13.11.2023, 17:45
Оқылды: 36

Ұлттық теңгеге 30 жыл: аудандық турнир өтті

Жәнібек аудандық спорт клубында ұлттық теңгенің 30 жылдығына арналған интеллектуалды ойындардан ерлер, әйелдер және оқушылар арасында аудандық турнирі өтті. Нақтырақ айтсақ, аудан тұрғындары шахмат, дойбы және тоғызқұмалақтан сынға түсті.

dd05ae4a-eafc-44cf-ae02-debefec828b0 (1)

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Тимур Шиниязов:

- Ұлттық теңгенің 30 жылдығына арналған интеллектуалды ойындардан ерлер мен әйелдер және оқушылар арасында аудандық турнирдің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Аталған мереке аясында бүгінгі күні ауданымызда интеллектуалды ойындар басталғалы отыр. Бұл ойындардың адам үшін ойлау қабілетінің артуы, тез арада шешімдер қабылдау, есте сақтау қабілетінің артуына септігін тигізері сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда шахмат ойыны кеңінен танымал. Елімізде 7 мыңнан астам шахмат секциялары жұмыс жасаса, 200 мыңнан астам адам шахматпен айналысады. Біз бұл көрсеткіштерді одан әрі дамытуға тиіспіз. Біздің шахматшыларымыз әлемдік бәсекелерде сәтті өнер көрсетуде. Біз бұл спортты қолдауға баса мән береміз» деген болатын. Ауданымызда да аталған интеллектуалды спорт ойындары, оның ішінде шахмат ойынын дамытуға баса назар аударылады, іс-шаралар жоспары әзірленіп, дәстүрлі түрде шахмат ойынын өткізуді қолға аламыз. Мереке құтты болсын! - деп қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев те сөз алып, жарысқа қатысушылардың рухын биіктетіп, шабыттандыра түсті. Турнирге аудан тұрғындары, соның ішінде ақсақалдар мен ақжаулықты аналар, қарапайым тұрғындар мен мемқызметкерлер, мектеп оқушылары мен мүмкіндігі шектеулі жандар қатысып, бақ сынады.

Нәтижесінде тоғызқұмалақ ойынында ұлдар арасында 1-орынды Ришат Серіков алды. Ерлер арасынан Берен Асанғалиев жүлделі 1-орынға ие болып, жеңіс тұғырынан көрінді. Әйелдер арасынан ой жүйрігімен алға шыққан Райгүл Шагирова болса, қыздар арасынан жүлделі 1-орынға Асылзада Телағысова ие болды.

Ерлер арасында шахмат ойыны бойынша 1-орын Абзал Мұратқалиевқа, әйелдерден 1-орын Мейрамгүл Нұртаеваға бұйырды. Ұлдар арасынан 1-орынды Ермұхаммед Шиниязов, ал қыздар арасынан Эльза Шагирова алды.

Дойбы ойыны бойынша ерлер ішінен Бейбіт Аронов оқ бойы озық шықса, әйелдерден 1-орынға Сәуле Нығметуллина ие болды. Ұлдар арасынан 1-орын Мансұр Керейге, қыздардан Ақерке Қанатқа бұйырды.

Жүлдегерлерге арнайы диплом мен ақшалай сыйлық табысталды.

 

Айсұлу Жұмабай,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале