Бәйтерек ауданы Кирсанов ауылында төл Жаңа жылды төрге оздырған «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты шырайлы шара өтті. Январцев ауылдық округіне қарасты шағын ауылдағы ашық алаңға ақшаңқай киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылып, ауыл азаматтары арқан тартыс, асық атудан сынға түсті. Кирсанов негізгі орта мектебінің оқушылары орындаған әсем ән мен күмбір күй ауыл тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлады.
Қазақы ғұрыпқа сай шашу шашылып, бесікке салу рәсімі көрсетілді. Құттықтау сөз сөйлеген Кирсанов негізгі орта мектебі директоры Гүлзада Бекболатова баршаға қош келдіңіз айтып, білім ұясының тұрақты демеушілерін, көп жыл қызмет атқарған мамандарды және белсенді ата-аналарды марапаттады. Ал ақ жаулықты аналар жыл өткен сайын Наурыз тойы жаңарып, ұлттық бояу айшықтала түскеніне, биыл ерекше аталып өтіп жатқанына риза.
- Кирсанов ауылында 1978 жылдан бері тұрамын. Мектепте 33 жыл бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмыс істедім. Жыл сайын ұлттық киім киіп, қазақша өлең-жырларымызды айтып, көрісіп, ұлттық тағамдарымызды әзірлеп, жаңа жылымызды қарсылаймыз. Бұл - өкпе-реніші болса кешіріп, адамдар қауышып, ынтымақ пен береке дәріптелетін күн. Біз де соған сай болуға тырысамыз. Ертең жераяғы кеңіген соң көшеге шығып тазалық жұмыстарын жүргізіп, тал-терек егеміз. Жалпы, бұл мейрам адамды жаңа биікке көтереді, тазалыққа баулиды. Биыл Наурызнама аясында әр күнге айдар тағылып, жақсылыққа арналғаны төл мейрамды түлеткендей әсер берді,-дейді ауыл тұрғыны Ақкүміс Байболатова.
Облыс орталығынан арнайы келген көркемөнерпаздар мен Кирсанов мектебі ұстаздары және шәкірттерінің орындаған әсем әні, төкпе күйі, көңілді биі және жыр жолдары көпшіліктің ықылас-қошеметіне бөленді.
Айту керек, шекараға жақын орналасқан Кирсанов ауылында қазіргі таңда 297 адам бар. «Қаладан ауылға» бағдарламасымен жаңа үй салу, ауылға жас мамандар мен көп балалы отбасыларды тарту биылғы жоспарда тұр. Көгілдір отын тартылған, биыл су кіргізу ісі қолға алынбақ.
- Біз әсіресе Кирсанов негізгі орта мектебіне қолдау көрсетуге тырысамыз. Қазіргі таңда мектепке дейінгі бүлдіршіндерге арналған шағын орталықтың ашылуы бағытында жұмыстанып жатырмыз. Көпбалалы отбасыға арнап ауылдан үй сатып алып, күрделі жөндеу жүргіздік. Сондай-ақ тағы бірнеше баспананы қалыпқа келтіру ісі жоспарда. Ауылдың болашағы бар,- деді «АгроСервисБатыс» ЖШС директорының орынбасары Дархан Имашев.
Концерттен кейін жиылған жұртшылық Наурыздың отауында бас қосып, ақтан дәм татып, бір-біріне деген жылы лебіздерін білдірді.
Гүлжаз Балелова,
Бәйтерек ауданы