14.05.2025, 16:00
Оқылды: 161

Үздік кондитер – Ұялылық Гүлсезім

Аналар күніне орай аудандық «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және аудандық ішкі саясат бөлімі мен Бөкей ордасы колледжінің  қолдауымен әуесқой   кондитерлер арасында «Үздік кондитер-2025» атты байқау өтіп, оған  Сайқын, Бисен және Ұялы  ауылдарынан төрт  кондитер қатысты. Бұл сайыс тек шеберлік байқауы ғана емес, жүрекпен жасалған  шын өнердің мерекесіне айналды. Кондитерлердің әр туындысы – шабыт пен махаббаттың, төзім мен талғамның жемісі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

image-13-05-25-07-39-7

Шараның ашылуына арнайы қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев  аталмыш шараның маңыздылығын тоқталып өтті.

– «Кондитерлік өнер – бұл тек тағам әзірлеу ғана емес, бұл – эстетика, талғам және еңбектің көрінісі. Мұндай байқаулар осы салаға енді ғана қадам басқан кондитерлердің  дамуына жол ашады, шабыт береді», – деп жиылған қауымды Аналар күнімен құттықтады. Сондай-ақ, «Бөкей ордасы білім саласы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нейля Нарболова да қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тәтті шеберлері сынға түскен сайыс үш кезеңді қамтыды. Алғашқы кезең «Үй тапсырмасы» деп аталды. Бұл сында қатысушылар  үйлерінен торт жасап әкелді. Қазылар алқасы әр тортты мұқият саралап, дәмін көріп, эстетикалық тұрғыдан безендірілуін, т.б талаптар бойынша бағалады.

image-13-05-25-07-39-8

Екінші кезең «Ерекше эклер» деп аталды. Бұл кезеңнің ерекшелігі тек ұйымдастырушылар ұсынған қоспаларды қолдану арқылы эклерді жасап шығарулары керек.  Қатысушылар 60 минуттың ішінде эклердің қамырын дайындап, пісіріп, суытып, кремін қосып, безендіруге тырысты.  «Тез әрі тәтті» атты үшінші кезеңде қатысушылар печенье үгінділерінен 20 минуттың ішінде «Картошка» тәттісін жасады. Шара барысында қатысушылар тек дәм ғана емес, әсемдік пен шығармашылық жағынан да сынға түсті. Әр тәттінің сыртқы келбеті көркемдікпен әрленіп, көпшілікті таңдай қақтырды.

image-13-05-25-07-39-3

Әрбір қатысушы  торттарын  шағын бір өнер туындысы етіп ұсынды.  Сайқындық Баршагүл Есенғалиева  торттың бетін гүлмен әрлесе, Бисендік Әйгерім Баймұқанова қазақтың ұлттық тағамын  мастикамен шеберлікпен безендірді, ұялылық Гүлсезім Талипова ана мен балаларының бейнесін  өз қолымен салса, сайқындық тағы бір қатысушы Орынгүл Маралова да торттың бетін  жүрекшелермен безендіріп, жүрекжарды жазу жазыпты.

image-13-05-25-07-39-2

Үш кезең бойынша да қатысушыларға Бөкей ордасы колледжінің өндірістік оқыту шебері Нұрсұлу Хамидуллина, жеке кәсіпкер әрі кәсіби кондитер Диляра Ғабдуллина, «Нарын шуағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Есмағұловалар төрелік етті.  Қазылар алқасы тек дәм мен сапаға емес, көркемдікке, үйлесім мен тың идеяларға да ерекше назар аударды. Тартысты да қызықты өткен байқауда бас жүлде, яғни, арнайы статуэтка   ұялылық Гүлсезім Талиповаға бұйырды. Бірінші орынды сайқындық Баршагүл Есенғалиева иеленсе,  екінші орын бисендік Әйгерім Баймұқановаға, үшінші орын сайқындық Орынгүл Мараловаға берілді.

image-13-05-25-07-39-6

Айта кетелік, жүлдегердің әрқайсысы ұйымдастырушылардың тарапынан арнайы естелік сыйлықтар мен  30,20,15,10 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Диляра Ғабдуллина да  өз атынан ақшалай сыйлық тарту етті.

 

Нұрай Таубай,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале