Бәйтерек ауданының саз мектебінде Балалар жылын қорытындылау мақсатында осындай атаумен іс-шара өтті. Онда республикалық, халықаралық, облыстық, кәсіби, шығармашылық байқауларда жеңімпаз, жүлдегер болған жас өнерпаздар марапатталды.
Құрылғанына 55 жыл болған аталмыш өнер ұясында қазір 179 оқушы бар. Оларға мұндағы 26 мұғалім домбыра, қобыз, фортепиано, скрипка, аккордеон, кларнет, саксофон сынды аспаптарды ойнауды, дәрстүрлі ән, эстрада, вокал, хореографияны меңгертуде. Аудан орталығы мен Переметныйға жақын маңда тұратын ата-аналар негізінен балаларының домбыра, скрипка және би үйренгенін көбірек қалайды екен.
- Біз өзіміз әр жылға айдар тағып отырамыз. Мәселен, өтіп бара жатқан 2022 жылды қазақтың ұлт аспаптары жылы ретінде белгіледік. Осыған орай өткен облыстық «Жас музыкант» байқауында біздің «Ел мұра» ансамбліміз 3-орын алды. Айта кетейін, «Жас музыкант» байқауы мектептегі ҰБТ секілді біздің жұмысымыздың көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Сол себепті оған қатысатындар көп әрі жоғары дайындықпен келеді. Республикалық «Ұлы дала бұлбұлы» байқауына отыз шақыты шәкіртіміз қатысып, бесеуі бас жүлде, 12-сі 1-орын, он бес шақтысы жүлделі орындар алды. Жалпы облыстық деңгейдегі рейтинг бойынша біз орта тұсындамыз. Ал келер жыл пианино мен хор жылы болмақшы. Мәселен, хордың өзіне 30 шақты бала қатысады. Қазір соған дайындалып жатқан жайымыз бар. 2024 жылды скрипка мен үрмелі аспаптар жылы ретінде атап өтуді жоспарлап отырмыз, - деді аталмыш мектептің директоры Ләззат Қажығалиева.
Іс-шара барысында жас өнерпаздар «Шабыт шыңы», «Талант тұғыры», «Дала дарындары» аталымдарымен марапатталды. Үздіктерге аудандық білім бөлімінің атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz