26.05.2023, 22:51
Оқылды: 47

Үміткерлер халық алдында

Теректі ауданы, Шалқар ауылдық округі әкімінің  сайлауына байланысты кандидаттар арасында пікірсайыс турнирі өтті.

ш 1

Естеріңізге сала кетсек, 28 мамыр күні Шалқар ауылдық округі әкімі лауазымына  кезектен тыс сайлау өтеді.

Аталған сайлауға түсуге  үш адам тіркелген. Соның ішінде Шынтемір Тілешжан «AMANAT» партиясынан және екі үміткер - Қадыр Разиев пен Фарид Шарипов өзін-өзі ұсынды.

Пікірсайысқа облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері Асқар Жәнібеков пен Асыланбек Губашев, қоғамдық ұйым өкілдері, қауымдастық өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты.

Пікірсайыс үш кезеңнен тұрды, қатысушылар жеребе арқылы таңдалды. Атап айтар болсақ, алдымен   кандидаттар сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Әр қатысушыға 5 минут уақыт берілді. Сол уақыт ішінде олар өз жоспарларын ортаға салды. Бірінші болып  бағдарламасымен таныстырған Қадыр Болатұлы округті көркейту - көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысатынын және ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге, зейнеткерлер, мүгедектер, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына мемлекет тарапынан көмек көрсетілуін бақылауда ұстайтынын жеткізді.

«AMANAT» партиясы атынан түскен Шынтемір Халиматұлы шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің санын көбейтіп, ауылдардың әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосып, жұмыссыздар санын азайтуға жұмыстанатынын айтты. Сондай-ақ, ауылдан шыққан танымал тұлғалардың өмірі мен еңбек жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде насихаттауға үлес қосатынын да тілге тиек етті.

Фарид Радикұлы инвестиция тарту арқылы бизнес саласында жаңа жұмыс орындарды ашу, жаңа табыс көздерін іздеу жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алатынын  айтты.

Содан соң  сұрақ беру кезеңінде әкім лауазымынан үміткерлерге  ауылды дамыту және де өзге де өзекті мәселелер төңірегінде  сауалдар қойылды.

Соңында ауыл тұрғындары  тарапынан мүгедектігі бар жандармен жұмыс, Дуана мен ескі Шалқар ауылдарының жолы, ауыз су, ауылға жастар тұрақтап қалу үшін қалай жұмыстанасыздар деген сұрақтар қойылды.

Сайлауға қатысқан аудандық-аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Арсен Бақытжанұлы қатысушыларға алғысын білдіріп:

-Пікірсайысқа түскен кандидаттар толық өздерін, бағдарламаларын ашып айта алды. Ендігі кезек, халық үшін жұмыс жасайтын әкім таңдау. Шалқар ауылдық округі тұрғындарын белсенді сайлауға қатысуға шақырамыз,-деді өз сөзінде.

 

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале