Ақпан айының ақырған аязынан емес, Қазақстан халқы ақпанның алғашқы күні басталады деген жаппай екпенің екпіні қалай болады деп алаңдағаны рас. Әлсіз болса да бойында аурудың бактериясы бар өзге сұйықтықты өз денесіне енгізуге отандастарымыздың құлшынып тұрмауы да заңды құбылыс. Иә-иә, шалыс оқыған жоқсыз. Вакцина құрамында әлгі аты жаман вирустың әлсіз болса да бір шұнашағы болады екен. Ғалымдардың түсіндіруінше, ол адам ағзасында оған қарсылық білдіретін денелер пайда болуы үшін қолданылады.
"Спутник V" VS Covid-19
Жалпы вакцина ол бактерия, вирус сынды микроорганизмдерден алынып, адам мен жануарлар организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол тірі, өлтірілген, химиялық, анатоксиндер, ассоциацияланған болып ажыратылады. Ал қазақстандықтарға ресейлік Николай Гамалей атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы жасалынған Гам-КОВИД-Вак немесе "Спутник V" вакцинасы егіп бастады. Нақ осы ресейлік "Спутник V" – аденовирус векторына негізделген векторлық вакцина. Оның құрамында коронавирустың өзі болмағанымен, оның қабықшасының ақуызы қосылған.
Бір жағынан қарапайым халықтың үрейін де түсінуге болады. «Спутник V» вакцинасы ол жылдар бойғы сынамадан өткен сәби кезімізден енгізілетін БЦЖ не басқа да аты таныс, көрсеткіштері белгілі вакцина емес. Ол төрімізге жайғасқан вирустан қалайша құтыламын деп жанталасқан ғалымдардың зерттеу үшін тым қысқа мерзімде тапқан препараты. Әрі оны зерттеу және рәсімдеу барысында біраз қарама-қайшылықтар жайында БАҚ құралдарында кеңінен айтылды. Әзірлеушілер зерттеулеріндегі дәлсіздіктер, вакцинаның мерзімінен бұрын тіркелуі және оны алдымен кең көлемді вакцинацияға рұқсат беріп, кейін қатысушыларды қабылдауды кенет тоқтатуы. Мұның бәрі "Спутник V" қауіпсіздігіне алаңдайтын азаматтар арасында екіұдай сезім туғызуда. Осыған қарамастан, Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі екпе алған 100 мыңнан астам адамнан жағымсыз салдары хақында хабар түскен жоқ деуде. Әрі бұл вакцинаны Ресей Федерациясының мемлекеттік тіркеуінен өткізді.
Бүгінгі таңда Гам-КОВИД-Вак деп те аталатын екпе біздің елде де мақұлданып отыр. Өткен жылдың 21 желтоқсанынан бастап бұл ресейлік вакцина біздің Қарағандылық фармацевтикалық кешенде өндіріле бастады. Екпенің отандық шығарылымы қолданысқа 15 ақпан күні енгізіледі деп жоспарлануда. Ал, Ресейден жеткізілген «Спутник V» екпесін егу ақпанның алғашқы күнінен басталып кетті.
Ресейдің тікелей инвестициялар фондының мәліметінше, «Спутник V» вакцинасын тек біздің ел ғана емес, сонымен қатар 50-ге тарта мемлекет алуға мүдделі. Беларусь, Аргентина, Сербия сынды елдер болса, оны нәтижелі пайдалануда екен.
Екпе кімге егіледі?
- Ауданымызда ахуал қалыпты болғанмен, облысымыз ковид дертін жұқтыру көрсеткіші бойынша «қызыл аймаққа» енгені белгілі. Жалпы екпе алдымен қалада, кейін вирус көп тараған аймақтарға, одан соң ғана тыныш аудандарға жөнелтіледі деп ойлаймын, - дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Анарбек Белисанов.
«Мой город» ақпарат агентігінің мәліметінше, екпе алу науқаны қала аумағында басталып кеткен. Алғашқы күні 30 медициналық қызметкер екпе алған. Ал екінші күні 65 ақхалатты коронавирус инфекциясына қарсы екпені алды. Негізі 70 медициналық қызметкер алады деп жоспарлағанмен, бес адамға рұқсат берілмеген. Жалпы 10 ақпанға дейін әр күн сайын 70 адамға екпе жасау ойда бар. Демек, 10 ақпанға дейін денсаулық сыр бермесе, тағы да 210 дәрігер екпе алмақ.
Н.Гамалей атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы басшылығының хабарлауынша, «Спутник V» екпесін жасап шығаруға 1,5 миллиард рубль шамасында жұмсалды. Ал бір екпенің құнын Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі 1942 рубльге бағалады. Төл валютамызға аударғанда ол 11 мың теңге болмақ. Алайда вакциналау елімізде тегін әрі кезең-кезеңмен жүргізіліп басталды. Екпе алдымен қауіптілік тобына жататын дәрігер, медбикелерге енгізіледі. Яғни, бірінші кезекте вакцинамен инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері қамтылады.
Екінші кезеңде орта мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, алғашқылар қаратына енбеген медициналық қызметкерлері егіледі.
Үшінші кезеңде екпе мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтарына, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарға жасалады. Сонымен қатар, халықтың қосымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.
Екпе мәжбүрлі ерікті түрде өткізіледі ме?
Еліміздің денсаулық министрлігі екпе мәжбүрлі ерікті түрде өтеді деген ақпарды жоққа шығарды. Вакцинация ерікті түрде жасалынады және ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес вакцинация егілетін адамның келісімімен ғана жасалынады.
Вакциналаудан бас тартқан адам әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылмайды. Оны осы таңдауы үшін қыспаққа алуы заңсыз саналады екен.
Алайда, аудандық бас дәрігердің айтуынша, екпе алмаған адамның, әсіресе, ақхалаттыларды науқастармен қарым-қатынасын қадағалау қажет болады. Өйткені жұқтыру қаупі жоғары. «Ауруханамызда 29 дәрігер, 117 медициналық қызмет бар. Олардың бірде біреуі екпе алуға қарсылық білдіріп отырған жоқ». Екпе егу кезінде жаппай чиптау жүргізіледі деген ақпар да фейк. Ғаламторды кеңінен таралған екпе жасау үшін төленетін 200 мың теңге қаржы да жалған, - дейді Анарбек Бейбітұлы ҚР Денсаулық министрлігінен келген жауапқа сүйене отырып.
Біз екпе кімге жасалатынын айттық. Кімге екпе жасалынбайды деген сұраққа жауап ізделік. Вакциналау кәмелеттік жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге және жасы 65-тен асқан тұлғаларға жасалынбайды.
Аллергиясы бар адамдар қайтпек?
Вакцинаны салмас бұрын медицина қызметкері егілетін адамды міндетті түрде қарап, тексереді. Қарсы көрсетілім болған жағдайда толық сауыққан соң екпе салынады. Бұрын адамның аллергиясы бар-жоғы анықталады. Егер ауыр аллергиялық сырқаты болса, вакцина салудан бас тартады. Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның ағзасы әртүрлі.
Адамның ағзасы кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастырады, иммундаудан кейін дене қызуы аздап көтеріледі, егілген жер қызарып, ісінуі мүмкін. Екпе салдыртқаннан кейін егілген адам 30 минут ауруханада дәрігердің бақылауында болуы керек. Одан кейін 3 күн бойы медициналық бақылауда болады. Вакцина жасалған әр адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және хабарласа алатын байланыс нөмірлері бар жадынама беріледі.
«Спутник V»-ның қарсы көрсеткіштерін анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көрінісі, вакцинаны енгізу, сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцина нұсқаулығы талап етіледі. Сондықтан қарсы көрсеткіштерін қазір тізіп шығу мүмкін емес.
Бұл вакцина бүгінде екі кезеңде жасалынады. Бұл вакцинадан кейінгі иммунитетті қалыптастырудың шарты. Екінші екпе бірінші екпеден кейін 21 күннен кейін ғана жасалынады.
Екпе алуға мүдделісіз бе?
Облысымызда эпидахуал тұрақсыз. Сол себепті қала мен жекелеген аудандарда карантиндік шаралар күшейтілді. Шүкір, ауданымыз облыс көлемінде ковидке шалдыққандар көрсеткіші бойынша ең төменгі сатыдамыз. Солай-ақ болсын. Санға шаққанда, ауданымызда жыл басынан бұл дертпен 9 адам науқастанған. Оның бірі ауруды симптомсыз өткерсе, 8-інде түрлі белгілері байқалған. Олармен жақын қарым-қатыныста болған 11 адам
бақылауда болған. Коронавирус ошағы деп танылған 4 үйге дезинфекциялық шаралар жүргізілген. Карантин шараларын орындалуын бақылау мақсатында ауданда мониторингтік топтардың жұмысы тоқтамауда. Тек жыл басынан бері 41 рейд жүріп, 71 нысан тексерілген. Карантиндік шектеулерге бей-жай қарап, белгіленген тәртіпті бұзғаны үшін 2 тұлғаға 87510 теңге көлемінде айыппұл салынды. Байқасаңыз індет тоқтап түрған жоқ. Кей жерде қарқыны бәсең болғанымен, кей жерде оның таралу көрсеткішіне шошынасың. Вакцина болса, індеттің жаппай таралуына тосқауыл болуы үшін қажет деп танылуда.
Қарапайым халықтан жүргізген сауалнамадан білгеніміз ауылдастарымыз дертті тек екпе жеңетініне күмән келтірмейді, алайда олар бойына тек толық зерттелген екпені енгізгенді жөн санап отыр. Сауалнама нәтижесінде он адамның жетісі екпені алуға құлықсыз екені анықталды. Олардың айтуынша, ресми мәліметте «Спутник V» екпесінің нәтижелілігі 90 %-дан жоғары болса, әлем ғалымдарының оны зерттеуде кемшін тұстары көп деуі көңілге күдік ұялатуда екен. Көзі қарақты оқырман, сіздің вакцинаға көзқарасыңыз қандай? Екпені егілуге мүдделісіз бе?
Раушан Жанатқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz