23.08.2026, 19:20
Оқылды: 8

Ұлттық нақыш, велошеру және өнегелі отбасы: Жаңақалалықтар сайлауда белсенділік танытты

Жаңақала ауданындағы маңызды саяси науқан ерекше бастамалар мен жарқын сәттерге толы өтуде.

IMG_7660

Аудан орталығындағы №113 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген Айбол Арыстанов маңызды саяси шараға ұлттық нақыштағы киіммен келіп, көпшілік назарын аударды.

Қазақы ою-өрнекпен көмкерілген киім оның азаматтық ұстанымы мен ұлттық құндылыққа деген құрметін аңғартты. Дауыс беру рәсімінен өткен Айбол Арыстанов: «Бүгін елімізде ең таңдаулы әрі өзекті сайлау. Еліміздің ертеңін ойлайтын азаматтарымыз көп болсын. Қазақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, егемендігіміздің іргесі ажырамасын, ұлттық киімімізді ұлықтап жүрейік», – деп елдікке шақырып, ақ тілегін білдірді.

209ae5cb-6131-4dd8-a083-9f5338ac42f5

Маңызды саяси күнде ерекше белсенділік танытқандардың бірі – аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы. Руханият өкілдері сайлау учаскесіне бір сәтте, ұйымшылдықпен велошеру жасап келіп, азаматтық парыздарын өтеді.

Салауатты өмір салтын насихаттап, елдегі маңызды оқиғаға сергек көңіл-күймен қатысқан кітапханашылар: «Бүгінгі күн – ел болашағы үшін маңызды сәт. Салауатты өмір салты мен азаматтық жауапкершілікті қатар ұштастыру мақсатында сайлауға велошерумен келуді ұйғардық», – деп атап өтті.

Мәдениет өкілдерінің бұл ерекше бастамасы тұрғындар мен комиссия мүшелерінің ыстық ықыласына бөленді.

1df9b528-ebff-4c47-9b33-489c2fd64524

Ал №127 сайлау учаскесінде мерекелік көңіл-күймен өткен дауыс беру барысын Бақтығұловтар әулеті одан әрі жандандыра түсті. Ұрпақ сабақтастығын берік ұстанған отбасы бұл жауапты сәтке үлкенінен кішісіне дейін толық құраммен келіп, кішкентай немерелерін де ерте келді. Балаларға ел болашағына жауапкершілікпен қарауды үйретіп, азаматтық позиция қалыптастыруды мақсат еткен әулеттің бұл өнегелі қадамы жиналғандарға ерекше серпін берді.

Райхан Амантайқызы,

Айгерім Төлепова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале