыруға үкіметтік емес ұйымдар тікелей септігін тигізетінін, әсіресе аудандағы әлеуметтік мәселелердің шешіміне ықпал ететін жобаларды жүзеге асыруға олардың көмегі мен белсенділігі қажеттілігін атап өтті. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша тапсырмалар беріп, 2020 жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылды.

"Жайық таңы" ақпарат

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале