Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, жерлесіміз Мәлік Берді Әлінің өлең өлкесіндегі жарқын жетістіктері көп. «Қос ғасырдағы бір ғұмыр» «Айналайын», «Жүрек сөзі» деп аталатын жыр жинақтары жарық көрген. Ұстаздық жолында шәкірттерді біліммен сусындата жүріп жазған өмірдің шындығын бейнелейтін отты өлеңдері басылым беттерінен көптеп жарық көрген. Жергілікті сазгерлердің әуендерімен үйлесім тапқан өлеңдері ән болып сахнада қалықтап жүр. Өнер иесінің 60 жасына орай өткен аптада Жұбан орталығында «Өмірі өлеңмен өрілген» атты поэззия кеші өтті.
– Мәлік Тұрсынұлына өлеңдерін жазуға туған жер, атажұрты қуат бергендей, ол сарылып емес, сағынып жазатын ақын екенін білеміз. Ұстаздық жолында да өз биігінен көріне білді. Ауданның, елдің дамуына өз үлесін қосты. Алдағы уақытта да өндіре жазып, өлкемізді өнерімен тамсандыра берсін демекпін, –деді шараның басында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов.
Кештің жүргізушісі ақын Сағынтай Бисенғалиев М.Берді Әлінің шығармашылығына тоқталып өтті;
– Мәліктің отты жырларына, шығармашылығына қазақ тілінің жанашыры, арамыздан ерте кеткен профессор Серіққали Шарабасовтан артық баға бере алмаспыз. Ол Мәліктің алғашқы кітабына жазған алғы сөзінде: «Мәлік ақын – менің шәкіртім, оның өлеңдерімен көптен таныспын, көп өлеңдері шабыттан туған серт пен тармақ-міндеттерге толы. Сонымен қатар оның балалар әдебиетіне де қалам тербегенін «Бал бөбекке байғазы» бөлімінен көруге болады», – дейді.
Педагогтық еңбегінің басым бөлігін арнаған Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушыларының ұстазының мерейжасында сахна төрінен оның үздік туындыларын нақышына келтіре оқығанын да айта кету керек. Кеш иесінің сөзіне жазылған, көпке танымал «Арайлы астана» әнін ән авторы, белгілі сазгер Рахым Жанайсов орындады.
Жүрекжарды лебіздерін арнай келген еңбек ардагерлері Дәулетжан Әбдірахманов, Тілес Жазықбай, Бақтығали Қоспаев, Жігербай Қажығалиевтер ақынның өлеңдері өміршең екенін, айтып, деніне саулық тіледі. Кеш кейіпкері өнеге тұтқан ұстаздар Зылиха Аронқызы, Шәмшия Имаққызы, Әлия Елдесқызы және бірге қызмет атқарған Абай атындағы мектеп-гимназияның директоры Светлана Қошанқызы да кеште ақтарылған ақжарма тілектерді үстей түсті.
Мәлік Берді Әлінің сөзіне жазылған сазгер Құбайдолла Хибашевтің «Ақжайық өлкем» әнінің аудан гимніне айналғалы қашан?! Осы әнді кеш соңында жас әншілер орындап, жиналғандардың ризашылығына бөленді. Әнге де, авторларына да тік тұрып, қошеметтеп, құрмет көрсетті
Әсет Орынғали,
Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz