«Ауыл аманаты» бағдарламасы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игі жоба. Оның мақсаты да ауылдың экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Біздің ауданда да жобаның орындалу барысы қарқынды жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басты жемісі — халыққа берілетін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие. Бүгінгі мақаламызға да аталған жоба арқау болмақ. Себебі, жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, кәсіп бастағандардың қарасы көп. Бірі мал мен құс шаруашылығын қолға алса, бірі балалар ойын алаңын салып, енді бірі шағын бизнес ашып, кондитерлік өнімдерін сатуды бастап та кетті.

Туған жерін түлету мақсатында кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, өз тірлігін тіктеп жүрген жандардың бірі - қызылобалық Ізтаевтар жанұясы. Кәсіп иесі Артур кеден ісінің маманы болғанымен, жеке кәсіпке бұрыннан бет бұрған азамат. Ал жұбайы Жадыраның қос жоғары білімі (мұғалім мен есеп және аудит) бола тұра, отбасылық істерін кеңейту үшін ұстаздық қызметінен бас тартқан. Көпбалалы отбасынан шыққан ерлі-зайыптылардың да төрт перзенті бар. Үлкені студент болса, кенжесі балабақша жасында. Жұмысшылары бола тұра кәсіптің басы-қасында жүретін берекелі шаңырақ иелері жас та болса тіршіліктің қазанын қайнатып, ел алғысына бөленіп жүр. Бала тәрбиесін де тасада қалдырмай, жеке кәсіпте де жетістікке жетуде.

- Ауыл тұрғындарының сұранысына орай алғашқы кәсібімізді 2022 жылы Қызылоба ауылының шығаберісінде газ құю бекетін ашудан бастадық. Себебі ауыл халқы көліктеріне газ құйдыру үшін табан тоздырып, Жаңақалаға немесе Ақжайық ауданындағы жанармай бекеттеріне баратын. Қасына азық-түлік дүкенін қоса салдық. Нарықтық заманда бәсекеге қабілетті болу маңызды рөл ойнайды. Отбасымызбен ойлана келе, бір жарым жылдан кейін былтыр мамыр айында заман ағымына сай фастфуд саласында жобамызды жүзеге асырып, "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша 5 жылға 2,5 пайызбен несие алдық. Ол қаражатқа өздеріңіз көріп отырған шағын контейнерді алып, ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, фастфуд өнімдерін даярлауға қажетті жабдықтармен, жиһаздармен қамтамасыз еттік. Тұрғындардың талғамы жоғары болғандықтан, жаңа кәсіпті игере бастадық. Орал қаласында орналасқан фастфуд орталықтарының білікті мамандарымен тәжірибе алмастық. Бүгінгі таңда 4 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырмыз. Тұрақты тұтынушыларымыз жетерлік, көрші ауылдардан келіп алады. Жолдың бойында орналасқандықтан, жолаушылар да ат басын бұрып, тамақтанып кетеді. 1 күнде орташа есеппен елудей, жаз айларында екі жүз шақты адамның тапсырысын қабылдаймыз. Ауыл ішіне жеткізу қызметі қарастырылған. Азық-түлік құны көтерілгенімен, біздің мәзірдегі баға өзгерген жоқ.
Кәсіппен айналысуға ниетті кез келген азаматқа мемлекет тарапынан қолдау өте көп. Тек ынта мен еңбек керек. "Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің" демекші, мүмкіндік мол заманда тәуекелге бел буып, нақты қадам жасаған жөн деп ойлаймын, - дейді отанасы Жадыра Құсайынқызы.
Иә, келушінің көптігіне біз де куә болдық. Өздерінің фирмалық тұздығымен дайындалған дөнерінен дәм татып, таңдай қағыстық.
Газ құю бекеті 24 сағат халыққа үздіксіз қызмет көрсетсе, демалыс орнының жұмыс қарқыны түс ауа қызып, түнгі 23:00-ге дейін, жаз мезгілінде 01:00-ге дейін ашық тұрады. Кәсіп иелерінің алдағы жоспары - газ құю бекетін одан әрі кеңейтіп, бизнестерін дөңгелету.
Үш кәсіптің басын біріктіріп отырған еңбекқор отбасының бастамасы мұнымен шектелмейді. Өткен жылы "Tandyr doner" демалыс орнының ашылуына орай тұтынушылар арасында ұтыс ойынын ұйымдастырып, бағалы сыйлықтармен қарық қылды. Қайырымдылықтан да қалыс қалмай, мұқтаж жандардан көмектерін аямауда.

- Қазір қалтаңда қаржың болса, қалағаныңа қол жеткізе аласың ғой. Жадыраның қолынан шыққан дәмі тіл үйіретін дөнерін бала-шағаммен жиі алып тұрамыз. Былтыр ыстық тағамға да тапсырыс беріп жүрдік. Кәсіп иелері де, жұмысшылары да тұтынушыны жылы шыраймен қарсы алып, тапсырысымызды дереу дайындап береді. Қызмет көрсету сапасы жоғары, бағасы да қалтаға жеңіл. Жолаушыларға қолайлы демалыс орны деп ойлаймын. Артур мен Жадыраның отбасылық кәсіптері алға қарай адымдап, тек табысқа кенелтсін, - деп тілегін жолдады пятимарлық Гүлайым Есқалиева. Бұл риза болған жандардың біреуінің пікірі ғана. Барлығын тізіп жазсақ, газет бетіне сыймас та еді.

Кәсіптерінің қарқыны алға өрлеп, одан дәулет пен бақ-береке тапқан жарасымды жанұяның әр істеріне біз де сәттілік тілеп, жолға шықтық. Ал адал еңбекпен нәпақа айырам дегендерге ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы үлкен мүмкіндік, әрі алғашқы баспалдақ іспеттес.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы