Шыңғырлау ауданының ішкі саясат бөлімі мен «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік аула - 2023» байқауы қорытындыланды.
«Үздік аула» байқауы - аудан, ауыл тұрғындарын тазалыққа шақыратын, туған өлкені жасыл желекке айналдырып, табиғатты аялауға және экологияның жақсаруына өз үлесін қосатын әлеуметтік маңызы бар ерекше жоба.
Бағамдап қарасақ, соңғы жылдары ауылдарда абаттандырылған аулалардың қатары көбейген.
Бұл әрине жыл сайын өткізіліп келе жатқан осындай игі шаралардың нәтижесі.
Мұндай байқаулар ауылдың тыныс-тіршілігін нығайтуға, санитарлық тазалығын жақсартуға үлкен септігін тигізеді. Өйткені әрбір тұрғын тұрғылықты жерін, көшесін таза ұстаса, ауыл гүлденіп, көркейе түспек.
Биылғы байқауға Ақбұлақ ауылдық округінен Исламбековтар және Имашев отбасылары қатысты. Байқау нәтижесінде екі отбасы да жүлделі екі орынды иеленіп, ақшалай сыйлыққа ие болды (20000 теңге). Ақбұлақ ауылдық округі әкімі Светлана Ешматқызы екі отбасын жеңістерімен құттықтап, диплом мен ақшалай сыйлықтарын табыстады.
- Ауылымыздың көркеюі мен таза болуы сіздердей жандардың тынымсыз еңбегінің арқасы. Туған жерді жасыл желекке айналдыру бағытында қызмет ететін өздеріңіздей жанашыр және белсенді азаматтар қатары арта берсін,- деді ауыл әкімі Светлана Ешматқызы.
Назым Айқын,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz