20.05.2022, 21:01
Оқылды: 35

Ұлағатты ұстаз еңбегі – елге мұра

Қаратөбе ауылының Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде ардагер ұстаз Баймұқан Торғайұлы Бейбітовтың ескерткіш тақтасының ашылу салтанаты өтті.

IMG-20220520-WA0079

Салтанатты жиында аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешов пен ардагер ұстаздың кенже ұлы Мұрат Баймұқанұлы, немересі Бақтыгүл Баймұханова, ұстаздың шәкірті Тілес Төлеуұлы сөз сөйлеп, оның шығармашылық жұмыстары туралы әңгімеледі. Ескерткіш тақтаны ашу салтанатын аудандық мәслихат хатшысы Н.Меңдешов, ардагер ұстаздың ұлы Мұрат Баймұқанұлы мен немересі Аязби Кәкімжанұлы жүргізді.

Қаратөбе өңірінен шыққан алғашқы мұғалімдердің бірі Бейбітов Баймұқан Торғайұлы 1885 жылы Орал губерниясы, Калмыков княздігі, Лбішін уезінің үшінші ауылында дүниеге келген.

1900-1904 жылдары Б.Бейбітов Тайпақ өңірінде Қызылжар орыс-қазақ училищесінде оқыған. 1904-1907 жылдары Електегі екі жылдық училищеге оқуға түскен. 1908 жылдан бастап мұғалімдік қызметпен айналысады. 1920-1928 жылдары Қаратөбе өңірінің Өзек-Жақсыбай болыстық комитетінде хатшылық, кейін комитет төрағалығы қызметін атқарады. 1928 жылдан бастап мұғалімдік қызметіне ауысқан. 1934-1956 жылдары Жақсыбай жатақ мектебінде, Жымпиты үлгілі мектебінде, Қаратөбе ауданы Қарақоға, Крупская, Молотов орталау, Қаратөбе орта мектептерінде мұғалім болып талай шәкірттерін білім бұлағымен сусындатқан. 38 жыл ұстаздық еткен еңбегі бағаланған Баймұхан Бейбітов 1935 жылы Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет грамотасымен, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ұстаздық қызметі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Қазақ ССР-ның халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. 1947 жылы Б.Бейбітовке Қазақ ССР-нің «Еңбек сіңірген мұғалімі» атағы берілген.

Ерболат Райсов, 

Қаратөбе ауданы,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале