26.01.2023, 21:56
Оқылды: 45

Ұлттық мәдениетті ұлықтаған қуыршақ театры

24 қаңтар күні ауданымызға қарасты Жаңажол ауылдық округінің Жаңажол жалпы орта білім беретін мектебінде «Мектеп – отбасы» тақырыбында ашық есік күні оздырылды. Ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, оқушылардың шығармашылық біліктіліктерін дамыту және білімді насихаттау, ата-аналар үшін педагогикалық ағарту ісін ұйымдастыру және отбасыларды мектептің қоғамдық жұмыстарына тарту мақсатындағы іс-шарада «Тағылым» аналар клубының балаларға арналған қуыршақ театрының тұсауы кесілді. 

IMG-20230126-WA0111

Бұл жөнінде Жаңажол ЖОББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Бегалиева кеңінен баяндады. - Мектебімізде жыл сайын жоспарға сәйкес ашық есік күні ұйымдастырылады. Бұл жолы мектебіміздің «Тағылым» аналар клубының жетекшісі Анар Шаканаеваның бастамасымен балаларға арналған қуыршақ театырының тұсаукесер рәсімін өткізуді жоспарладық. Анар Шаканаева ханым – ісмерлігімен ауданымызға белгілі жан. Аналар клубының мүшелерінің басын бір арнаға біріктіріп, «Алдар көсе» және «Жеті лақ» ертегілерінің кейіпкерлерін қолдан тігіп, образдарын өз дауыстарымен сомдады. Ертегілерге дайындық жұмыстарына бір айға жуық уақыт жұмсалды. Алдағы уақытта бірнеше қазақ ертегілері жарық көріп, кейіпкерлерді мектеп оқушылары дыбыстайтын болады, - деді Гүлшат Шынболатқызы.

IMG-20230126-WA0117

Технологияның дамыған заманында ескі өнердің жаңғыруына септігін тигізіп, қазақ ертегілерін, мәдениеті мен өнерін өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге бет бұрған  аналарымыздың бұл бастамасы көпке үлгі болмақ.

Асылбек Нәсіпқали,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале