Шіліңгір шілденің де бел ортасына таядық. Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынаған түлектер болашақ оқу орнын, оқитын мамандықтарын таңдау үстінде болса, енді біреулері ата-анасының таңдауын құп көре салулары бек мүмкін.
Жалпы 2022-2023 жылғы оқу жылының қорытындысы бойынша Сырым ауданында 11 сыныпты 176 түлек тәмамдаған болса, оның 171-і тестілеуге қатысты. Тестілеуге қатысқандар ішінде 17 алтын белгі, 7 үздік аттестат иелері болды.
Ал ұлттық бірыңғай тестілеуден бақ сынаған түлектер ішінен 15 оқушы ең кемі 94 балл алса, ең жоғары 129 балды бұлдыртылық Сұлтан Тұяқов иеленді.
Аталған жоғары балл жинағандар арасында 11 жыл бойы мектептің қоғамдық өміріне белсенді араласқан да, үздік аттестатқа ие болған да, алтын белгісін қорғаған да шәкірттер бар. Ал енді төмен балл жинап қалған оқушыларға «еңселеріңіз түспесін» дегіміз келеді. Өмірде адам болып қалу, тұлға болып қалыптасу үшін тестілеудің нәтижесі, аттестаттың бағасы барлығын шешпейді.
Осы орайда заман көшіне сай «проферентолог» мамандығы біздің ауданға да келгеніне көп болмаған. Бүгінгі таңда ауданымызда 12 проферентолог маман бар екен. Ол маман иелерінің негізгі жұмысы оқушыға кәсіби бағыт-бағдар, мамандық таңдауға жол сілтеу. Келер жылы аталмыш маман иелері қандай мамандық таңдарын, қай салада білім аларын білмей жүрген балаға дұрыс бағыт сілтеп, сұранысқа ие мамандардың өсіп шығуына септігін тигізер деген үміттеміз. Алайда, мектептегі мамандар мен ұстаздардан бұрын балаға үйдегі тәлім-тәрбие, білім алуға қолайлы жағдай туғызу ата-ананың міндеті екені белгілі. 11 жыл бойы алған білімінің жемісін оқушы да, ата-ана да көрері, қуанары сөзсіз. Жоғарыда аталған жоғары балл алған шәкірттер де жылдар бойы еңбектеніп, енді бірі арнайы курстарға, қосымша сабақтарға қатысқан. Сол үздіктердің пікірлерін назарларыңызға ұсынғымыз келіп отыр.
Әзілхан Амандық, Сырым мектеп-лицейі, 126 балл:
Жоғары балдың артында үлкен еңбек, кітапты жата-жастанып оқитын ұйқысыз түндер жатады. Мен тестілеуге 10 сыныптың соңынан бастап дайындалдым. Арнайы репетиторға барғаным жоқ. Бірақ, 2 онлайн курсқа жазылған едім. Шыны керек, күндіз-түні өз өзіңді зорықтырып, тестке беріліп кетуге де болмайды. Жүйкені сақтап, арнайы уақытпен дайындалған жөн дер едім. Өз басым алғашында дайындыққа күніне 1-2 сағат дайындалып бастаған едім, кейіннен біртіндеп 4-5 сағатымды арнадым. Алдағы уақытта Алматы қаласындағы Абай университетінде математика пәні мұғалімі болып білім алғым келетінін түсіндім. Ештеңе де оп-оңай, өздігінен келе салмайды. Келер жылы бітірер іні-қарындастарыма, егер мен секілді физика-математика бағытын таңдар болса, көбірек есептер шығарып, жаттыққан дұрыс дегім келеді. Ал жұрт айтатын «тоқтаусыз дайындалу керек» деген тұжырыммен келіспеймін. Тестті күніне неше сағат оқитының маңызды емес, маңыздысы 1-2 сағат болса да бар зейініңді қойып оқыған дүние есте жылдам сақталады, әрі жүйкеңізді артық құртпайсыз.
Нұрсұлтан Тоқтар, Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешені, 120 балл:
Менің жоғары балл жинауымның тарихы бөлек. Өзге қатарластарым, замандастарым сияқты кітап арқалап мектепте жүрмедім. Оған себеп, уақытымды үнемдеп, тестілеуге дайындалатын уақытымды тиімді пайдалану болатын. Атап айтсам, Ұлттық бірыңғай тестілеуге 2022 жылдың қыркүйек айынан, онлайн бастадым. Онлайн курс оқу барысында, еліміздің басқа өңірлеріндегі білікті ұстаздардан сабақ алдым.Болашақта Астана медициналық университетіне «Дәрігер» мамандығына оқуға түсуді жоспарлап отырмын. Таңдаған пәнім биология-химия пәндері. Жалпы маған және замандастарыма соңғы оқу жылдары қиындығы мен қызығы қатар жүрді. Бір қуантарлығы, біздің толқын – кілең мықтылар екен.
Біздің ізімізді басар келер жылғы түлектерге қысқаша кеңес бергім келеді. Ең алдымен – мамандық пен пән таңдаудан қателеспеу керек. Ол таңдауды жасағаныңыз өз алдына сол мамандыққа, болашаққа қажетті ресурс жинауды ертерек қолға алу керек. Әркімнің таңдауы әртүрлі екенін білеміз. Әйтсе де, 10 сыныпта немесе 10 сынып бітірген бойда фокусыңыз тек білім алуда, ойыңыздағы мамандыққа қол жеткізуде болу керек. Айта кетер тағы бір жайт, 11 сынып оқушысы тек мектептің білім беру форматымен шектеліп қалмай, қосымша онлайн, оффлайн курстарға қатысып, білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Себебі ол жақтан дайыныдығың еселенгені өз алдына, дамушы ортаң қалыптасады. Ең бастысы, кез келген қиындыққа сынып қалмай, күн сайын аз-аздан үздік әрекет жасап отыру маңызды. Бүгінгі таңда жеткен жетістігім үшін отбасым мен ұстаздарыма алғыс айтқым келеді.
Сұлтан Тұяқов, Бұлдырты орта мектебі, 129 балл:
Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығым өте жоғары деңгейде болды десем, артық айтқандық емес. Олай деуіме себеп, қосымша білім беру орталықтарынан, физика, математика пәндерінен арнайы курстар сатып алдым. Өзімнің дайындығым жүйелі екеніне сенімді болған соң былтыр желтоқсан айында геометрия пәнінен курс алдым. Тестілеуге дейін физика, математика пәндерінен облыстық, республикалық олимпиадалардан жүлдегер атанып жүргендіктен аталған пәндерді оқу маған қиындық туғызған жоқ. Ал арнайы онлайн курстарды тек білімімді толықтырып, әрі қарай жетілдіру үшін сатып алып дайындалған болатынмын. Өзіме деген сенім қаңтардағы тестілеуде жоғары балл алуыма септігін тигізген болса, жазғы тестілеуде 129 балл иеленуге септігін тигізді. Тіптен, өзім білім алып жүрген қосымша білім беру орталықтары менің физика, математика, геометрия пәндеріне алғырлығымды байқап, мені ерекше, арнаулы балалар оқитын топқа қосты.
Болашақта өзімді математика пәнінің мұғалімдерін даярлау мамандығына, Абай атындағы қазақ ұлттық университетінің студенті ретінде көремін. Ал, келер жылы біз секілді мектеп бітіретін түлектерге айтар кеңесім, жүйелі дайындық пен өздеріңізге деген сенім керек. Құрметті болашақ түлектер, дайындықты тамыз айынан бастап, 10 ай бойы үзбей, тыңғылықты дайындалсаңыздар, қалай да 130 немесе одан көп балл сіздерге бұйырады. Алғашқы тоқсандарда мида база қалыптастырып, барлық пәндерді қамти білген абзал. Кейіннен жүйелі дайындықтан қол үзбесеңіздер, бәрі де жақсы болады. Сөз соңында айтарым, тестілеуге дайындық кезінде отбасым, ұстаздарым мен туыстарыма, достарымның қолдауының арқасында жоғары балл жинап шықтым деп есептеймін.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz