20.12.2021, 12:40
Оқылды: 75

Үш отбасына газ кіргізіп берді

Бұлдырты ауылынан түлеген азамат, бүгінгінің  атымтайы, Нұр-Сұлтан қаласында жанар-жағармай тасымалдау кәсібі бар Ильяс Төребаев жуырда 1 млн теңгеге  ауылының көп балалы, аз қамтылған үш отбасына газ кіргізіп берді. Мердігер «БатысРемСтройСервис» ЖШС директоры Армат Төлегенов те жеңілдік жасап, әр үйге 330 мың теңгеден алды.

14

Ильяс Төребаевтың әкесі Дүйсенбай саналы ғұмырын Бұлдырты ауылына  арнап,  ұзақ жылдар бойы  ГЭС-те қызмет атқарды. Анасы Райса ұстаздық қылып, шәкірт тәрбиелеген жан, бүгінде ұрпақ қызығын көруде. Жары Шолпан екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

Ауылға келген сапарында Ильяс ауыл әкімі болған Ерлан Мақашевпен  кездесіп, мердігермен жолығып, үш үйге көгілдір тартып беретінін айтты. Уәдесінде тұрып, үш отбасын бірдей қуанышқа кенелтті. Кіндік қаны тамып, әкесі мен анасы еңбек еткен елге пайдасын тигізуді ойлаған Ильясқа ауылдастары дән риза.

Сәния Ғаниева, Бұлдырты ауылының тұрғыны:

– Жақсылық жасау – адамның ойына, ниетіне, іс-әрекетіне, адамгершілік қасиетіне байланысты. Мұндай жомарттық кез келгеннің қолынан келе бермейді. Үйімізге көгілір отын кіргізіп берген Ильяс Дүйсенбайұлына алғысымыз шексіз. Кішкентай балаларымыз бар, жылы үйде шауып, ойнап жүретін болды. Ильястай жүрегі мейірімге толы азаматтар қатары көбейіп, әлі де газ кіргізуге мүмкіндігі болмай отырған отбасыларына қол ұшын беріп, олар да біз секілді қуанатын күнге жетсе екен деймін.

Шынар Молданиязова, 

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале