17.06.2022, 11:00
Оқылды: 79

Велосипед: спорт, саулық һәм хобби 

Бүгінгі таңда велосипед теуіп көрмеген адам жоқ шығар-ау, сірә!? Ойлап табылғанынан бастап велосипед ең танымал әрі жеңіл үйренетін шағын көлік түрі. Көпшілік ғалымдар оны адамзат тарихындағы ең гениалды өнертабыс ретінде таниды. Өйткені велосипедпен жүру бұл – спорт, хобби һәм емдеу, кейбір аурулардың алдын алу тәсілі ретінде әмбеге аян. Тоқ етері, қай жағынан қарасақ та пайдасы шаш-етектен. Мұны 72 жастағы подстепныйлық Мұса Нұрғалиев та құптап отыр. Себебі, велосипед – бала кезден бергі айнымас серігі. 

IMG-20220616-WA0135

Мұса Орынғалиұлы 1950 жылы Сырым ауданында дүние есігін ашқан. Туған жердің топырағында өсіп-өнді. Мамандығы – экономист.

-Орал шаһарындағы ауыл шаруашылық институтынан алған білімім бойынша әу баста Сырым ауданында жұмыс істедім. Кейін Тайпақ, Жаңақала аудандарындағы қаржы бөлімінде меңгеруші қызметін атқардым. Содан соң қайтадан туған жерімде жұмысымды жалғастырдым. Жалпы қаржы саласында 50 жылға жуық маңдай терімді төккен екенмін. Ал 2014 жылы Подстепный ауылына қоныс аудардық, – дейді кейіпкеріміз.

Подстепный демекші, аталмыш ауылдың тұрғындары бұл кісінің үнемі велосипед теуіп жүретін айтып жүр. Өзі сергек, қимылы ширақ, жүріс-тұрысы тың дейді көргендер. Бұл хақында Мұса Орынғалиұлы не дейді?

-Ауылдың кәдуілгі балалары секілді велосипед тебуді құлап-сүрініп үйрендік. 1963 жылы ең алғашқы еңбек ақыма су жаңа велосипед сатып алдық. Жалпы, велосипед тебудің денсаулыққа көмегі көл-көсір. Өйткені, адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Әр адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адамның көңіл күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп бекерден-бекер айтпаса керек-ті. Біз сықылды үлкен кісілерге велосипед тебуге кеңес берер едім. Көптеген ауру түрлерінің алдын алуға таптырмас көлік. Сондай-ақ велосипед теуіп саф таза ауада жүрсеңіз, тынысыңыз ашылары хақ. Мәселен, өзім таңғы 08:00-де немерелерімді балабақшаға, мектепке осы велосипедпен апарамын. Сосын қайтадан үйге алып келемін. Осы үрдісті қайталай бергендіктен, денсаулыққа шағым жоқ, – деген Мұса аға велосипед тебудің қыр-сырымен бөлісіп, пайдасын тілге тиек қылды.

Адам ұрпағымен көрікті. Бір ұлын ұяға, қос қызын қияға қондырған ағамыз – қазіргі уақытта 3 немере, 4 жиенінің қызығын көріп отырған жан.

 1790 жылы жарыққа шықты

1790 жылы франциялық Де Сурак ойыншық ағаш аттың алдыңғы-артқы аяқтарына дөңгелек орнатып, адамның ағаш атқа мініп, екі аяғымен жерді тіреп жүруіне болатынын білді. Осылайша, дүниедегі тұңғыш велосипед жарыққа шықты.

1831 жылы германиялық Карл Вонделлас барон рөлімен меңгерілетін екі дөңгелекті велосипед жасайды. Ал 1839 жылы шотландиялық темірші Макмилон темірді қолдану арқылы кәдімгі велосипедті жасайды. Оған мінген адам екі аяғымен бір тиекті өткергіш тетікке жалғанған екі ұзын тіреуішті теуіп жүретін болған. 1861 жылы франциялық ат арба жөндеуші Эрнес алдыңғы дөңгелегі үлкен, артқы дөңгелегі кішкентай, екі аяқпен алдыңғы дөңгелекті тікелей айналдыру арқылы жүретін отырмалы велосипедті жасап шықты. 1866 жылы бұл табысын патенттеді.

Джеймс Старли 1886 жылы алдыңғы-артқы дөңгелектерді бір өлшемге келтіріп, педальмен қосып крес формалы қаңқа жасап, шынжыр арқылы педальдің күшін артқы дөңгелекке түсетіндей етіп жалғастырды. Бұл велосипедтің ең соңғы формасы болды. Онда бүгінгі велосипедтің барлық қасиеті бар. Тек дөңгелектің сыртқы қабы каучукпен қапталып, жүргенде шиқылдап, секіріп, қазіргідей жайлы болған жоқ.

Адамдардың мінуге қолайлы көлік болса деген арманы ешқашан толас тапқан емес. Велосипед тапқырланған жүз жылдан артық уақыт ішінде адамдар оған тынбай өзгерістер енгізіп, барған сайын кемелдендіре түсті. 1888 жылы АҚШ-тық мал дәрігері Донлоп баласының велосипед жарысына қатысқанда, ауылдағы қара жол үстінде великтің қатты секіріп, жүруге өте қолайсыз екенін аңғарады. Оның ойында велосипедтің жүрісін қайткенде жайлы етуге болады деген сұрақ туындайды. Донлоптың есіне сиырдың іші кепкенде, асқазанның желдің керуіне төзімділігі әрі оның ішінің өте жұмсақ болатыны түсе кетеді. Сонымен ол дереу жүгіріп бақшаға барып, суаратын түтікшені шеңбер формасында тұйықтап, велосипедтің дөңгелегіне қаптап, оған жел толтырып береді. Осылайша алғашқы дөңгелегіне жел толтырылған велосипед «дүниеге» келді. Бұл әдіс велосипедті жайлы етіп, тез жүруіне мүмкіндік берді. Бұл өнертабыс бүкіл әлемге тарады. Жел толтырылатын балон өмірге келген соң, велосипедке үзіксіз өзгерістер еніп, орындықтың астына серіппе орнатылып, тормоз қойылып жасала бастады. 1890 жылға келгенде велосипедтің құрлымы қазіргі велосипедке ұқсас кейіпке келді.

 Алты кеңес білсеңіз…

Жаздың жайма шуақ күнінде велосипедпен серуендеуге болады. Жақын адамдарымызбен көңіл көтеріп қана қоймай, жаңа жерді көру мүмкіндігі туады. Мұнымен қатар, велосипедтің денсаулығымызға тигізер пайдасы көп.

Біріншіден, велосипед – экологиялық таза әрі қолжетімді транспорт. Екіншіден, денеге физикалық ауыртпалықты аз мөлшерде түсіріп, салауатты өмір салтын ұстануға көмектеседі. Қазіргі таңда көп уақытты кеңседе, компьютердің алдында өткіземіз. Таза ауаға сирек шығамыз. Осының салдарынан бойымызға артық салмақ жиып, әлсірейміз. Көңіл күйіміз түседі. Жаттығу залына баруға уақытымыз немесе ақшамыз жоқ. Алайда уайымдамаңыз. Жаттығу залын велосипедпен алмастыра аласыз. Хош, сонымен…

  1. Велосипед тебу арқылы күйзелістен арыламыз. Өзіңіз ойлап көріңізші, орман ішінде қыдырып, таза ауамен демалып, айналаңыздағы әсем суреттерге көз салу қандай керемет?! Үйдегі майда-шүйде, бітпейтін тірліктерді ұмытып, сергіп қаламыз. Демалыс күндері отбасымызбен бірге шықсақ болады. Ат жалын тартып мінуді білетін әке-шешеміздің оны оңай үйреніп алатыны анық.
  2. Жүрек пен тамырлардың жұмысы реттеледі. Бастапқыда жүрегіңізге аздап күш түсіресіз де, артынша оған оттегінің көмегімен демалуға мүмкіндік бересіз. Жүректің бұлшық еті жаттығып, шыдамдылығыңыз арта түседі. Алайда асыра сілтеп жібермеңіз.
  3. Ағзамыздағы зат алмасу құбылысы жылдам жүреді. Ауа арқылы жұғататын аурулардан сақ боламыз. Өкпеміз ашылады.
  4. Аяқты шынықтырып, артық салмақтан арылуға көмектеседі. Егер жүгіруге қиналсаңыз, оны велосипедпен алмастырыңыз. Аяғыңыздың бұлшық еті қатаяды. Мұнымен қатар, теріңіздегі жаралар жазылады.
  5. Варикозды емдеуге көмектеседі. Сіз велосипедтің «үзеңгісін» айналдырған сайын қатып қалған қандар тарайды.
  6. Көзіңіздің көру қабілетін жақсарта аласыз. Күнделікті компьютерге көп уақыт қарап отыратындықтан, көзіміз тез шаршайды. Алысқа қарау мүмкіндігінен айырыламыз. Ал велосипед тебу барысында алыс аймақты да бақылайтындықтан, көзіміздің бұлшық еті демалады.

Мамандардың айтуынша, велосипед серуендерінің мынадай жағымды жақтары бар. Қала көшелерінде велосипедпен жүру тез әрі ыңғайлы. Көлікпен салыстырғанда велосипедтің тағы да бірнеше артықшылығы бар: парковка, бензин, штраф төлеуге артық ақшаңыз кетпейді.

Велосипедті өзіңіздің басты көлігіңіз ретінде таңдауыңыз, экологияның жақсаруына қосқан үлесіңіз болып саналады. Велосипед қоршаған ортаға мүлдем қауіпті емес.

Келіңіз, бірге үйренейік!

Егер сіз велосипед тебуді енді ғана үйреніп жүрсеңіз, 20-25 минуттан бастаңыз. Күн сайын 10 минут қосып отырыңыз. Айдау барысында буындарыңыздың немесе бұлшық етіңіздің ауырғанын байқасаңыз, шынығуды біраз уақытқа тоқтата тұрыңыз. Ағзаңызға үйренуге мүмкіндік беріп, артынша қайтадан жалғастырыңыз. Велосипедті тамақ іше салысымен айдамауға кеңес береміз. Өзіңізбен бірге минералды су ала шығуды ұмытпаңыз. Велосипед тебуді әдетке айналдырған адам жүрек-қан және диабет, басқа да аурулардан ада болады.

Кішкене бала күнінен дағдыланып, үйреніп кетпесе, өскен сайын велосипед тебуді үйрену қиындай түсуі мүмкін.

Ынтаңыз болса, үш-ақ күнде зулап кетуіңізге болады. Бірінші күні тепе-теңдік сақтап үйренеміз. Бір қолды ашамайға қойып, екінші қолмен рөлді ұстап, велоспиедті түп-түзу жүргізгенше жанында жүреміз.

Екінші күні самокатта жүргендей сырғанатамыз. Велосипедтің сол жағына тұрып, оң аяқты педальға қоямыз. Рөлді екі қолмен қатты ұстаймыз. Жанында сол аяқпен демей жүріп, велосипедті сырғытамыз. Педальдарды табанның алдыңғы бөлігімен басыңыз. Велосипед тепкен кезде қол, мойын, арқаңызды босаңсытып отырыңыз.

Үшінші күні «көлігімізге» отырамыз. Бір аяқпен жол ернеуінде (бордюр) тұрып, екінші аяқты педальға қоямыз. Тепе-теңдік сақтауды үйрендік, енді қорқынышты жеңіп, теуіп кете береміз.

Сәттілік тілеймін! Жолыңыз болсын!

 Самал Жолдығалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале