29.06.2022, 19:18
Оқылды: 32

Үнжария ұжымы ұлықталды

28 маусым – Бұқаралық ақпарат кұралдары күніне орай Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Біржан Меңешов аудандық «Орда жұлдызы» газеті ұжымын қабылдады.

7EE43043-8C7A-4760-A74E-07580DD374CD
Біржан Нұрланұлы бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекетті қалыптастыру, идеологияны жүзеге асыру бағытындағы жұмысының ауқымдылығына тоқталып, осы ретте шағын болса, атқарар қызметі орасан аудандық газет редакциясының жұмысын жоғары бағалады. Сонымен қатар аудан әкім Нұрлыбек Даумовтың:
«Журналистика – өте қызықты әрі жауапты мамандық. Сіздер күнделікті еңбектеріңізбен елімізде болып жатқан оқиғалардан хабар таратып, ақпараттық кеңістікті толықтырып отырасыздар. Ойы орамды, тілі өткір мақалалар жариялап, көпшіліктің көңіл көкжиегін биіктетіп, қоғамдық пікір қалыптастырасыздар. Ұлттық құндылық, тіл мен дін, ұрпақ тәрбиесі бағытында үнемі тұщымды материалдар жариялап, оқырманды рухани қанағаттандырып келесіз.
Сізге тынымсыз қызметіңізге деген адалдығыңыз, маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге зор үлес қосып келе жатқаныңыз үшін алғысымды білдіремін» деген сөздері жазылған алғысхаттарын салтанатты түрде табыстады.
Қабылдауға қатысқан қоғамдық кеңес төрағасы Тілеген Арыстанбеков пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Исатай Құрмашев, аудан әкімі аппаратының басшысы Асқар Әжіғалиев және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Данагүл Ғайноллина сөз алып, журналист қауымына деген ыстық лебіздерін білдірді және құттықтау хаттарын табыстап, сыйлықтарын тарту етті.
Осы жиында аудандық үнжарияның директор-редакторы Ұлпан Жакина мен жауапты хатшысы Раушан Бақытоваға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаевтың алғысхаттары да табысталды.
Өз кезегінде «Орда жұлдызы» газетінің директор-редакторы Ұлпан Әнуарқызы ыстық лебіз, жылы сөздер үшін ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар тілшілік қызметтің әлі де бағалануы төмен екендігін мәлімдеп, алдағы уақытта кемшіліктер жойылып, бірігіп қызмет ете берейік деді.

Раушан Бақытова,

Бөкей ордасы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале