10.11.2025, 23:00
Оқылды: 73

Ұлттық дәстүрді ұлықтаған ана

Баяғы әжелердің сарқыты тәрізді қолына жүн алып, түтіп, жуып, көрпе жасап, қазақы тірліктің отын өшірмей жүрген аналарымыз бар. Бірақ қазір заман басқа, елдің көбісі сотка ұстап, экранға үңіліп отырған уақытта, бұрынғы әжелердің ізін жалғап отырғандар некен-саяқ. Әлбетте киіз басып, жүн түтіп, ауылдың ортасында шаруаға кірісіп отырған әжемізді көрсең, баяғы ауылдың иісі сезіледі. Сол ұмыт бола бастаған дәстүрдің сарқыты, міне Шолпан Махатова.

photo-output

Шолпан апа Казталов ауданының құрметті азаматы, жерлес ақын Ұзақбай Мақатовтың қызы. Аудан бойынша ең алғаш жеке шаруа қожалығын құрған еңбек адамының бірі. Шолпан Ұзақбайқызы біраз жыл К.Меңдәлиев мектебінің кітапханашысы болып қызмет атқарды. Бүгінгі таңда «Шапағат» әжелер ансамблінің мүшесі бола жүріп, еңбекті дәріптеп жүрген асыл ана.

«Біз қойшының қызы болып өстік қой» - деп әңгімесін бастады Шолпан апа. «Бұрын ата-анам қой қырқып, жүнді үкіметке престеп тонналап тапсыратын. Жүн біздің табысымыз, тірлігіміз, тірегіміз болатын. Анам өте шебер еді. Көрпені де, киізді де, оюын да өзі жасап шығаратын. Маған да соның бәрін үйретті. Сол бала кездегі еңбек көз алдымнан кетпейді».

⚜️Шолпан апаның да өмір жолы оңай болмаған. Енесі сырқаттанып, артынан 52 жасында өмірлік жары да ауыр дерттен дүниеден өтеді. Сол қиын кезеңде күнкөрістің, отбасының жауапкершілігі өз мойнына түскенде, қолына қайтадан жүн алған. Алматыдан арнайы жүн түтетін машинка алдырып, көрпе жасауды кәсіпке айналдырған. “2017 жылдан бері тоқтаусыз жүн түтіп, көрпе жасап келемін. Жүн далада шіріп жатқанда жаның ашиды. Еңбек далаға кетпесін деп істеймін” -дейді.

Шолпан апаның қол қусырып отыратын күні жоқ. Жаз шықса, немере-жиендерін еңбекке баулып, жүн жуғызады, шоғайнасын жұлдырады. «Еңбек етсең емерсің» дегенді көріп өскен ұрпақ екені бірден білінеді. Бүгінде жолдасы бастаған шаруа қожалықты балалары жалғастыруда. Қызы Әлия – еңбек пәнінің мұғалімі, қазірде түрлі бұйымдар жасап, ауданда танымал шебер атанып жүр.
Бұл бүтін бір еңбек әулеті, дәстүрдің көшін үзбей келе жатқан киелі отбасы.

«Көрпе жылылық. Көрпе береке» деп отырады Шолпан апа. Сондықтан болар, оның қолынан шыққан әр көрпе қазақы иіс аңқытып, ұлттық болмыстың бөлшегіне айналуда.

Шолпан апаның қолымен жасалған көрпеден қазақы иіс сезіледі. Қазір дәстүрлі тіршілікпен айналысатын әжелер азайып барады. Бірақ Шолпан апа барда, қазақы еңбек пен ұлттық рухтың оты өшпес. Біздің ширақ Шолпан Ұзақбайқызы өткеннің мұрасын бүгінге жеткізуші, ертеңгі ұрпаққа жол қалдырушы, ақжаулықты аналарымыздың тірі шежіресі деп білеміз.

Жұлдыз Асқар
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале