17.11.2022, 17:30
Оқылды: 85

Ұрпақ тәрбиесі ойландырады

Бала – қоғамның ең жас мүшесі. Балиғат жасына дейін балалар қатарына жатса, 14 жасқа дейін жасөспірім кезеңінен өтіп, 14-інде жастық кезеңге қадам басады. Ал оның қанатының ерте жетіліп, өзі еркін қалықтауы үшін ата-ананың тәрбиесі мен білімнің маңызы зор екені анық. Қоғамға зер салар болсақ, ХХІ ғасырдағы кейбір жас өрендер психологиясында өзгеріс бары аңғарылады. Көгілдір экран, әлеуметтік желілер арқылы жарияланатын түрлі жағымсыз хабар, көз алдымыздағы баланың жөнсіз іс-әрекеті көкейге «Қай жерде ағат кеттім?» деген заңды сауал ұялатады. Осы мақсатта және бала психологиясы хақында хабардар болу үшін Казталов мектеп-лицейінің психологі Айнұр Болатқызымен сұхбаттастық.

WhatsApp Image 2022-11-17 at 16.19.55
– Айнұр Болатқызы, әңгімемізге тұздық ретінде «Заманына сай адамы» деген тәмсілді алайық. Осы ғасырдың жас буыны психологиясына қандай баға бересіз?
– Сауалға жауап берместен бұрын жалпы жас ерекшелігі психологиясы ұғымына тоқталсақ. Жас ерекшелігі психологиясы педагогикалық психологиямен тығыз байланысты. Педагогикалық психология пәні – оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылығын зерттеу. Педагогикалық және даму психологиясының зерттелу объектісі – бала, жеткіншек, жасөспірім. Бұлар жас ерекшелігіне сай даму динамикасы тұрғысында зерттелсе, даму психологиясының зерттеу объектісі, ал егер педагогтің мақсатты ықпалдары қарастырылса, педагогикалық психологияның объектісі болып табылады. Біз даму психологиясының бөлімдері ретінде мектепке дейінгі балалар, төменгі сынып оқушыларын, жеткіншектер, жасөспірімдер психологиясын, ал педагогикалық психологияның бөлімдеріне оқыту, тәрбиелеу, мұғалімдер психологиясын жатқызамыз. Сіздің сауалыңызды осы екі психология арқылы зерделей аламыз.
Жалпы, ХХІ ғасырдағы адамзатқа жаңа заманауи технологиялардың тигізіп отырған әсері мол. Оның ішінде бала психологиясына, дамуына оң және теріс әсері тең дәрежеде байқалады. Бала бойына ұлттық тәрбиені сіңірудің орнына өзіміз бала психологиясын технологиямен шектеп жатамыз. Мәселен, мойны енді ғана қатып, оң-солын ажыратпаған сәбиді жұбату үшін телефонға телміртіп қоямыз. Жастан асқаннан кейін де бұл үрдіс қалыпты жағдайға айналып, балада телефонға тәуелділік қалыптаса бастайды. Ол бала ақыл-ойының дамуына, көзқарасына кері әсер етуі ықтимал. Осы тұста біз, керісінше, баланы әлдимен жұбатып, ертегімен ұйықтатар болсақ, даму процесі үдеп, бала рухани азық ала бастайды. Ал ұлттық тәрбиенің нәтижесін күні бүгінге дейін көріп келе жатырмыз. Қазіргі замандағы бала психологиясында құбылмалылық бар деп айтар едім. Өйткені кешегі мен ертеңгі күннің жалғасы – бүгінгі ұрпақ десек, олардың өткеннің өнегесін келешекке жеткізуде қай үрдіске бет бұратыны да қоғам талқысында. Себебі психологиялық тұрғыда емес, педагогикалық тұрғыда алып қарар болсақ, қазақтың қара өлеңінің майын тамызып, күмбірлеген күйін, дәстүрлі өнерін дәріптеп жүрген ұрпақ қатары сиреп барады.
– Иә, оныңыз орынды. «Сүт бетіндегі қаспақ» қатары сиреп бара жатыр дейсіз ғой... Хош. Бала психологиясы заманауи технологияға тәуелді болып бара жатыр дедіңіз. Демек, баланың жұбанышына айналған әлеуметтік желінің, ғаламтордың ықпалы отбасы институты тәрбиесінен асып бара жатыр ма?
– Дәл солай. Сізге ғалымдардың кейінгі жылдары жасаған тұжырымын айтайын. Жастардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын қадағалайтын халықаралық ұйым өкілдерінің есептеуінше, 16-24 жас аралығындағы жастардың 91 пайызы әлеуметтік желіні пайдаланады екен. Сөйтіп, олар «Әлеуметтік желілер темекі мен алкогольге қарағанда едәуір қауіпті болып келеді. Соңғы 25 жылдың ішінде жастар арасындағы депрессия мен психологиялық күйзеліс 70 пайызға артқан. Әлеуметтік желілер – қобалжу, күйзеліс, ұйқының бұзылуына алып келетін ең негізгі фактордың бірі» деген тұжырымға келеді. Бұл – жастарға жүргізілген зерттеу нәтижесі. Ал осы тұста балаларымызда психологиялық күйзеліс, ұйқының бұзылуы байқалмайды деп ойлайсыз ба?! Балаңыз жыласа, телефоныңызды беріп, жұбатуға тырысасыз, оның әрі қарай қандай мультсериал қарап, қандай бейнежазба көріп отырғанымен, естияр болса, қандай ақпаратты оқып отырғанымен хабарыңыз жоқ. Бастысы, бала жұбанды, шаруамды реттеп алайын дейсіз. Балаңыз YouTube, Instagram, Facebook, TikTok, VK сынды әлеуметтік желілер арқылы тәрбие алып жатқанынан бейхабар боласыз. Соның салдарынан біз күні кеше қоғамның қызу талқысына түскен құбыжық кейпіндегі қуыршақтар данасын арттырдық. Өйткені бала психологиясы көзі көрген дүниеге тез үйреніп, көз алдындағы кейіпкерінің әрекеті дағдыға айналады. Содан соң баланың кумирі пайда болады. Ол – әлгі мультсериалдағы құбыжық. Міне, психология. Әлеуметтік желі ересектерге арналған. Егер балаңыз смартфонды жиі ұстайтын болса, балаларға арналған бағдарламаларды жүктегеніңіз абзал. Мәселен, «QAZAQSTAN» ұлттық арнасының қосымшасын жазып алып, балаңызға сол қосымшадағы «БАЛАПАН» телеарнасына кіруді үйретіп, бірнеше мәрте көрсетсеңіз, балаңыз да соған дағдыланады. Есесіне қазақ тілді контентті қолдауға үлес қосасыз және балаңыздың ұлттық тәрбие алуына мүмкіндік туғызасыз. Дегенмен бұл баланы смартфонмен тәрбиелей беру керек деген сөз емес. Мұны әлеуметтік желінің балаға кері әсері болатынын ескертіп айтып отырмын. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейміз ғой. Бүгінгі қоғамда осы тәмсілдің ықпалы зор. Әлеуметтік желідегі балалардың рөлін биыл 3 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы реттейді деген сенімдемін. Бұл заңда балалардың құқығы ерекше сипатталған.
Түсінікті. Сіздің жауабыңыздан әлеуметтік желінің балалар әлеміндегі рөліне зер салып, ой түйдік. Тағы бір сауалымыз мектеп оқушыларына қатысты болып отыр. Мектеп қабырғасында білім алып жатқан буынның әлеуметтік желі тілін тез меңгеріп, сымсыз интернет арқылы түрлі ойын ойнайтыны белгілі. Тіпті бала сабақтан гөрі ойынға көбірек елеңдей ме дейміз. Қала берді білім беру бағдарламаларында оқу үлгерімі жоғары және төмен оқушылармен жұмыстану бағдарламасы бар. Осы айтылған деректер баланың сапалы білім алуы мен өзін-өзі дамытуына кедергі келтірмей ме?!
– Уақыт бір орында тұрақтап қалмайды. «Заманың түлкі болса, тазы болып шалдың» кейпін киеміз. Уақыт талабы қандай болса, адамзат психологиясы да соған дағдыланбақ. Біздің сұхбатымызға арқау болған тақырып төңірегінде балалар психологиясына кері әсер ететін дүниелерді тізбектеуге болады. Олар – смартфондар, адамды азғындыққа баулитын экшн ойындар, ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуі, қоғамның үйреншікті көзқарасы. Иә, мектеп оқушыларының үзілісте және мектептен тыс уақытта смартфонға телміріп, ойын ойнайтыны жасырын емес. Жалпы, психологияда мұны «құмарлық» деп алуға болады. Мәселен, бала ойын ойнау арқылы жеңуге ұмтылады, сәйкесінше, келесі кезеңдерді де жеңуге құмартады. Құмарлық тәуелділікке, тәуелділік теріс психологияның қалыптасуына әсер етеді. Смартфонды белгілі бір уақыт мөлшерінде мақсатты түрде пайдаланса, құба-құп. Негізінен, жас ерекшелігі психологиясы психологияның басқа да салаларымен (еңбек психологиясы, әлеуметтік психология және т.б.) тығыз байланысты. Тек психология ғана емес, сондай-ақ жас ерекшелігі физиологиясымен, гигиенасымен, анатомиясымен және т.б. байланысты. Осыдан жағымсыз кейіпкері бар бейнежазбалар, қоғамды үрейлендіретін ақпараттар, экшн ойындар бала психологиясын ғана емес, физиологиялық дамуын, әлеуметтік қалыптасуын тежейді деген тұжырым шығаруға болады.
Енді мектептегі білім беру бағдарламаларына тоқталсақ. Қазіргі таңда білім ордалары өзіңіз айтқандай, оқу үлгерімі жоғары және төмен оқушылармен екі бағытта жұмыстанады. Сәйкесінше, бірінің екінші бағдарламаға қарағанда өзгешелігі бар. Бірақ бұл балаға кері әсер етеді дегенге келіспеймін. Өйткені қос бағдарлама да оқушы деңгейін тиісінше арттыруға, сауаттылыққа баулиды. Бүгінде мектептерде «ата-ана – мұғалім – оқушы» деп тізбектелетін үштік одақ жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. Баланың оқу үлгерімі төмендігіне тек мұғалімді кінәлауға немесе білім беру бағдарламасына жауапкершілік артуға болмайды. Осы тұста алдымен отбасы институтын, ұлттық тәрбиені, отбасы тәрбиесін нығайтуымыз керек. Жас ерекшелігі психологиясын зерттеуге үлес қосқан ғалымның бірі Василий Сухомлинский өз еңбектерінде «Мектеп – отбасы тәрбиесі» ұғымын көбірек қолданады. Оның пікірінше, тәрбиені мектептегі немесе отбасындағы деп қарастыруға болмайды, өйткені бала тұлғасы біртұтас және оны қалыптастыру процесі де біртұтас сипат алады. Міне, осындай біртұтас тәрбие процесінде мектеп жетекші рөл атқарады. Василий Сухомлинский тәрбиені отбасы жағдайын зерттеуден бастайды. Ол баланың сабақ үлгерімінің жақсаруымен қоса, денсаулығының мықты болуына, ой-өрісінің кеңеюіне көңіл бөлді және балалардың 3-4-сыныптарға дейін бірқалыпты, тәртіпті болып келіп, 4-сыныптан кейін өзгере бастайтынын түсіндірді. Ересек кезеңнің бала тәрбиелеудегі ең қиын кезең екенін айта келіп, ата-аналарды балалармен сырласуға шақырды. Міне, дәлелденген тәжірибе. Ата-ана отбасында баламен көбірек сөйлесіп, сырласып, бағыт-бағдар беруі керек. Талды еккен кезде оның технологиясына мән береміз ғой, егер дұрыс технологияны қолдансақ, тал түзу өсіп, мәуелі терекке айналады. Бала тәрбиесі де осы сынды, кішкентайынан қалай баптасақ, соған дағдыланады. Көптеген ғалымның зерттеуінше, адам өзіне көңіл бөлмегендіктен, белсенділіктің төмен екенін айтады. Балалар мен жасөспірімдер өзіне мүлдем қажетсіз жарнамаларды, ақпараттарды көру арқылы небір зиянды әрекетке барады. Осының барлығы жасөспірім кезеңінде дұрыс ойлап, дұрыс дамуына әсер етіп, керісінше, агрессия тудырады, тіпті кей жағдайда әлеуметтік желі қорқынышты психологиялық ауытқуға әкеліп соғады.
– Қазақ әдебиетінің біртуар азаматының бірі Жүсіпбек Аймауытовтың «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» деген халық арасында кең тараған нақылы бар. Драматург тағы бір сөзінде «Бала әдетті жасынан тамызықтап жинайды» дейді. Қазақтың көрнекті жазушысының осы сөздерімен келісесіз бе?
– Әрине. Жалпы, әдебиеттің адам өмірінде алар орны ерекше. Оның психологияға да қатысы бар. Жүсіпбек Аймауытовтың пікірі өте орынды, тауып айтылған. Шын мәнінде, бала айтқанды емес, көргенді үйренеді, тез қабылдайды. Өйткені тумысынан ақпаратты көру арқылы қабылдап үйренген. Өмірге келген сәтінен бастап әкесін, анасын, отбасы мүшелерін таниды. Көру арқылы. Байқасаңыз, үйдегі ортада қалыптасып қалған бала өзге жерге барғанда кісі жатырқайтыны сол адамды танымағаннан болады. Танымаған соң ол кісі жақыныңыз болса да, бала оны қабылдай алмағасын жылайды, яғни жатырқайды. Халқымызда «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз бар. Біз жұмысты сылтаурата бермей, бала тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Әке мен ананың орны бала үшін бөлек. Тым болмаса бір мезгіл ұзақ уақыт балаңызбен бірге болып, әлдиін айтып, пайдалы кітаптар, ертегілер оқысаңыз, бала ол ақпаратты қабылдайды. Кейін кәдеге жаратады. Өйткені бала психологиясы тумысынан бұған бейімделген. Хақ Тағаланың жаратылысы солай. Ес білген шағында әке мен шеше, туғандарыңыздың іс-әрекеті, сөйлеген сөзі қандай болса, бала соны тез қабылдап алады. Өзіңіз таңданасыз. Сондықтан ата-ана бала кішкентай ғой демей, өзінің әрекетіне, мінез-құлқына бекем болуы керек.
Әңгімемізді түйіндесек. Ата-аналарға, балалар мен жасөспірімдерге маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
– Сұхбат барысында көптеген дүние айтылды. Мен қоғамды отбасы институтының іргесін берік қылуға шақырамын. Ол институттан бала сәби кезінен бастап білім алады. Баланың әлеуметтік желідегі рөлін азайтқан жөн. Бала тәрбиесінде баламен бірге көбірек уақыт өткізгеніңіз абзал. Қолыңыз қалт еткенде баламен сұхбаттасыңыз, еңбекке баулыңыз. Біз алдымен өз әрекетімізге есеп беріп, кейін баланы тәрбиелеуіміз керек. Ал балалар мен жасөспірімдер зиянды дүниеге әуес болмай, көп уақытын ата-анасымен, сабақ оқумен, үй шаруасымен айналысуға жұмсағаны дұрыс. Қала берді көптеген мотивациялық, көркем шығармаға толы кітаптарды оқып, зейінін арттырса, білімді, сауатты ұрпақ қалыптасар еді. Тек отбасы мүшелері ғана емес, жалпы қоғам бала тәрбиесіне алаңдаушылық білдіруге тиіс.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбатты жүргізген Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале