9.07.2024, 18:00
Оқылды: 207

Шыңғырлауда асық атудан облыс чемпионаты өтті

Шыңғырлау ауданында ерлер мен әйелдер арасында «Бес табан» және «Бес асық» асық ату ойындарынан Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті.

E9EC4B84-C9D7-4689-8F90-6D4777E200B0

Тамыры терең тарихымыздың тіні ажырамас бір белгісі, елдігімізді ертеңге жалғайтын ең асыл мұрамыз – ұлттық ойындарымыз. Оларды дәріптеу, насихаттау және осы орайда жасалған әрбір игі істің нәтижелі болуы – басты мақсат.

Дәл осындай ізгі ниетте ұйымдастырылатын ұлттық асық ойындарының деңгейі жоғары додасы ауданымызда өткені – шыңғырлаулықтар үшін үлкен мәртебе.

Батыс өңірінің бірқатар ауданынан ауылымызға ат басын бұрған спортшыларды Шыңғырлау елі қуана қарсы алды. Киіз үй тігіліп, қазақы дастархан жайылды. Бұл  ұлттық спорттың мәртебесін биіктетіп жүрген жанашыр жандардың патриоттық рухын бір көтерген құрмет еді.

AC79F752-B84D-4AB6-9A49-B820BA2F4F68

Облыстық чемпионаттың салтанатты ашылуы Әнұранды шырқаумен басталып, келген командаларды таныстырумен жалғасты. Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев, «Орал қалалық «Асық ату» федерациясы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Айнұр Мырзагереева, БҚО бойынша асық атудан аға жаттықтырушы Ержан Өтеғалиев ұлттық спортты дамытудың маңызын айта өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, асық атудан облыстың жекелей және командалық сындарында талай мәрте жеңімпаз атанған, республикалық деңгейде өңіріміздің намысын қорғап жүрген жерлесіміз Мейірман Меңдалиев, осы спорт түрінен жетістіктерге жетіп жүрген Сырым ауданының спортшысы Әсет Нығмет ҚР Асық ату федерациясының атынан «Алтын сақа» төсбелгілерімен марапатталды.

Айта кетелік, аудан үшін жасалған игі істерде өз үлесін қосып жүретін жерлесіміз, «Qareket Engineering LLP» директоры Санат Кумашев доданың бас демеушісі болды. Қаладан келген қонақтардың, қатысушы командалардың, спорт сүйер қауымның ауқымды чемпионаттың ұйымдастырушыларына, аудан әкімдігіне, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне, Ақбұлақ ауылы әкімі аппаратына және демеушіге ризашылығы зор.

30D40DBD-428C-4241-9249-128582E88684

Тартысты ойындардың нәтижесі бойынша жеңіс тұғырынан көрінген, үздік ойын көрсеткен спортшылар БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы атынан диплом-медальдармен, Шыңғырлау спорт клубы атынан бағалы сыйлықтармен және дода демеушісінің атынан қаржылай сертификаттармен марапатталды.

Ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық спортымыз лайықты деңгейде дәріптеліп, мәртебесі бұдан да биіктей түссе, ұлттығымыздың негізі мызғымасы анық. Бұл – елдігіміздің тұғыры мәңгі берік болуы үшін жасалуы қажет маңызды қадамдар. Сондықтан да сіз бен біз болып, бабалар мұрасын жоғалтпай, жарқырата көрсету, ұрпақ тәрбиесінде ұтымды пайдалану аса маңызды.

Гүлжазира Асу

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале