Жаз басталса, ауыз су тапшылығынан көретін қиындығымыз аз емес. Соның ішінде Ақжайық ауданы орталығында жағдай аса ушығып тұр. Әсіресе ауруханалар күн санап өршіген індеттің шеңгеліне іліккен науқастарға лық толған кезеңде медицина қызметкерлеріне мұның ауыр соғатыны аян.
Ақжайық аудандық "Жайық таңы" газетінің өткен сандарында да күйіп тұрған мәселенің түйінін талдап, халықты үнемге шақырып, жергілікті биліктің бір қарекетті қолға алуын күткен болатынбыз.
Сөйтсек, көптен бергі тілегіміздің орындалып, судың қашан шүмектен сыздықтап аққанын күтіп телміретін уақытты артқа тастайтын күн де жақындап қалыпты. Ауылдық округ әкімі Нұртаза Нәбиденовтың айтуынша, Чапаев ауылынан бір шақырымдай жерден жаңа ұңғыма қазылып, одан шыққан су сынамадан өтті. Бір қуанарлығы, бұл ұңғымадан секундына 5,5 литр, ал тәулігіне 475 текше метр су шығады. Ал ауылға, яғни тек бір ұңғыманың өзі кентке қажетті су мөлшерінің тең жартысына жуығын қамтамасыз етуге қауқарлы. Сонымен бірге осы тұстан тағы бір ұңғыма жөнделмек, сарапшылардың пікірінше, бұл жерде де су қоры мол екен. Егер осыған дейін 3 ұңғыма бірге жұмыс істегенде, секундына не бары 4,1 – 4,2 литр бергенін ескерсек, аудан орталығының тұрғындарын бүгінгідей кесте бойынша емес, үзіліссіз сумен қамтуға қордың жеткілікті болатыны анық.
– «Таза су» бағдарламасы бойынша бұрын іске қосылған су құбыры бүгінде үзіліспен жұмыс жасап жатқаны көпке мәлім. Қазір қолданыстағы сорғыларға жүктеме мол. Өйткені ауыз су жүйесін жобалаған кезде тек көшедегі колонкалар есепке алынған. Су құбыры желісіне тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың қосылуы бұл бағдарламада есептелмеген еді. Ұңғымадан шыққан су резервуарға айдалып, осыдан соң су мұнарасында біраз уақыт бойы тұнып, тек содан кейін ғана ауылішілік су құбырларына жіберілуі керек болса, қазір су тапшы болғандықтан, бар су мұнарада тұндырылмай, халыққа тікелей айдалып жатыр. Енді екі ұңғыма іске қосылғаннан кейін, су тек барлық тиесілі процедуралардан өткен соң ғана тұрғындарға жеткізіледі, яғни жаңа ұңғылар бүгінгідей қарбаласты сейілтуге септеспек», - дейді Нұртаза Нұрхатұлы.
Қазір ұңғыма басында қызу жұмыс, үздіксіз токпен қамтамасыз ететін трансформатор орнатылып, ауылішілік су жүйесіне қосатын құбырлар төселуде. Бұйыртса, 10-15 күннің ішінде жаңа ұңғымалар іске қосылып, тамшы суды таңдайымызға тамызық еткен осы күндерді де ұмытармыз.
Әлия Серікқызы
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz