23.03.2026, 18:23
Оқылды: 0

Ұлыстың ұлы күні – береке мен бірліктің бастауы

Шыңғырлау ауданы төрінде табиғатты түлетіп, тіршілікке жан бітіретін көктемнің көркем мерекесі – Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Жыл басы саналатын бұл ұлық мереке аудан тұрғындарын бір арнаға тоғыстырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған думанды күнге айналды.

WhatsApp Image 2026-03-22 at 15.09.17
Аудан орталығында сән-салтанаты келіскен бірнеше киіз үй мен мерекелік шатырлар тігіліп, жұртшылыққа кең дастархан жайылды. Алаң төрінен орын алған әсем сахнада ән мен күй әуелеп, би өнері көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Жиналған қауым наурыз әндерін бірге шырқап, ұлттық билерге қосылып, мерекенің сәнін келтірді.

WhatsApp Image 2026-03-22 at 14.37.22
«Наурыз – жаңарудың жаршысы, жақсылықтың бастауы» демекші, бұл күні тұрғындардың басым көпшілігі ұлттық киіммен келіп, салт-дәстүрге деген құрметін айқын көрсетті. Бұл көрініс мерекенің ажарын аша түсіп, ұлттық рухты асқақтатты.
«Ұлыс күні қазан толса, сол жылы ақ мол болар» деген халық даналығына сай, ауданның дербес бөлімдері мен мекемелері, білім беру ұйымдары және кәсіпкерлердің қолдауымен әрбір киіз үйде ақ дастархан жайылып, қонақтарға наурыз көже мен түрлі ұлттық тағамдар ұсынылды. Көпшілік бір- біріне «жас құтты болсын» айтысып, дастархан басында да шұрқыраса табысты.

WhatsApp Image 2026-03-22 at 16.56.17
Мерекелік шара барысында ұлттық спорт ойындары да назардан тыс қалмады. Арқан тарту, қой көтеру сынды сайыстарда қыз-келіншектер мен ер-азаматтар бақ сынасып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев тұрғындарды мерекемен құттықтап:
«-Қадірменді жерлестер! Жаңару мен жасампаздықтың бастауы- Ұлыс күні құтты болсын! Үлкендеріміз аман, балаларымыз шат болсын. Ауданымыз көркейіп, дами берсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын!» – деп ізгі тілегін білдірді.
Халық түсінігінде «Самарқанның көк тасы жібіген күн» саналатын бұл мереке күні ел ішінде татулық пен мейірім ерекше сезілді. Көпшілік сахнадағы концертті тамашалап қана қоймай, киіз үйлерді аралап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Аудан басшысы да әр киіз үйге арнайы бас сұғып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

WhatsApp Image 2026-03-22 at 16.53.57
Айта кету керек, мерекелік шаралар бұған дейін де бірнеше күннен бері жоспарлы түрде тойланып келген. 14 - наурызда бастау алған «Көрісу күні»- нен(Амал мерекесі) бері, «Қайырымдылық күні», «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», «Шаңырақ күні», «Ұлттық киім күні», «Жаңару күні», «Ұлттық спорт күні», «Ынтымақ күні», «Ұлыстың ұлы күні» және «Тазару күні» боп жалғас тапқан әр күндерде түрлі шаралар ұйымдастырылып келді. Осыдан бір күн бұрын аудан орталығындағы «Дән» кәсіпорны аумағында, Көкжайлау және «Маршалл Жуков» көшелерінде де тұрғындардың ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткізілген болатын.

WhatsApp Image 2026-03-22 at 15.09.21
Халқымыз Наурыз мейрамын тек мереке ғана емес, ол – жаңару мен жаңғырудың, бірлік пен татулықтың символы деп таниды. Сондықтан ұлық мерекені- «Жер бетіне жақсылық ұялаған күн – Наурыз» деп түйсініп, ізгі амалдар мен мерекелі думандар ұйымдастырады. Бұл жолы да аудан жұртшылығымен тағлымды мереке тамаша аталып өтті.

Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале