13.02.2020, 18:11
Оқылды: 131

Үштөбеде құнан бәйге мен аударыспақтан аудандық турнир өтті

«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланар» дейтін қазақ бәйге аттарын жаратуға ежелден ерекше мән берген. Нағыз атбегілеріміз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын қылқұйрықты көзбен айырған көрінеді. Атадан балаға мирас болып қалған осынау танымдық дәстүрді жалғастырушылар Ақжайық ауданында да жоқ емес.

aqjaiyq (2)

Мәселен, Жамбыл ауылдық округіне қарасты Үштөбе ауылының бәйге десе ішер асын жерге қоятын тұрғындары  ат спортына айтарлықтай үлес қосып жүр. Әрі кейбір ауыл азаматтары ауылішілік, ауданаралық тай, құнан жарыстарын ұйымдастырып, балғындарды да атбегілікке баулуда. Күні кеше

Үштөбеде Жайық, Көнеккеткен, Жамбыл, Чапаев ауылдары шабандоздары мен «Құлагер» ат спорты кешені арасында құнан бәйге мен аударыспақтан аудандық турнир өткізілді. Аталмыш жарыс құнан бәйгемен басталды. Ауыздықтарымен алысқан сәйгүліктер 11 шақырым қашықтыққа жіберілді. Бірінші болып бәйге сызығын жайықтық Қуаныш Сағадиевтің жүйрігі кессе, осы ауылдың тағы бір шабандозы Руслан Молдағалиевтің сәйгүлігі мәреге екінші болып жетті. Ал үшінші орынға «Құлагер» спорт кешенінен Нұралы Кенжемұраттың тұлпары ие болды.

aqjaiyq (1)

Білек пен тақымның күші, аттың бабы сыналатын аударыспақ ойынында 70 келі салмақта  үштөбелік Бағдар Мақсотов жеңімпаз атанса, 70 келіден жоғары салмақта «Құлагер» ат спорты кешенінің палуаны Қайнар Қосмағұловқа тең келер ешкім болмады. Айта кетелік, ұлттық спорттың жанашыры, аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев 5 ер-тоқымды үштөбелік жас шабандоздарға сыйға тартты.

Әсем Есбек

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале