10.10.2022, 17:49
Оқылды: 71

Ұлғаным Қаменқызының бір кездері диктор болғанын білесіз бе?

Жуырда Мереке ауылына ат басын тіреп, ондағы үлкендердің аман-саулығын білдік. Шаңырақтарында болып, әңгімесін тыңдадық. Маңдайы ашық, жүзі жылы ата-әжелеріміздің айтары көп. Ауылдың тірі мұрағаты десек те артық болмас. Саналы ғұмырын ауылдың өркендеуіне арнаған жандар әлі де болса бар. Мереке ауылының байырғы тұрғыны, сол ауылда саналы ғұмырын өткізген Жармұқанова Ұлғаным Қаменқызының шаңырағына да бас сұғып, амандық саулық сұрастық. Сексенге таяп қалғанын айтпағанда, Ұлғаным Қаменқызын он жылға жасартып жіберіппін. Жүрісі ширақ, тың көрінеді. Лайым да солай болғай. Амандық сұрасқаннан кейін, ұстаздық жолмен жүріп өткен жолдарын әңгімелеп берген еді. 

d2b56c22-278f-42c9-8ab2-def635cb75b1

  -«Ұстаздық жол - ұлы жол» деп үлкендеріміз айтушы еді, бұрын. Рас екен. Талай шәкірт тәрбиелеп шығарсақ та, өзіміз де талай ұстаздың алдын көрдік. Олар бізді үлкен өмірге тәрбиеледі. Біздің адам болып қалыптасуымызға бар күш-жігерін аямады. Солардың бірі көп жылдар бойы мектеп директоры қызметін атқарған Қиматов Талап Кәрімұлын ерекше атап өткім келеді. Талай жыл қызметтес болдық. Ол кісі негізінен әкесінің орнына келген адам. Кәрім Қиматұлы ағайымыз да ауылдағы білім ошағын басқарды. Соғысқа қатысып, майдангерлермен бірге Отан қорғауға қатысқан жан. Біз ол кезде мектеп оқушысымыз. Кәрім ағайымыз тарих сабағынан мұғалім болды. Ал баласы Талап Кәрімұлы математикадан сабақ берді. Ол кісі тамаша адам болды. Айналасындағы адамдардың ешқайсысына да дауыс көтеріп көрген емес. Тек ол кісінің бір нәрсеге ренжіп көңілі толмай отырғандығын қабағынан байқайтын едік. Ол кезде жәй ғана айтып, қабағын шытатын еді. Соның өзі ұжымға жеткілікті болатын. Мұғалімдер күніне орай арнайы жәшікке әр бала өзінің пікірі мен құттықтауын жазып қалдыратын кездер болды. Сол кезде алып оқып көрсек, оқушылар мені ылғи да «қатаң апай» ретінде қабылдайды екен. Ал ол мінезім өзіме білінбейтін-ді. Талап Кәрімұлына келер болсақ, ол адамды оқушылар «добрый» деп жазатын. Бала деген періште ғой. Олар өтірік айтпайды. Анау жерде балалар ренжісіп жатса да айқайлап дауыс көтермей жәй ғана түсіндіре салатын. Бірақ ұжымда тәртіп өте жақсы болды. Өзін сыйлата білді. Кешкілікте қонақта бірге болсақ та, ертеңгі күні жұмыста арақашықтықты мықты сақтайтын. Кейін ойлаймын, сол кезде ол кісінің алды ауыр болып тұр ғой деп. Менің бір мінезім бар, тура айтқанды жаным қалайды. Жиналыс кезінде басшылардың ұсынысымен келіспейтінімді сол жерде қойып қаламын. Ал кейбір адамдар жиналыс біткен соң күмбірлеп бір-біріне айтып жатады. Ал мен ондайды жақтырмайтынмын. Ұнамаса сол жерде айтып кететінмін. Біздің мектептің математиктері өте мықты болды. Оның дәлелі облыстық жарыстардан жеңімпаз атанып жүрді. Талап Кәрімұлының балалары да математикадан алда болды. Жолдасы да математика пәнінің мұғалімі болды. Кейін үлкейді. Денсаулығы сыр бере бастады. Ол кісіден кейін мектептің тізгінін ұстаған Сағынғали Спашев деген азамат. Осындай жақсы адамдармен қызметтес болғаныма өзімді бақытты санаймын. Өзім отыз жасымда «Қазақ ССР-нің оқу-ағарту ісінің үздігі» атандым. Кейбір жылдары ауыл мектебі жанындағы жатақхананың меңгерушісі болдым. Бес жыл бойы ауданда алғы шепте жүрдік. Ол да болса жатақхана ұжымының ауызбіршілігі деп білемін. Ол кездегі оқушылардың ұстазды сыйлауы ерекше еді ғой. Алдыңнан кесе көлденең өтпейтін. Барлығы да тәртіп пен тәрбиеге байланысты шығар деп санаймын. 

Жақсы адамдардан тәжірибе жинадық

     Қазіргі таңда ойлап отырсам, ұстазға қатысты марапаттардың барлығын алыппын. Бұл да болса менің өмірдегі жеткен жетістіктерім мен еңбегімнің еленгені. Анда-санда грамота беріп мадақтап қояды. Қырық жыл мұғалім болған кісінің үйінде кітап пен сары қағаз (грамоталар) көп болады ғой. Ол кезде жаспыз. Соған да марқайып мәз болатынбыз. Бүкіл қоғамдық жұмыс менің мойнымда еді. Сол кездегі ауылда қандай жақсылық болса, соның басы-қасында жүретін едік. Бірде концертті жүргізсем, енді бірде аналар кеңесінің төрінде отыратын едім. Ауылдағы барлық жақсылықтың куәсі болыппын. «Аналар кеңесінің төрайымы», «Білім қоғамының төрайымы», «Қазақ тілі қоғамының төрайымы» тіпті әрбірден соң «Көше комитетінің төрайымы» қызметтерін де қатар алып жүріппін. Күнде лекция, күнде баяндама. Бес ферманы аралап концерт қоятын едік. Онда концерттік бағдарлама жүргізушісі. Сол секілді жұмыстар қайнап жататын. Кейде шаршағанда «Менен басқа адам жоқ па?» деп айтатын едім. Ол кездің өзі қызықты екен ғой. Ол кезде ауылды Семғали Ақжігітов басқарды. Қазіргі Абай көшесіндегі үйлер кезінде Семғали ағайымыздың салдырған үйлері болатын. Одан кейін мардымды үй салынған жоқ. Қалмақты бері қарай, ал ауылдың шетін Қалмаққа қарай созды. Ауылдың клубы мен мектебін сол шетке салдырды. Мақсаты екі ауылдың арасын жақындату еді. Мен ол кезде жатақхана меңгерушісімін. Жатақханада жүз бала тәрбиеленетін. Қалмақтан, Жайықбайдан балалар келіп жатып оқитын еді. Бір күні балаларыма «ет қажет» деп алдына барғанмын. Ол кісі менің әкеммен үзеңгілес өскен адам еді. Қанша жерден қарбалас жұмыс жасап жатса да «мына Қаменның қызының жұмысын бітіріп беріңіздер» деп ұжымына тапсырма берді. Әкем есіне түсе ме екен, әлде атымды ұмытып қала ма екен, әйтеуір «Қаменның қызы» дейтін еді. Теміреш Жанжігітов деген соғыс ардагеріміз болды. Соғыстан кейінгі жылдары ауылға келіп зоотехник қызметін атқарды. Сол кісінің кезінде қойдың саны артып, асыл тұқымды қойлар алынды. Ауыл шаруашылық институтының кейбір ғалымдары біздің ауылдың қойларына эксперимент жасап диссертация қорғаған еді.    

Қызығы көп қызмет

   Адам өмірінде өз жолын тапқанға дейін біраз қызметті жасап көретіндігі заңдылық. Бір кездері Орал қаласындағы облыстық телеарнада қызмет жасадым. Директордың шығарған бұйрығында «Режиссердің көмекшісі» деп жазылғанымен телеарна ішіндегі біраз жұмыстарды атқардық. Орыс тілінде Люба деген диктор болды. Ал сол уақыттар да қазақ тілінде дикторлық жұмысқа адам таба алмай жатты. Содан бағымды сынап көрдім. Әсіресе дикторлық қызметті ұнаттым өзім. Сдыков Наурызбай ағайымыз телеарна директоры болды. Бірақ мен ол ұжымда көп жүрмедім. Ұстаздық жолын таңдап ауылыма келдім. Сара деген дикторды бүкіл облыс таниды ғой. Сол қызбен институтта бір партада отырып білім алып шықтық. Телеарнаның да өз қызықтары бар. Әлемі бөлек. Алғашқы рет студияға кіргенде таң қалғанмын. Айнала жарықшамдар, үстел, микрофон, бейнекамера. Бәрі-бәрі адамға ерекше әсер етеді екен. Кейін оған да бойымызды үйреттік. Студияның іші жанып тұратын, ыстық еді. Оның үстіне бастығымыз тікелей қарап отырады. Диктор болғаннан кейін алдыңдағы тексттен қателеспеуің керек. Жауапкершілігі мол қызметтің қызығы да ерекше болды. Ол сәттер әлі күнге көз алдымда. Ұрпақ тәрбиелеу жолында қызмет еткенім үшін өзімді зор бақытты санаймын. Қазіргі таңда шәкірттерім абыройлы қызметтерді атқарып, елдің дамуына сүбелі үлестерін қосып жүр. Енді бірі кәсіппен айналысып, елдің алғысын алуда. Солардың атын естігенде бір марқайып қаламын. Жалпы шәкіртің болған қандай жақсы. Ұстаз деген атыңды ұлықтап жүретін шәкірттерің барына шүкіршілік етеді екенсің. Қазіргі таңда көптеген замандастарыммен, әріптестеріммен хабарласып, хал сұрасып тұрамыз. Өткен шақтағы қызықты сәттерді еске алып, әңгімелесеміз. Оның өзі адам баласына шаттық ұялатады екен...

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

      

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале