Казталов ауданында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының сайлау алды бағдарламасы жасақталып, бағдарлама кестеге сай әр жылы жүзеге асуда. Соның ішінде елді мекендерге ауыз су, жол тарту, мектеп, тұрғын үй салу, көгілдір отын өткізу жобалары атқарылып жатыр. Аудан бойынша 48 елді мекен болса, соның 32-сі көгілдір отынмен қамтылған. Биыл қалған 16 кіші елді мекенге 4 бағытта газ тарту жұмыстары басталды.
Республика күні қарсаңында Жаңажол ауылдық округінің Әбіш, Көктерек ауылдық округіне қарасты Еламан, Саралжын (Киров) елді мекендеріне газ құбыры тартылып, алау жағылды.
Бірлігі жарасқан Әбіш ауылының тұрғындары көмір, қи жағып, күл шығару бейнетінен құтылды. Көкілдір отынның игілігін көріп жатқан ауылдағы сыйлы Амангелді Әмірешовтың шаңырағы. Аудан әкімі Рүстем Зұлқашевпен бірге көгілдір отын алауын жағу құрметіне ие болған Амангелді ақсақал көгілдір отын тарту жұмыстарына қатысқан барлық азаматтарға аталық алғысын жаудырды.
Көктеректің Еламан ауылында 9 үй болса, бәрі көгілдір отын жүйесіне қосылған. Еламандық Ұзақбай Қожантаевтың да шаңырағына газ өтіп қуануда.
- Біздің ауылға газ келеді дегенге бұрын сенбейтінбіз. Енді міне игілігін көрудеміз. Президентіміздің дұрыс саясатының арқасында, облыс, ауданды басқарып отырған азаматтардың жоспарлы жұмыстарының нәтижесінде осындай жұмыс сәтімен аяқталды. Газ өткізу жұмыстарын сапалы атқарған мердігерлерге де алғысымыз шексіз! - деді Ұзақбай ағамыз.
Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжында да мереке қарсаңығда алау жағылды. Саралжын ауылындағы 56 үйдің 48-не газ желісі кіргізіліп, ауыл халқы көгілдір отынның игілігін көруде.
Аталмыш үш ауылдағы газ қосу салтанаттарына қатысқан Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев елді мекен тұрғындарын құттықтап, газ желісін тартқан «ӘлияСервис» ЖШС мен ішкі жұмыстарды жасаған «ГазГид» ЖШС өкілдеріне алғыс білдірді.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы